«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алты тонна заңсыз есірткі заты тәркіленді

Алты тонна заңсыз есірткі заты тәркіленді
Ашық дереккөз
Заманның зұлмат дерті саналатын есірткі қылмысына қарсы күрестің бір сәтке де толастаған күні жоқ. Десе де, есірткінің құлына айналып, өз өміріне балта шауып жатқандар азаймай тұр. Өкініштісі, есірткіге елтігендердің арасында жастар мен жасөспірімдердің саны артып барады. Ал, «қара бизнестің» көрігін қыздырушылар адам тағдырын ойыншық қылып, бас пайдалары үшін бала еңбегін де пайдалануға үйір.

Осы себепті, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Шын мәнінде, бұл – бүгінгі өмір талабымен қатаңдатылған, өте уақтылы қабылданған заң жобасы. Өйткені, «ғасыр індетінің» таралымы күннен-күнге асқынып барады.

Иә, бұл күн де құзырлы органдар тарапынан есірткі қылмысының алдын алу бойынша көптеген шаралар жүргізіліп жатыр. Біздің өңірде де есірткі қылмысын әшкерелеу, осынау індеттің жолын кесу мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылған. Мәселен, өткен жылы жамбылдық полицейлер шамамен 6 тонна заңсыз есірткі затын тәркіледі. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары есепті кезеңде контрабандалық 13, наша өсірудің 9, есірткі заттарын пайдалану үшін «орынды» қамтамасыз ету және ұйымдастырудың бір дерегінің жолын кесті. Бұдан бөлек, заңсыз айналымдағы 5 тонна 911 килограмнан астам түрлі есірткі заты тәркіленген.

– Жыл ішінде Шу алқабынан басқа аймақтарға каннабисті жеткізудің 7 арнасының жолы жабылды. Жамбылдық полицейлердің Астана, Алматы қалаларымен және Маңғыстау облысындағы әріптестерімен өзара бірлесіп әрекеттенуінің нәтижесінде «гашиш» және «марихуана» есірткі затын жеткізу арналары бұғатталды. Жалпы 100 килограмнан астам есірткі заты тәркіленді. Ал, Қырғыз елінің Ішкі істер министрлігі заңсыз есірткі заттары айналымы қызметімен бірге Ауғанстан мен Тәжікстаннан трансұлттық жеткізілім арнасының алдын алу үшін екі рет жедел және іздеу қызметі өткізіліп, нәтижесінде 4 адам ұсталды. «Қарасора-2024» аясында бір мың тоннадан астам жабайы каннабис өсімдігі жойылды. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 780 тоннаға артық. Осындай әдістің арқасында көлеңкелі есірткі саудасына 40 миллиард теңгенің түсуінің жолы кесілді. Өткен жылы заңсыз синтетикалық есірткі айналымына қатысты 18 қылмыс анықталды. Нәтижесінде Алматыдан біздің облысқа жеткізудің 5 үлкен арнасы жабылып, 3 килограмм синтетикалық есірткі тәркіленді. Полицейлер Алматы қаласындағы синтетикалық есірткі затын дайындайтын лабораторияны жойып, 4 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтады. Бүгінгі таңда «Narko Shekteu Taraz» Telegram-боты өз тиімділігін растады. Есепті кезеңде аталған ботқа тұрғындардан 2286 өтініш түсіп, нәтижесінде 1874 сайт бұғатталды. Сондай-ақ, 289 граффити жазбалары жойылды, – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Өкінішке қарай, арам ниетті қылмыскерлердің құрықтарына жасөспірімдер көптеп түсіп жататыны жасырын емес. Тіпті, қулығына құрық бойламайтын әккі қылмыскерлер есірткі тасымалдауда ақылға қонымсыз түрлі әдіс- айлаларды ойлап тауып жатыр. Алайда, ел азаматтары есірткі өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және қылмысы дәлелденген жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын ұмытпағандары жөн. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков осы жылдың 3 наурызында күшіне енетін Президент қол қойған заңның құқықтық салдарын түсіндіріп өтті.

– Біріншіден, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі таратушылар, оның ішінде «есірткі жасырушылар» үшін қылмыстық жауапкершілік бөлінген. Егер олар үшін Қылмыстық Кодекстің 297-бабы бойынша бірыңғай жаза қолданылған болса, енді есірткі жасырушылар дәл осы Кодекстің аталған бабы бойынша бірақ төмендетілген санкциялармен жауапқа тартылатын болады. Бас бостандығынан айыру орындарында отырған көптеген есірткі жасырушылар бұл заңды бірінші рет бұзған жастар. Сондықтан, мемлекет түзету жолына тұрған жастарға ертерек еркіндікке шығып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Бұл – түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің санын азайтудағы маңызды қадам. Екіншіден, заңмен біржола Қылмыстық Кодекстің 297-1 жеке бабы енгізілуде. Демек, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі өндірушілер, сондай-ақ лауазымды тұлғалар үшін жаза қатаңдайды. Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін немесе бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Үшіншіден, күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ есірткіні өндіру, әзірлеу, қайта өңдеу кезінде қолданылатын прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік бірінші рет енгізілуде. Жалпы, аталған өзгерістер прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың айналымына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің бұдан да әділетті жүйесін құруға, сондай-ақ қоғамды есірткінің заңсыз айналымы салдарынан қорғау бойынша шараларды күшейтуге мүмкіндік береді деп пайымдаймыз, – деді Асқар Абдуаханұлы.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар