«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әшекейге әр берген, шәкірттерге нәр берген

Әшекейге әр берген, шәкірттерге нәр берген
Ашық дереккөз
«Құстың сұлулығы қанатында, адамның сұлулығы білімінде» демекші, жалпы қолымыздан келсе, айналаға әсемдік сыйлап жүргенге не жетсін! Ал, көрсең көркі мен шеберлігіне көзің тоймайтын әшекей бұйымдарды жасайтын, жасап қана қоймай, оны үйрететін мамандар туралы айтар сөзіміз мүлдем бөлек.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде «Сәндік қолданбалы өнер халықтың кәсіпшілік өнері» мамандығы студенттерді 6 бағыт бойынша дайындайды. Оның ішінде көркем әшекейлеу бағыты бойынша Қайрат Гумаров сабақ береді. Ұстаздың еңбек өтілі – 41 жыл. Жарты ғасырға жуық уақыттан бері өзінің жаны қалаған мамандықтың ыстық-суығына төзіп, қиындығына да қанығып келеді.

1984 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінің көркемсурет факультетін бітіріп, сол кездегі Жамбыл педагогикалық институтының көркемсурет және сызу кафедрасына оқытушы болып қабылданған. Аталған оқу орнында табаны күректей 13 жыл еңбек етіп, жүздеген суретшілерді дайындады. Шәкірттерінің көпшілігі қала мен аудан аумақтарындағы мектептерге жұмысқа орналасып, білікті де білімді ұстаздарға айналды. Орта мектепте, аудандық білім бөлімдерінде басшылық қызметтерде жүрген шәкірттері де аз емес. Қайрат Кәтепұлының суретшілігі де бар. Әулиеата жерінің тарихи кезеңдерінен, екі мың жыл тарихы бар Тараз қаласының құндылықтарынан мазмұнды сурет-картиналар салғанды жаны сүйеді. Талай суреті сәтті шығып, жұрттан оң бағасын да алды. Аталған колледж директоры Саясат Есеев: «Қайрат Кәтепұлы жан-жақты, білімді, тәжірибелі маман. Шәкірттері ол кісінің әр сабағын асыға күтетінін байқаймыз. Оның терең фантазияға толы картиналары барлық жерде жоғары бағаланады. Біз де колледждің көрнекілігіне Қайрат Гумаровтың бірнеше туындыларын таңдадық. Олар ғимаратымыздың қабырғаларына сән беріп тұр», – дейді.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қайрат Гумаровтың Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне аға оқытушы болып ауысқанына да зымырап 28 жыл өте шығыпты. Содан бері бұйымдарды көркем әшекейлеудің қыр-сырын шәкірттерге үйретіп келеді. Бір ерекшелігі, аталған колледждің өнер, шығармашылық мамандықтарында әр оқытушының алдында екі-үш студент ғана бар. Оқытушы соларға бар зейінін салып әшекейлеудің тәсілін тапжылмай отырып, үйретеді. Аз адамға үйретуінен-ақ бұл кәсіптің күрделі екенін байқауға болады. Әрине, әшекейлеу жұмысын меңгеріп шығу оңай емес. Ол үшін мұқият зер салу керек. Мәселен, Қайрат Гумаров әрлеген уақытта елеусіз тұрған заттың бәрі құлпырып, көздің жауын алардай сұлуланып кетеді. Ол үшін әрлеудің құпиясын біліп, қасиетін сезіну керек. Әшекейлеу өнері де жұрттың бәріне қона бермейтін, көне бермейтін күрделі дүние. Осынау ерекше жұмысы туралы Қайрат Кәтепұлы: «Кез келген заттың бетіне көркем әшекей жасаймыз. Ол үшін гуашь, акриль, майлы бояуларды пайдаланамыз. Шәкірттерімнің ынта-ықыласы ерекше», – дейді. Ал, осы бағытта білім алып жүрген студент Аруна Қанатбек: «Әшекейлеу – өнердің ерекше түрі. Бір мағынасы, әсемдік пен сұлулыққа келеді. Осы бағытқа өз қызығушылығыммен келдім. Қайрат ағай өте тәжірибелі, әр сабағы қызықты. Бұрын қалай жасалады деп таңданушы едік, қазір өзіміз де әшекейлеуді меңгеріп, сол жұмыстың арасында жүрміз», – дейді.

Суретші, бұйымды әшекейлеудің нағыз шебері Қайрат Гумаров – өз ісінің майталманы. Республикалық бірнеше байқаулардың жүлдегері. Ұстаздың ізгі жолын талантты шәкірттері де жалғастырып келеді. Ұстаздың да, шәкірттерінің де қолынан шыққан әшекейге толы бұйымдар әдемілігімен көз тартады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар