«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инвесторлар қатары жыл санап артуда

Инвесторлар қатары жыл санап артуда
Ашық дереккөз
Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың барлығы да ел экономикасының әлеуетін арттыруға жұмылдырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруды тапсырып отыр. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету. Сондықтан, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажет», деді Президент. Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты облысымызда жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалардың игілігін ел көруде.

Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, бүгінгі күні аудан әкімдіктері мен мүдделі басқармалар, облыста «Zhambyl Invest» сондай-ақ, «Kazakh Invest» акционерлік қоғамы және басқа мекемелермен жинақталған 2025-2028 жылдар аралығында жалпы құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобалар базасы қалыптасқан. Онда барлығы 5500 жаңа жұмыс орындары ашылуы көзделуде. Бұл жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, электр энергиясы және туризм салаларын дамытуға бағытталған. Ал, өткен жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 506,8 миллиард теңгені құраған.

– Бүгінгі таңда Мемлекет тарапынан қабылданған көптеген жобалар мен бағдарламалар өз жалғасын табуда. Бұл ең алдымен өңірімізде қолға алынған жобалардың табысты жүзеге асуына жол ашқаны белгілі. Мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру болатын. Бағдарлама қаржылық қолдаудан басқа, инфрақұрылымды дамытуға да бағытталған. Осының аясында жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік берді. Инвесторлардың арқасында былтыр жалпы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жобалар іске асырылып, 1453 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал биыл жалпы құны 121,7 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұлардың ішіндегі 11 жобада проблемалық мәселелер шешілген. Қазіргі таңда, жалпыұлттық пулға 47 жоба енгізілді. Сонымен қатар, жалпыұлттық пулға енген жобаларды «Ұлттық цифрлық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп «Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға» енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, Жамбыл облысының 41 инвестициялық жобасы платформаға енгізіліп, жол карталары жасақталды, – деді Әбілхайыр Тамабек.

Сонымен, аймақта инвестициялық жобаларды тарту және сүйемелдеу бойынша «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылып, жұмыс істеуде. Ол құрылған сәттен бастап 135-тен астам кездесу, 150 консультациялық кеңестер беріліп, инвесторлармен өзара ынтымақтастық туралы 18 келісімге және меморандумға қол қойылыпты. Сондай-ақ, шет елдегі қалалармен бауырластық қатынастар орнатылып, Қытай мен Түркия мемлекеттеріне алты іс-сапар ұйымдастырылған. Әріптестік байланыс аясында Түркия, Қытаймен қатар Парсы шығанағы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі алты инвестормен келіссөздер жүргізілген.

«Былтыр қарашада облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың бірінші отырысы өтті. Штаб отырысында сегіз жоба қаралды, олардың іске асырылу барысы туралы бастамашылар бейнеконференциялық байланыс режимінде қатысып, танысты. Енді тұрақты негізде өткізілетін өңірлік штаб отырыстары барлық мүдделі тараптардың қатысуымен проблемалық мәселелерді тікелей талқылау және шешу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде облысымызға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайларды дамытуға, өңірдің тартымдылығын күшейтуге және тұтастай алғанда инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін болады. Бүгінгі күні облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша бос кен орындарынан инвесторлар үшін сексеннен астам жоба әзірленген. Еліміздегі және шетелдегі елшіліктер арқылы әлеуетті инвесторларға ол жобалар туралы ақпарат таратудамыз. Қазіргі таңда дирекцияның сүйемелдеуінде әртүрлі салаларда жобаларды іске асыруды жоспарлайтын 757 миллиард теңгені құрайтын 30-дан астам инвестициялық жоба, сондай-ақ пысықталып жатқан 14 жоба бар», – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Облыста құрылған арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс бастаған инвесторлар қатары да жыл санап артуда. Мәселен, алдағы уақытта «Тараз» арнайы экономикалық индустриялық аймағының аумағында 137 миллиард теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаларды іске асыру аясында 1326 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұдан бөлек, облыс аудандарында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтары 180 гектарға құрылған. Бұл субаймақтарда әрбір аудан ерекшелігіне байланысты орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастырылмақ. Бүгінгі күні «Талас» субаймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін биыл облыстық бюджеттен 869 миллион теңге бөлінген. Оның 64 миллион теңгесі газбен жабдықтауға, 164,4 миллион теңгесі сумен жабдықтау және кәріз желілеріне, 579,5 миллион теңге электрмен жабдықтаудың 2-ші кезегіне, ал 61,7 миллион теңге электрмен жабдықтаудың бірінші кезегіне қарастырылған.

Ал, «Тараз қаласының индустриялық аймағын сыртқы электрмен жабдықтау схемасы» (1-кезек) – 1,4 миллиард теңгені құраса, «газбен жабдықтаудың» бірінші және екінші кезегі құрылысына – 403 миллион теңге, «кәріз және сумен жабдықтаудың» 1-ші және 2-ші кезегіне» – 458,3 миллион теңге, «Тараз» индустриялық аймағының байланыс желілері жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу және сараптамадан өткізу үшін – 7,9 миллион теңге, «Тараз қаласының индустриялық аймағын сыртқы электрмен жабдықтау схемасының» (2-кезек) жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеу және сараптамадан өткізу үшін – 16,5 миллион теңге қаражат бөлінген.

– «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында шағын орта кәсіпкерлікті қолдау үшін өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен заманауи өндірістік жайлардың құрылысы басталды. Кәсіпкерлермен инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жайлардың 30 пайызы броньдалды. Өндірістік жайлар төмен бағамен ұзақ мерзімге жалға беріледі. Аталған шағын өнеркәсіптік аймақтардың жұмысы осы жылдың екінші тоқсанынан бастап іске қосылады. Мәселен, «Jibek Joly» арнаулы экономикалық аймағы аумағы 505 гектарды құрайтын болса, бүгінгі таңда онда 19 қатысушы тіркеліп отыр, – дейді Әбілхайыр Тамабек.

Сондай-ақ, облыста «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қарастырылған. Облыстық комиссияның шешімімен 15 инвестициялық жоба қаржыландырылған. Оның 13-і республикалық бюджеттен, 2-еуі жергілікті бюджеттен қаржыландырылған.

– Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Бұл бағытта облысымызда ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар да аз емес. Мәселен, жоғарыда айтқанымыздай республикалық бюджеттен 13 жоба сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қаржыландырылып, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл жобалардың төртеуі сүт тауарлы фермасы, бесеуі көкөніс сақтау қоймасы, екеуі қайта өңдеу саласы, біреуі балыққа арналған жем өндірісі болса, келесісі су үнемдеу технологиясына бағытталған. Ал, облыстық бюджеттен бөлінген 500 миллион теңгеге «Злиха» шаруа қожалығының фри өндірісі жобасы және «Batu Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы жануарларының терісін қайта өңдеу жолымен жемшөп қоспасын өндіру жобасы қаржыландырылады. Бұдан басқа да бағдарламалар аясында 2025 жылға республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржының бөлінуі күтілуде. Бұл қаржыға 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен бүгінгі күні іске асырылып жатқан жобалар сүт өндірісін жыл сайын 15 мың тоннадан астам немесе 6,5 пайызға ұлғайтуға, облыстағы қоймалардың сыйымдылығын 10 пайызға арттыруға, сол арқылы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға және ең бастысы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтуға ықпал ететін болады, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар