
– Жәбірленушілер арасында тек тараздық емес, Жамбыл облысының аудандарында тұратын тұрғындар да бар. Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен (бірнеше рет жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта дәлелдемелер жинауға және болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, – делінген өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Заманауи жаңа технология – қылмыстың алдын алады
Иә, қудың қақпанына түскен адам мүлкін алаяқтарға өз еркімен қалай бергенін аңдамай қалады. Қылмыскерлердің бұл санатын өзінің қулығы, тапқырлығынан басқа, жәбірленушіге қатысты ешқандай зорлық-зомбылық танытпауына қарап, ең «әділетті» фигура деуге болар. Әйтсе де, өзгенің дүниесін еш қысымсыз, бопсалаусыз, асқан қулықпен иемденіп алуды көздейтін қылмыс әлемінің элитасы – кибералаяқтар екені рас. Осы себепті, бүгінгі таңда құзырлы органдар кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу – полицейлер үшін күн тәртібінен түспек емес.
Естеріңізде болса, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ал, екі жылдан бері Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа оның ішінде, 2023-2025 жылдарға арналған телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасы іске асырылуда. Киберқылмыстың алдын алу мақсатында әр тоқсан сайын өңір-өңірлерде «Абайлаңыз, алаяқтар!», «Antifraud» және тағы басқа жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Айта кетейік, суық қарусыз жасалынатын мұндай қауіпті қылмыстардың жолын кесуге қазіргі таңда қазақстандық полицияның білімі де, білігі де жетеді. Бастысы, тәртіп сақшылары заманауи жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ақпараттық сараптама жұмысының маңызы зор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында құзырлы орган өкілдеріне әп-сәтте интернет-алаяқтарының құрбанына айналып, сан соғып қалған жұртшылыққа жәрдем беруді жүктегені есімізде. Президент маңызды құжатта: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», – деді. Осыдан соң, Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша міндеттерді тиімді орындау мақсатында ведомствоаралық бағдарламаны жүзеге асыру және алаяқтар мен қаржы пирамидаларымен күресу бойынша жол картасын іске қосты. Оны жүзеге асыру жоспары ұйымдастырушылық және профилактикалық сипаттағы іс-шараларды оның ішінде, мемлекеттік органдар, банк мекемелері, байланыс операторлары және тағы басқа органдармен өзара іс-қимылдарды қамтитынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, жауапты министрлік киберқылмысқа атап айтқанда, телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламаны бекітті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біршама интернет-алаяқтарының жолы кесіліп, көптеген заңсыздықтар әшкереленді.
Телеграм-боттың көмегі көп
Былтырғы жылдың қараша айында іске қосылған «CYBER SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботының көмегімен сол кездің өзінде-ақ 48 хабарламаның 10-ы бұғатталған еді. Сонымен қатар, азаматтарға ыңғайлы болу үшін ботты пайдалану бойынша бейнеролик әзірленіп, QR-код арқылы жылдам қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Жамбыл жерінде интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында іске қосылған жаңа цифрлық құралдың басты мақсаты – интернет-алаяқтық фактілерінің алдын алу және осы саладағы құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдету. Телеграм-боттың функционалы азаматтардан интернет желісіндегі қауіпті сілтемелер, алаяқтардың қолданатын ұялы телефон нөмірлері, әлеуметтік желілер мен маркетплейстердегі жалған хабарландырулар туралы ақпараттарды жеңілдетілген түрде қабылдауға арналған. Нәтижесінде жиналған ақпарат «Кибернадзор» жүйесіне енгізіліп, құқық қорғау органдарына басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауға септігін тигізеді.
Құқықтық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы жалпы алаяқтық бойынша 778 қылмыс тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 711-ге төмендепті. Алайда, интернет алаяқтықтың керісінше өскені байқалады. Мәселен, екі жыл бұрын 180 интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, былтыр 232 қылмыс орын алған. Жалпы, интернет-алаяқтықтың басым бөлігі Тараз қаласында орын алған. Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрлеріне: интернет арқылы сауда жасау мен қызмет көрсетуге байланысты алаяқтық, банк қызметкері ретінде танысып, жеке деректерді иемдену арқылы қылмыс жасау, бөтен адамның атынан онлайн-несие рәсімдеу жағдайлары жатады. Бұдан бөлек, азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу, жалған тауарлар мен қызметтер туралы хабарландырулар беру, банктерден жалған хабарламалар жіберу де кең таралған алаяқтық әдіс.
Алаяқтардың айласы қандай?
Жасыратыны жоқ, күн өткен сайын интернет-алаяқтарының айла-шарғысы да түрлене түсуде. Дәл қазір алаяқтықтың ең көп таралған түрі – «полициядан» немесе «банктен» қоңырау шалу. Қаскөйлер өздерін тәртіп сақшысы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні қорқытуға құмар. Айталық, бұған дейін нақ осы сипаттағы оқиға тіркелген болатын. Алаяқ зейнеткерге телефон соғып, өзін полицеймін деп таныстырған. Немересінің тағдырына алаңдаған қарт әйел алаяқтардың айтқандарының бәрін бұлжытпай орындайды. Алайда, «сәлемдемені» алып кетуге келген курьер зейнеткердің қобалжып тұрғанын байқап, жарты жолда пакетті ашып қараған. Ақшаны көргеннен кейін дереу полиция шақырған. Осылайша, алаяқтардың арам пиғылы іске аспай қалды.
Алаяқтар үшін оңай жолмен пайда табудың тағы бір жолы – қолма-қол ақшаны көбейту. Мысалы, қазақстандық бір азамат дәл осылай бір ай ішінде 100 миллион теңгесінен айырылған. Шетелден әрекет еткен алаяқтар оны «ақшаңды еселеп береміз» деп сендірген. Зардап шегуші де үшінші тұлғалар, мультикасса, басқа шоттар арқылы ақша аударып тұрған. Отыз күннен кейін алданғанын түсініп, полицияға арызданған. Алайда, ақшасын сол күйі қайтара алмады, алаяқтар блокчейн арқылы қаржыны шығарып үлгерген. Сондай-ақ, бүгінде онлайн сауда да алаяқтардың «табыс көзіне» айналып отыр. Тұрғындар көбіне алдын ала төлем жасау арқылы сан соғып қалады. Айта кетейік, «Дауыс беріңіз» деп келетін күмәнді сілтемелер де алаяқтардың айласы болуы әбден мүмкін.
Қаскөйлердің құрығына түспес үшін...
Әлемнің кез келген жерінде отырып-ақ интернет арқылы өз қылмыстарын жасай беретін алаяқтардың құрығына түспес үшін қайтпек керек? Өкінішке қарай, кейбір адамдар әртүрлі сайттарға кіріп, қажетсіз сілтемелерді басып, қаскөйлердің арам ойларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Сондықтан, интернет – алаяқтарына жем болмау үшін олардың түрлері мен әдістерін біліп, сақ жүргеннің зияны жоқ. Атап өтерлік жайт, бұған дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі деңгейдегі мекемеге барғанда азаматтарға ұры-қары мен әлімжеттіктің құрбаны болмас үшін тиісті бағыт-бағдар беретін. Ал, қазір бұл тізімге интернет-алаяқтарының құрығына түспеу жөніндегі кеңесті де қосуға болады. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек:
– Сіздің картаңыздың жай-күйі туралы Сізге хабарлай алатын жалғыз ұйым – қызмет көрсететін банк екенін есте сақтау қажет. Егер сіздің картаңызбен бірдеңе дұрыс емес деген күдік болса, егер сіз оны бұғаттау туралы смс-хабарлама алған болсаңыз, дереу банкке хабарласыңыз.
– смс-хабарламада көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз және хабарлама жібермеңіз, бұл үшін қосымша ақы алынуы мүмкін.
– банк картасы туралы деректерді, бір реттік жасырын сөздерді, смс-кодты айтпаңыз, бұл ақпарат құпия және сіздің картаңызды жеке кабинет арқылы басқарады.
– ақшаны белгісіз шоттарға және телефон нөмірлеріне аудармаңыз.
– хабарландыруды мұқият оқып, оны орналастырған адам туралы ақпаратты қараңыз. Ұқсас тауарлардың орташа құнын қараңыз. Тым төмен құны сізге күдік тудырады. Егер сатушы сатып алынатын тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді электрондық шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға қаншалықты сенуге дайын екеніңізді ойланыңыз.
– өзіңіздің төлқұжат және өзге де дербес деректеріңізбен бөліспеңіз, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен SMS құпия сөздерді, тіпті, егер сізге өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырса да ешкімге хабарламаңыз;
– жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз, әсіресе, кішігірім шрифтпен жазылғанды оқыңыз;
– тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараңыз;
– тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз;
– белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз;
– тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз;
– байланыссыз төлемдер кезінде карта бойынша шығыс лимитін орнатыңыз және мүмкін транзакциялардың мөлшерін шектеңіз;
– өз құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) қолжетімділікті шектеңіз, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеңіз, себебі келешекте зиянкес микрокредиттік қаржы ұйымдарынан микро қарызды рәсімдеуі ықтимал.
Тілші түйіні:
Мұқият мән берсеңіздер, бір елдің өзге елден шекарасы шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару – сүт пісірім уақытқа жетпей-ақ жүзеге асады. Бәрі де қуатты компьютерлік байланыстың арқасы. Киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиядағы аса бақуатты байланыстар. Сондықтан, қазақстандық полиция қызметкерлері өздерінің борышты міндеттерін адал атқаруға бейімделген әрі дағдыланған. Бастысы, құзырлы органдар бүгінгі таңда кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Ендеше, қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтары ерте ме, кеш пе құрықталатыны айдан анық.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Зағиптар зейінін ашқан
- 17 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді