«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елде бала туу көрсеткіші қандай?..

Елде бала туу көрсеткіші қандай?..
Ашық дереккөз
Қазақстанда былтыр бала туу көрсеткіші 4,2 пайызға төмендеген. Атап айтқанда, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында туған балалар саны арғы жылдан әлдеқайда аз. Мамандар болашақта елімізде бала туу көрсеткіші одан сайын төмендейді деген болжам жасап отыр.

Өткен жылдың тоғыз айында елімізде 270 мыңнан астам бала дүниеге келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4 пайызға аз. Ал пандемия кезінде елімізде бала туу рекордтық көрсеткішке жеткен еді. Мамандар мұндай өсімнен кейін көрсеткіштің төмендеуі заңды деп отыр.

Аңғарғанымыздай, бала туу көрсеткішінің төмендеуі тек Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. The Lancet журналында жарияланған мәліметтерге сәйкес, туу көрсеткіші барлық елдер мен құрлықтарда төмендеп кеткен. 2021 жылы бұл коэффициент 2,1-ден жоғары деңгейде болған. Көрсеткіш тек 94 елде сақталса, Ресейде бұл көрсеткіш 2021 жылы 1,48-ге жетті.

Демографиялық өтпелі кезең тұжырымдамасы бойынша, қоғам біртіндеп көбірек туу және көбірек өлім-жітім сипатындағы құрылымнан азырақ туу және аз өлім-жітім сипатындағы құрылымға өтеді. Бұл халықтың бара-бара қартаюына алып келеді. Бұл үрдіс еңбекке қабілетті халық санының азаюына әсер етеді, сондықтан әлеуметтанушылар демографиялық дивиденд теориясын ұсынған. Бұл теорияға сәйкес, туу деңгейінің төмендеуі уақытша түрде еңбекке қабілетті ересек тұрғындардың үлесін арттырып, экономикалық өсімді ынталандырады және сайып келгенде туу көрсеткішінің қалпына келуіне ықпал етеді. Алайда, туу көрсеткішінің ұзақ мерзімді төмендеуі демографиялық пирамиданың төңкерілген құрылымына әкеліп, қарттардың үлесінің артуы мен еңбекке қабілетті халық санының қысқаруына себеп болуы мүмкін.

2021 жылға дейінгі бес жылдық кезеңдегі демографиялық деректерге сәйкес, әйелдің репродуктивті кезеңінде орта есеппен қанша бала туатынын көрсететін жиынтық туу коэффициенті кейбір елдерде ұрпақ алмасу деңгейінен (миграция болмаған жағдайда халықтың тұрақты сақталуы үшін қажет шекті мән) төмен түсіп кеткен. Оның қайта қалпына келетініне нақты дәлел жоқ.

Мұндай жағдай халық санының азаюына және ресурстарды (соның ішінде медициналық қызметтерді) қайта бөлуге әкеліп, экономикалық процестер мен халықтың әл-ауқатына әсер етуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтанушылар ғаламдық демографиялық көрсеткіштерді бағалап, халық саны мен оның ұдайы көбеюіне негізделген үрдістерді болжауға тырысады.

Жаһандық аурулар жүгінің фертильділік және болжамдау бойынша коллаборациясы 1950 жылдан 2021 жылға дейінгі туу көрсеткіштерін бағалап, азаматтық хал актілерін тіркеу мәліметтері, 1455 зерттеу және санақ деректері, сондай-ақ 150 қосымша дереккөздер негізінде регресстік модельдерді қолдану арқылы әлемдегі өзгерістерге болжам жасады. 2021 жылы әлемде 129 миллион тірі туу тіркелді, бұл 1950 жылғы 92,7 миллион көрсеткішінен жоғары, бірақ 2016 жылғы 142 миллиондық шарықтау деңгейінен төмен.

Айта кетерлік жайт, 2011 жылға дейін туу көрсеткіші бойынша көшбасшы Оңтүстік Азия болса (жер бетіндегі әрбір төртінші бала осы аймақта дүниеге келген), 2011 жылдан бастап көшбасшылық Сахараның оңтүстігіндегі Африка аймағына өткен. Онда әлемдегі әрбір үшінші бала өмірге келеді. 2021 жылы жаһандық жиынтық туу коэффициенті 2,23-ті құрады, бұл 1950 жылғы және 1980 жылғы көрсеткіштерден төмен. Яғни, орта есеппен 1950 жылы әйелдер 4-5 бала, ал 2021 жылы 2-3 бала дүниеге әкелген.

Бірқатар шектеулерге қарамастан (мысалы, кейбір аймақтардағы мәліметтердің толық болмауы немесе өткен кезеңдердегі туу көрсеткіштерін есептеу кезінде модельдерді жеңілдету), бұл зерттеу бүкіл әлем бойынша туу деңгейінің өзгеру тенденциясын айқын көрсетеді. Көптеген елдер тұрақты төмен туу көрсеткішіне жақындағанымен, табысы төмен кейбір елдер мен аймақтардағы салыстырмалы түрде жоғары туу деңгейі әлемдегі табысы төмен елдер тобы мен қалған елдер арасындағы айқын демографиялық алшақтыққа әкелуі мүмкін. Авторлар мұндай мәселелерді шешу үшін халықаралық гуманитарлық ұйымдардың, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсатты және бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтті. Жағымсыз жаһандық үрдістерді жақында Жаһандық аурулар жүгінің коллаборациясының тағы бір тобы анықтады. Олардың талдауы бойынша, планета халқының жартысына жуығы жүйке жүйесін зақымдайтын 37 аурудың кем дегенде біреуінен зардап шегеді.

Енді алысқа көз тастамай, өзімізге ойыссақ. Өңірде 2024 жылғы қаңтар-қарашада туылғандар саны 22296 адамды құрады. Бұл 2023 жылғы қаңтар-қарашадағыдан 6,6 пайызға аз. Әлемдегі және еліміздегі бала туу көрсеткішінің төмендеу құбылысы бізде де қайталанып жатқанын аңғару қиын емес. Дегенмен, бізді ана мен баланың денсаулығын бақылауда ұстау үшін нақты шаралар қабылданып жатқаны ерекше қуантты. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева ұсынған ақпаратқа сүйенсек, облыста ана өлімін төмендету мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жүкті әйелдерді босандыру мекемелеріне өз деңгейіне сай аймақтандыру бойынша сұрыптап жіберу, жүктілік, босану, босанғаннан кейінгі кезеңдерінде әйелдерді қарау, зерттеу, емдеу барысында тиісті клиникалық хаттамаларға сай жұмыс істеу, сондай-ақ, босандыру мекемелері мен емханалардың өзара байланысын тұрақтандыру сынды шаралар үздіксіз жүргізіледі. Шалғай аудандық ауруханаларда шұғыл көмекке қажеттілік туындаған жағдайда, мобилды топтарға санавиацияға тапсырыс беру арқылы жүзеге асырылады. Емханалардағы жүкті әйелдерді денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сай толыққанды зерттеп, қажет болған жағдайда тиісті ем шаралар тағайындалады. Сондай-ақ, облыстың 10 ауданында неонаталдық көмекке сыртқы бағалау жүргізіліп, тәжіребиелік көмек, телемедицина арқылы кеңестер берілген. Аналар мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту бойынша әр ауданға ұсыныстар мен нұсқаулықтар берілді. LIZA әдісі бойынша перзентханаларда шала туылған нәрестелерді тұрақтандыру енгізілген. Сонымен қатар, шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын хирургиялық емдеу және көз торын лазерлік коагуляциясымен емдеу тәсілдері қолданылады. Денсаулық сақтау басқармасы Жамбыл облысы бойынша ана мен ба ла өлімін төмендетудің 2024 жылға арналған қысқа мерзімді жоспарын әзірлеп, осы құжат негізінде қызмет көрсетіп келеді. Әлбетте, мұндай ауқымды шаралар ана мен бала өлімін азайтуға сеп болары анық. Алайда, туу көрсеткішін көбейту үшін әлеуметтік мәселелерге көбірек назар аударған абзал секілді.

«Бала туу көрсеткіші төмендеп жатыр. Меніңше, ол алдағы уақытта да төмендейді, бірақ мұндай жылдам қарқынмен емес. Өйткені, 85-89 жылғы буынның репродуктивті потенциалы әлі бар. Өйткені, пандемия кезіндегі туу көрсеткішінің өсуі тұңғыш балалардың емес, үшінші-төртінші немесе одан кейінгілердің дүниеге келуіне байланысты болды», – дейді демограф Аяулым Сағынбаева.

Жүргізілген сауалнамаға жауап бергендердің айтуынша, балалардың тууы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты. Өмір сүру деңгейі төмендеген сайын демография да төмендейді дейді халық. «Баспана мәселесі әрқашан өзекті. Бәрі үйге келіп тіреледі. Жалақы аз, қашан көтереді?», «Бұрын ойланбастан бала туатын еді. Қазір «тусам, қалай тәрбиелеймін, қалай асыраймын» деп ойланады. Шағынаудандар салып жатыр, бірақ әлі балабақша мен мектептер жоқ», «Адамдар өзімшіл болып кетті. Саяхаттағанды жақсы көреді, ғылыммен, шығармашылықпен айналысады. Бала тууға бас ауыртпайды», – дейді көпшілік. Дегенмен Қазақстанда туу көрсеткіші бойынша оңтүстік облыстар көш бастап тұр. Бірінші орында Түркістан облысы, одан кейін Алматы қаласы, ал Алматы облысы үздік үштікке ілікті. Ұлытау, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары керісінше, көш соңында. Демографтар алдағы он жылда қалаларда бала туу көрсеткішінің төмендеуі мүмкін деген болжам жасайды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

 

 

Ұқсас жаңалықтар