«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таланты бөлек, сезімі сырлы Сапарбай

Таланты бөлек, сезімі сырлы Сапарбай
Ашық дереккөз
Осыдан біраз жыл бұрын Мұқағали Мақатаевтың «Көнеміз ғой» өлеңіне сазгер Садық Қынат ән жазған туындыны тамылжыта орындаған «Сәт» триосы көптің көңілінен шыққан еді. Әлі де ешкім ұмыта қойған жоқ болар. Сол топтағы үш жеткіншектің бірі – Сапарбай Алтыбай қазір Таразда тұрады. Қаладағы облыстық арнайы кітапханада жұмыс істейді.

Онымен алғаш кездескен сәтте сұрағанымыз «Сәт» триосының неліктен тарағаны болды. Себебі, бұл топ кезінде талай жанның жүрек төрінен орын алған еді.

– Топ құрамынан әуелі Тұрар шығып кетті. Азат екеуіміз 2013 жылдан 2017 жылға дейін жетекшіміз Нұржан Қожабеков ағамыздың бастауымен өнер көрсетуді жалғастырдық. Бірақ, Нұржан ағамыз да, басқа да бізге қолғабыс етіп жүрген қыз-жігіттер жеке шаруаларымен жан-жаққа тарап кетті. Сол себепті біз де өз жолымызбен бөлініп кеттік. Тарағанға дейін Азат екеуіміз еліміздің барлық өңірлерін аралап, көрші Өзбекстанға да барып, өнер көрсеткен едік. Әрине, өнерден қол үзген жоқпын. Жеке репертуарымда 30-ға жуық ән болса, соның оншақтысының әнін де, сөзін де өзім жаздым. Атап айтсам, «Қош бол», «Бағаласа болмай ма?», «Сен менің Джулеттамсың», «Сағынба», «Абайла» және басқа да туындыларымды көпшілікке ұсынып жүрмін. Халық жақсы қабылдап, қошемет көрсетуде. Жеке концерттерімді біраз қалаларда қалың тыңдарман назарына ұсындым. Өткен жылдың аяғында жеке концертімді Ақтөбе қаласында және өзіміздің Меркі ауданында бердім. Бұйыртса, алдағы ақпан айында Маңғыстауға барып, биылғы ән кешімді маңғаз даладан бастасам деп отырмын. Қазір концерттерімді ұйымдастырып, әндерімді жазуға Қаршыға Мұхамеджанов деген жігіт жетекшілік етіп, арт директор қызметін көрсетуде. Халықтың алдына шыққан соң, тек ән орындаумен шектелмей, домбыра, гитара, пианино, барабан, мелодика, флита секілді музыкалық аспаптармен де өнер көрсетіп жүрмін. Қазір ешкімді тек ән айтумен баурай алмайсың, сондықтан өзімді музыка саласында дамытып отырамын,–деген Сапарбай Абайұлының сөзінен ізденімпаздығын аңғардық.

Расында да ол өзін жеке кәсіпкерлікте де сынап көріпті. Елде жаппай карантин болған жылдары үйде қарап отыра алмай, отбасын асырау үшін табыс көзі болар іс іздеген. Көп кісі құмартатын ас болып кеткен жылдам әзірленетін фас-фут тағамдарын дайындап, сатумен айналысқан.

– Сол жылдары Астана қаласына барған едім. Қолымда бар қаржымның басын құрап, тіпті ұялы телефонымды да сатып, чикен, пицца, донер пісіретін орын аштым. Жақсы табыс көре бастағанбыз. Бірақ, бұл дүниеде оза шауып, алдыңғы лектен көріне бастасаң, көзге түсіп, аяқтан шалатындар кездесетіні бар ғой. Менің де кәсібім солай тоқырауға ұшырады. Бизнесімнің құлдырағанына көңілім түссе де тоқтап қалмайын деп, Ақтөбеге барып, көлік күтіміне арналған бұйымдар, аяқ киім сатумен айналысып, күнкөріс қамын жасадық. Бірақ, қазіргі уақытта бизнестен мүлдем қол үздім. Өйткені, уақыт жеткізу қиынға соқты. Тараз қаласына көшіп келіп, облыстық арнайы кітапханаға жұмысқа кіріп, әндеріме бейнебаян түсіруге көңіл бөлдім, – дейді талапшыл жігіт.

Ол тек өнермен шұғылданбай, спортпен де жаттығады.

– Спортпен тұрақты түрде айналысамын. Ол өз денсаулығым үшін, сапалы өмір сүруім үшін қажет. Негізінен футбол, дзюдомен айналысамын. Жақында футболдан өткен чемпионатта жүлде бұйырды. Енді осы бағытта өзімді көрсетіп, стипендияға іліксем деп ниеттеніп жүрмін. Жуырда үлкен көлемді спартакиада болмақшы, сол сайыста да дзюдодан өз бағымды сынап көрмекшімін. Соған барынша дайындалып, аптаның 7 күнінің 6 күнін спорт залда өткізудемін. Күн сайын азанда Тараз- аренаға барып, дене шынықтыру жаттығуларын жасап, түстен кейін дзюдо жаттығуына барамын, кешкісін қасымдағы жолдастарыммен бірге футбол ойнаймыз. Арасында көзі көрмейтіндерге пайдалы ақпарат беретін, мысалы яндексті қолдану, каспи аударымдар жасау, автожолдан өту жолдары туралы бейнероликтер түсіріп, TikTok желісіне салып отырамын, – дейді жарық дүниенің әр сәтін пайдалы іспен өткізіп, уақыттың берекесін тапқан біздің кейіпкеріміз.

Жұбайы мейірбике мамандығын меңгергенімен қазіргі уақытта Қазақ соқырлар одағының облыстық филиалында зағип жандарға компьютерден сабақ береді. Көбіміз кішкентай әнші бала деп таныған Сапар қазір отбасында үш перзенттің әкесі.

Өмірді мағыналы сүру үшін өзін әр қырынан сынап көріп, жан-жақты дамытып жүрген жігіттің зымыраған уақытта бәріне үлгеретініне тамсанасың. Ол халықтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөзін ұстанады.

 

 Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар