Аймақта алдағы төрт жылда бес миллионшаршы метр тұрғын үй бой көтереді
- author «Ақ жол»
- 30 қаңтар, 2025
- 308

Бұдан бөлек, 2019-2023 жылдар аралығында тапсырылуы тиіс, мерзімдерін кешіктірген 17 сақалды нысанның құрылыс жұмыстары да былтыр аяқталған. Жоғарыда аталған жобалардың 128-і «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», 94-і «Өңірлерді дамыту», 43-і «Ауыл – ел бесігі», 7-і «Жайлы мектеп», 16-сы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламалары мен жобалары және 8-і білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылған.
Мәселен, былтыр бір ғана білім саласында жобалық құны 36,6 миллиард теңгені құрайтын 29 білім нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 14-і жаңа мектеп, 10-ы жапсарлас құрылыс, 5-і жапсарлас құрылыс және негізгі мектепті қайта жаңғырту. Ал, өткен жылы 18,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, 13 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталса, 16 нысан биылғы жылға өтпелі. Өткен жылы Президент Әкімшілігінің бақылауындағы екі мектеп пайдалануға берілсе, мерзімдері кешіктірген төрт мектеп аяқталып, тапсырылған. Сонымен қатар, өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерге 12,5 миллиард теңге бөлініп, жыл қорытындысымен үш мектеп пайдалануға беріліп отыр. Оның екеуі Тараз қаласында, біреуі Байзақ ауданында берілген. Қалған төрт мектеп жоспарға сәйкес осы жылға өтпелі.
– Денсаулық саласында да атқарылған жұмыс көлемі ауқымды. Атап айтсақ, аймақта жобалық құны 51,7 миллиард теңгені құрайтын 39 денсаулық сақтау нысанының құрылысына былтыр 8,6 миллиард теңге бөлініп, құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, биофарм зауыты, БСЛ-3 цехы, физикалық қорғау жүйесі, екі емхана, орталық аурухананы қайта жаңғырту, төрт дәрігерлік амбулатория, 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, жеті медпункт, 12 денсаулық сақтау нысандарының инженерлік желілерін салу көзделген. Өткен жылдың қорытындысымен 33 нысанның құрылысы аяқталды. Бір нысанда ғана құрылыс жұмыстары жалғасуда, ал бес нысан құрылысы жоспарға сәйкес ағымдағы жылға өтпелі болғандықтан құрылысы жалғасуда. Ал, жобадан кешіккен Қордай ауданы, Беріктас ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункті мен Қауіпсіздік Кеңесінің бақылауындағы «OtarBioPharm» 3 жобасы аяқталып, тапсырылды, – дейді басқарма басшысы.
Сол сияқты спорт және мәдениет салалары бойынша атқарылған жұмыстар баршылық. Жалпы спорт саласында 2,4 миллиард теңгеге 16 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 10 нысан пайдалануға берілсе, үш нысан құрылысы жоспарға сәйкес осы жылға өтпелі. Ал, мерзімдерін кешіктірген бес спорт кешенінің құрылыс жұмысы аяқталып, мерзімінде тапсырылған. Сол секілді мәдениет саласы бойынша жобалық құны 4,9 миллиард теңгені құрайтын 15 нысанның құрылысына 2,3 миллиард теңге бөлінген. Сөйтіп, былтыр алты мәдениет үйінің құрылысы аяқталған. Мұның ішінде мерзімдерін кешіктірген екі мәдениет үйі бар. Қалған бес нысан құрылысы жоспарға сәйкес 2025 жылға өтпелі.
Ауыл шаруашылығы саласында 9 нысанға 2,9 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Талас өзені жағалауын бекіту, Қайнар шекара бөлімшесі жағалауын нығайту, Тасөткел бөгетін қайта жаңғырту, Қайнар 3 800 гектар алқабына суармалы су құбырын жүргізу, 3 тоған (Андас-1,2,3), Мойынқұм ауданында гидроқұрылыс, Т.Рысқұлов ауданында Қарақат су каналын салу жоспарланған. Сонымен жоспарланған бес нысанның құрылысы былтыр аяқталса, екі нысан құрылысы өтпелі, биыл аяқтау жоспарлануда.
Ішкі істер органдары және төтенше жағдайдың алдын алу бойынша бір казарма, бір ІІД бөліміне ғимарат, бір өрт сөндіру депосы құрылысына 0,7 миллиард теңге бөлініп, Үкімет бақылауындағы Қордай ауданындағы Қордай аудандық ішкі істер департаменті мен өрт сөндіру депосы пайдалануға берілген.
– Өткен жылы құрылыс саласына 330,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 116,2 пайызға асыра орындалды. Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 104,5 пайызға орындалды. Оның 30 пайызы бюджет қаражаты есебінен, 70 пайызы жекеменшік қаражаты есебінен бой көтерген. Кезектегі тұрған адамдарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылды. Бүгінгі күнге коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 39 503 азамат тіркелген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 9 705, әлеуметтік осал топтағылар – 16 228, жетім-балалар – 3054, бюджет қызметкерлері – 10513, авариялық құрылымнан 3 адам бар. Былтыр кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 40,7 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 2830 тұрғын баспаналы болды. Оның 1819-ы әлеуметтік осал топтағылар. Атап айтсақ, 17,5 миллиард теңгеге 3709 пәтерлі 78 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 1159 пәтерге арналған 26 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, жекеменшік инвестиция есебінен 1547 пәтерлі 38 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтыр халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 23,2 миллиард теңгеге 1575 пәтер сатып алу жоспарланған. Сонымен былтыр 1671 пәтер сатып алынды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сатып алынған пәтер екі есеге, ал қаражат көлемі үш есеге артты. Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысымен 304 азаматқа 299,5 теңгеге тұрғын үй сертификаты беріліп, баспаналы болуына қолдау көрсетілді. «Отбасы банк» АҚ-ның «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары арқылы 840 отбасы баспаналы болды. Ал, жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 198671 азамат тіркелген, – дейді Ерлан Құрмантайұлы.
Инженерлік инфрақұрылым жүйесіне де тиісті көңіл бөлініп келеді. Мәселен, бұл мақсатқа бюджет қаражаты есебінен 84 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысына 14,5 миллиард теңге қаралған. Атап айтсақ, тұрғын үй құрылысы үшін 9 жаңа алқапта 5,6 миллиард теңгеге 14 инфрақұрылым жобасының құрылысы жүргізілді. Бүгінгі күні 5 жоба аяқталса, қалған жобалар осы жылға өтпелі. Бұдан бөлек алты кеңейту жұмыстарына 3,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бірқатары осы жылға өтпелі нысандар қатарында. Ал, республикалық маңызы бар индустриялық аймақты дамытуға 10 жоба жоспарланып, оны жүзеге асыру үшін ол жобаларға 1 336,2 миллион теңге бөлінді. Мұның барлығы да осы жылға өтпелі. Сондай-ақ, 47 ішкі алаңдық желі құрылысына 1,4 миллиард теңге қаралған. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2,4 миллиард теңге 7 мектептің инженерлік-коммуникациялық жұмыстарының құрылысы жүргізілуде. 5 жобаның құрылысы аяқталып, тапсырылған.
Былтыр құрылыс басқармасы 48 нысанның жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеген. Оның ішінде жобалық құны 130 миллиард теңгені құрайтын 22 жобаның оң сараптама қорытындысы алынса, 26 жоба бойынша жобалау жалғасуда. Соңғы жобаның 9-ы сараптама қарауында, 17-і әзірленуде. «Басқармадан өтетін барлық жобалар міндетті түрде Сәулеттік бюроға жолданады. Барлығы 28 жоба ұсынылып, 19-на келісім алынды, сегізі қарауында, біреуі кері қайтарылды. 2025 жылға 5 жаңа жобаны әзірлеуге қаржы бөлінген. Биыл құрылыс басқармасы арқылы жобалық құны 198,2 миллиард теңгені құрайтын 176 жобаға бюджеттен 53,2 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда. Оның 156-сы осы жылы тапсырылуы тиіс болса, 20-сы келесі жылға өтпелі. Аталған жобалардың 59 нысаны «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», 79-ы «Өңірлерді дамыту», 29-ы «Ауыл – ел бесігі», 4-і «Жайлы мектеп» және 5-і білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылды. Құрылыс басқармасы тапсырысшы болып табылатын жобалық құны 77,1 миллиард теңгені құрайтын 42 жобаға бюджеттен 24,6 миллиард теңге бөлініп, құрылысы жүргізіледі. Оның 34-і осы жылы тапсырылуы тиіс, 8-і келесі жылға өтпелі», – дейді басқарма басшысы.
– Биылға жоспарымыздың көлемі ауқымды. Білім саласы бойынша талдасақ, мұнда жобалық құны 32,2 миллиард теңгені құрайтын 22 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, тоғыз жаңа мектеп, тоғыз жапсарлас құрылыс, төрт жапсарлас құрылыс және негізгі мектепті қайта жаңғырту. Биыл бұл жұмыстарды атқаруға 16 миллиард теңге бөлініп, 18 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Төрт нысан 2026 жылға өтпелі. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бес нысанға 2,5 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 10 нысанға 10,2 миллиард теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 7 нысанға 3,3 миллиард теңге қаралған. Тараз қаласы мен аудан бөлінісінде бірқатар нысандарды тапсыру көзделген. Мәселен, Тараз қаласында төрт нысан, биыл 3 нысан тапсырылса, бір нысан алдағы жылға өтпелі. Сондай-ақ, биыл және алдағы жылдары Байзақ ауданында үш, Жамбыл ауданында төрт, Меркі ауданында бір, Т.Рысқұлов ауданында екі, Талас ауданында бір, Шу ауданында бес нысанды тапсыру жоспарланған. Бұл нысандардың басым бөлігі биыл пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерге 13,55 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жыл қорытындысымен төрт мектеп құрылысын аяқтау жоспарлануда, – дейді Ерлан Орымбаев.
Ал, биыл жеті денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 3,5 миллиард теңге бөлініп, құрылысы жүргізіледі. Атап айтқанда, БСЛ-3 цехы, бір емхана, орталық аурухананы қайта жаңғырту, орталық аурухананы қайта жоспарлау, екі дәрігерлік амбулатория, бір денсаулық сақтау нысанының инженерлік желілері жаңартылады. Спорт саласында 14 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, биыл алты спорттық сауықтыру кешенін пайдалануға беру көзделсе, қалғаны алдағы жылға өтпелі нысандар. Мәдениет саласында 12 нысанның құрылысына тиісті қаржы бөлініп, биыл 10 нысанда құрылыс жұмыстарын толық аяқтау көзделген.
Ауыл шаруашылығы саласында 5 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге 1,1 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен Тасөткел бөгеті қайта жаңғыртудан өткізілсе, Қайнар 3 800 гектар алқапқа суармалы су құбыры тартылады, Андас-3 тоғаны, Мойынқұм ауданында гидроқұрылыс, Т.Рысқұлов ауданында Қарақат су каналы жасалады.
– Жоғарыда айтқанымыздай, облыс тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары биыл да өз жалғасын табатын болады. Жалпы облыста коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 39 503 азамат тіркелген. Кезектегі тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Осы жылдар аралығында облыс аумағында 5 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Өткен жылы облыс аумағында 770 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге биыл бюджет қаражаты есебінен 11,8 миллиард теңге қаралған. Биыл өткен жылдан өтпелі 2550 пәтерлі 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Оның ішінде, Тараз қаласындағы «Әулие Ата» (14) жаңа шағынауданында өткен жылы құрылысы бастау алған 800 пәтерлі 22 әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы ағымдағы жылы аяқталады. Бұдан бөлек, Асқаров көшесінің соңындағы алқапта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлердің жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылысын ағымдағы жылы бастау үшін 7,7 миллиард теңге өтінім ұсынылды. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,9 миллиард теңгеге 361 пәтер сатып алынады, – дейді облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орымбаев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Тұтынушылар өз құқығын қаншалықты қорғай алады?
- Бүгін, 12:57
Экономиканы әртараптандыру – ел дамуының қозғаушы күші
- 12 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді