«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екі қолға бір күрек ұсынған жәрмеңке нәтижелері еселеп артады

Екі қолға бір күрек ұсынған жәрмеңке нәтижелері еселеп артады
Ашық дереккөз
Тараз қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Облыстың Еңбек мобильді орталығының Тараз қаласы бойынша «Мансап орталығы» филиалы ұйымдастырған жәрмеңкеге қала аумағындағы тұрақты жұмысқа 25 жұмыс берушілерден 180 бос жұмыс орындары ұсынылды. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек мобильдігі орталығының директоры Серік Әлібековтың айтуынша, биылғы Жұмысшы мамандықтары жылында мұндай жәрмеңкелер жылдағыдан көбірек ұйымдастырылатын болады.

Атаулы жылдағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің алғашқысы Тараз қаласынан бастау алды, алдағы уақытта аудандарда да жалғаспақшы.

– Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатындағы жәрмеңке тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, өткен жылы облыс бойынша қала және аудандарда барлығы 128 жәрмеңке ұйымдастырылып, 2 мың 524 жұмыс беруші мекеме қатысып, 8 мың 151 бос жұмыс орындары ұсынылған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауына байланысты, Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес, биыл бос жұмыс орындары жәрмеңкесін жиі өткізуді жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстарды екі есеге арттыруды жоспарлаудамыз. Жұмыс берушілердің де қысқа мерзімді курстан өткен және өздерінің сұранысындағы мамандарды көптеп жұмысқа тартуларына барынша ықпал жасауға болады. Осындай жәрмеңкелерде провациядағы және мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту – орталығымыздың басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда біздің облыста еңбек нарығында білім беру мен медицина саласының және ауыл шаруашылығының мамандарына сұраныс жоғары. Сондай-ақ, сервистік қызмет көрсету, яғни онлайн сауда, шаштараз, сұлулық салондары, ресторан, кафе қызметкерлеріне де сұраныс өте көп, – деді облыс бойынша Еңбек мобильді орталығының директоры Серік Айдарұлы.

Облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы, Тараз қалалық №1, №2, №3 Пробация қызметі бөлімінің қатысуымен Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге 97 жұмыссыз адам қатысып, жұмыс берушілермен сұхбаттасты. Нәтижесінде 17 тұрғын жұмысқа орналасты, оның ішінде 15-і тұрақты жұмысқа, екеуі жастар тәжірибесімен белсенді шараларға тартылды. Жәрмеңкеге келушілерге орталық мамандары жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, жастарды жұмысшы мамандықтарын таңдауға ынталандырып, кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту мақсатында кеңес берді.

– Осы уақытқа дейін жұмыссыз жүрген едім. Жәрмеңкеге келіп, орталық мамандарымен сөйлестім. Жаңа кәсіп меңгеруге 1 және 3 айлық курста оқытамыз, жеке кәсіп ашуға грант береміз деді. Өзім жиһаз жасаушымын, өзімді өзім жұмыспен қамтушымын. Өз үйімнің ауласында алған тапсырыстарыма қарай түрлі жиһаздар жасап, жарнамасын Instagram, TikTok әлеуметтік желілерінде жүргіземін. Енді өз цехымды ашып, қажетті құрал-жабдықтарды алуға 1 миллион 400 мың теңге грант ала алатынымды біліп, қуанып отырмын, – дейді жәрмеңкеден тиімді қолдауға ие болған Батырбек Жакипов.

Өткен жылы ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне 5 мың 814 жұмыссыз қатысқан. Оның ішінде 2658-сі әйелдер болса, 1852-сі 35-жасқа дейінгі жастар, 161 мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Жәрмеңке қорытындысымен 709 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданып, жастар тәжірибесіне 319 жас, «Күміс жас» бағдарламасына 140 кісі, әлеуметтік жұмыс орындарына 51 тұрғын жолданған. Тұрақты жұмыс орындарына орналасқан жұмыссыздар саны 1 мың 314 адамды құрап, 3386 адам жұмыспен қамту шаралары бойынша консультация алған. Барлығы 2 мың 583 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, оның ішінде 1 мың 314 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасыпты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар