«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнімді тауарға айналдыру өзекті

Өнімді тауарға айналдыру өзекті
Ашық дереккөз
Президентіміз әрбір Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша басымдық беріп келеді. «Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деп агросаланы дамытудың айрықша мүмкіндіктерін атап өткен еді.

Ақсай ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Дидар Кенжебековтың айтуынша, алғашқы жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» атты қанат қақты жобасына Ақтөбе ауылдық округі еніп, ондағы жұмысты «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативі жүзеге асырған. Онда Үкіметтен бөлінген 9,2 миллиард теңге «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы елге 2,5 пайызбен несие таратылып, мал басы артты. Сонымен бірге үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалануға жол ашылды.

«Бүгінгі күні «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Ауыл аманаты» жобасына қатысқан кооперативтерден қайтарылған несие қаражаты есебінен тағы бірнеше ауылдық округ жобаға енгізіліп отыр. Соның ішінде Ақсай ауылдық округі де бар. Бұл округтердің 237 тұрғыны мал алу үшін өтініш берген болатын. Оған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы арқылы 770,2 миллион теңге бөлініп, бүгінгі таңда 6073 бас мал сатып алынған. Оның 584-і мүйізді ірі қара болса, бұл малдың 534-і сауынды сиыр, яғни жобаға қатысып отырған округ тұрғындары сүт бағытын таңдаған. Бұдан бөлек, 920 бас жылқы, 3999 бас қой, 570 бас құс алынған. Қазір біз де сүт бағытында жұмыс істеп, сауылған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдеу зауыттарына өткерудеміз. Мал басы да жыл санап артып келеді. Округте жобаның бесінші бағыты аясында бес кәсіпкер несиемен қамтылып, өз істерін бастап кетті. Атап айтсақ, бір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығы, үш бал арасы шаруашылығы, бір тоқыма цехы іске қосылып, олар аудан көлемінде тапсырыс алып жұмыс істеуде», – дейді ол.

Жалпы, қарап отырсақ, малдың әлі күнге басым бөлігі, атап айтқанда 70-80 пайызы үй қасындағы жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында тұр. Сауда орталықтарын етпен, сүт-айранмен, ірімшік-құртпен қамтып отырған да солар. Бұған дейін де бұл ауылдық округте мал шаруашылығын дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қолға алынған болатын. Ондағы мақсат ұсақ шаруа қожалықтардың басын біріктіріп, анағұрлым іріленген кооперативтер құрып, мемлекеттің қаржылай қолдауын сол кооперативтер арқылы жеткізу болды.

– Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмасымен бұл жоба жалғасын тауып отырғаны қуантады. Жобаға қатысушылар талай жылдан бері игерілмей жатқан үй іргесіндегі жер телімдері мен егістік алқаптары жаңа құрылған кооперативтер күшімен игерілуде. Бақшалар салынып, көкөністерден мол өнім жиналуда. Кооперативте қабылдау орындары ашылып, тікелей сауда орталықтарына жеткізу жолдары қарастырылуда. Бұл ең алдымен халық арасында отандық өнімге деген сұранысты арттырып, өңірдегі бағаны тұрақтандыруға да үлкен қолдау болмақ. Мемлекет басшысы: «Үкіметке «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» атты қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын», деп ұсақ шаруашылықтардың өндіретін өнімдерін сатып алу, оларды өңдеп, дайын тауарға айналдыру жəне тұтынушыларға дейін жеткізу ісі кешенді түрде қолға алынатынын аңғартты. Бір атап өтерлігі, Мемлекет басшысы бұл қанатқақты жобаны іске асыруды, осы үшін ауылдан басталатын кооперациялық тізбекті құруды тапсырған болатын. Оның өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны көп ірі жəне тығыз шоғырланған өңірлерден бастау жоспарланған. Сол жоспарға Алматы мен Түркістан облыстарынан бөлек біздің облыс та енген. Əрине, агроөнеркəсіп кешені үшін мұның да тың жоба екендігі анық. Бұған дейін ауыл тұрғындарын несиелеудің басты проблемасы олардың қолында кепілге салар мүліктің болмауынан туындады. Міне, сол себепті ұзақ мерзімге берілетін арзан қаражат үй шаруашылықтары үшін қолжетімсіз болып келді. Енді бұл мəселе мемлекеттің кепілдендіруі арқылы шешіліп отыр. Қорыта айтқанда, елімізде агросалада өң өзгерістерге бастайтын нақты бағдарламалар іске асырылуда. Ел экономикасының пандемия тудырған дағдарыстан кейін қалпына келіп, қарқынды даму жолына түсетінін аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы ұсынған экономиканы сауықтыру шаралары ел болашағының кепілі болары анық, – дейді Дидар Кенжебеков.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар