«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Абай мұрасы – адамзаттың шамшырағы

Абай мұрасы – адамзаттың шамшырағы
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы халқымыздың дара тұлғаларын құрметтеуді әсте назардан тыс қалдырған емес. Ел Президентінің халықтың біртуар перзенті жайлы: «Абай халықты той тойлауға емес, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан, біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді» деп атап өтуі де бекер емес. Қазақ халқы қашанда кемеңгер Абайын ұмытпай, оның даналық ойларымен тыныстап келеді.

Ақыл-ойдың кемеңгері Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды кеш өтті. Біз қай кезде де Абай даналығына сүйенбей, хакімнің өсиеттерінен нәр алмай жүре алмаймыз. Абай жолы – туралық пен әділдіктің ауылына бастайтын шамшырақ. Өңірімізде хакімнің атымен аталатын мекеме, оқу орны, көше, ауыл атаулары аз емес. Олардың баршасы да хакімнің есімін құрмет тұтады.

Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі, Абай атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясы бірлесіп ұйымдастырған іс-шара колледждің актер мамандығындағы студенттерінің театрландырылған қойылымымен басталды. Бұл іс-шараның мәнісі Абай атындағы мекемелер мен оқу орындарының бірігуінде болды. Абайдың жастық жылдарын, кемелдену кезеңдерін қамтыған қойылым көптің көңілінен шықты.

Мұнан соң, хакімнің «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін жас әнші Ақтөре Орынбасар «Тараз-ғасыр» ансамблінің сүйемелдеуімен табиғи дауыста орындады. Абайдың «Тор жорға» атты күйіне «Шолпы» би ансамблінің бишілері мың бұрала билесе, аталған колледж студенттері хакімнің қара сөздерінің үзінділерін жатқа оқыды. Мұнан соң халықаралық «Бақытты бала» ән байқауының бас жүлдегері Айлун Заушева кемеңгердің «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» әнін жүректерге жеткізе шырқады.

Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясының мұғалімдері және Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Рахат Саламатова хакімнің терең толғаныстарын, даналық ойларын көпшілік назарына ұсынды. Абайтанушы: «Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, Абай – мұхиттай терең әлем. Хакім жазып кеткен қазына ешқашан таусылмайды. Ол – қазақ халқының үлкен рухани олжасы. Біз оны осы кеш барысында да сезініп отырмыз», – деп толғанды.

Аталған мектеп гимназиясының мұғалімдері Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін хормен орындады. Осындай ғажап сәттерге де қалың көрермен қол соғып, ыстық ықылас танытты.

Іс-шараға келген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, жергілікті ақын- жазушылар, зиялы қауым өкілдері, алдыңғы толқын ардагерлер мәдениет үйінің фоесіне қойылған Абайдың шығармашылығына арналған кітап көрмесіне ерекше назар аударды. Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері мұндағы әр кітапқа қысқаша шолу жасап, мән-мазмұнын айтып өтті.

Іс-шараның әсері жайлы Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева: «Абай Құнанбайұлы – барша қазаққа ортақ дара тұлға. Кітапханалар жүйесінің хакім атымен аталғаны біз үшін мақтаныш. Біздің мекемеге қарасты кітапханалардың баршасында хакім туралы көптеген іс- шаралар, әдеби кештер өтіп тұрады. Биыл хакімнің 180 жылдығына орай бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған өңірдің ақын-жазушылары, зиялылары белсене атсалысады деген ойдамыз. Екі іргелі оқу орнымен бірлесіп осы іс-шараны қолға алдық. Көпшіліктің көңілінен шыққан тәрізді. Алдағы уақытта да Абай хакімге деген құрметіміздің ауқымы ұлғая түседі.

Себебі, Абай тағылымы – мәңгілік тағылым» десе, Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп- гимназиясының оқушысы Әділет Мұратбек:

«Біз еліміздің болашағы үшін білім алып жатқан оқушылармыз. Абай атындағы мамандандырылған білім ордасында оқып жүргеніме қуанамын. Біз сыныптастарымызбен бірге сол үдеден шығуға күш салып, сабақ үлгеріміміз бен тәртібіміздің жақсы болуын қадағалап отырамыз. Мектеп- гимназияда өтетін хакімге арналған іс-шараларға, театрландырылған көріністерге белсене қатысамыз. Атап айтқанда, біздің гимназияның оқушылары Нұралы Қожа, Рәсілжан Тұрсынғали, Айару Қ уан дық, Ү міт Б одау ө з рөлдерін өте жақсы ойнап шығатын жас өнерпаздар. Бүгінгі ауқымды әдеби кеш көңілімізден шықты. Мұндай іс-шаралар көбірек өтіп тұрса, хакімнің еңбектері көбірек насихаттала берсе деген тілегім бар», – дейді.

Абай – қазақтың данасы. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен және қолдауымен «Жұмысшы мамандықт ар жылы» жарияланса, ол туралы да хакім:

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деп осыдан 150 жыл бұрын тайға таңба басқандай айтып кеткен. Хакім сөзі қазіргі уақытпен де үндесіп, талай түйіннің шешуі, талай сұрақтың жауабы болып тұрғандай.

Сондықтан, аталған әдеби кештің мазмұны жоғары болды. Жа лпы, хакімнің рухына арналған іс-шара жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлағаны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар