«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмыс іздеген жастарға жәрдемі мол жәрмеңке

Жұмыс іздеген жастарға жәрдемі мол жәрмеңке
Ашық дереккөз
Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Шын мәнінде, жұмысшы мамандар деп кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгеріп, дағдыланған азаматтарды айтамыз. Бірінші кезекте жұмысшылар жақсы еңбек жағдайында жұмыс істеуі керек. Жалақысы, құрал-жабдықтармен қамтылуы, қауіпсіздігі, денсаулық жағдайы бақылауда болуы тиіс.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деген еді.

Ал, бірер күн бұрын облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. «Скиф Трейд» сауда орталығында өткен шараның негізгі мақсаты – еңбек адамдарын дәріптеу, жастардың «екі қолға бір күрек» табуына ықпал ету. Бұл күні жұмыс берушілер өз компаниялары жөнінде бірқатар маңызды деректерді тілге тиек етіп, жәрмеңкеге қатысушыларға бос жұмыс орындарын ұсынды. Тиісінше, жұмыс іздеушілер компания өкілдерімен тілдесіп, көкейлеріндегі сан сауалына жауап алды.

– Іс-шара жастарға қолдау көрсету үшін ұйымдастырылуда. Облыс көлемінде 19 бен 35 жас аралығында 355 мыңға жуық жас бар. Оларды қоғамның белсенді азаматтарының қатарына қосу – маңызды міндет. Әулиеаталықтар жәрмеңке кезінде бос жұмыс орындары, құқықтық сауаттылық және тағы басқа сұрақтар бойынша толыққанды жауап ала алады. Жалпы, мұндай жәрмеңке бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Айталық, былтыр бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 2 461 жұмыс беруші мекеме қатысып, 7 993 бос жұмыс орны ұсынылды. Ал, бұл шараға бас-аяғы 7 515 жас қатысты. Жәрмеңке қорытындысымен 156 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 249-ы «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша, 367-сі тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Сонымен қатар, 991 жас консультациялық кеңес алу мүмкіндігіне ие болды, – деген облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ерсаят Қоңырбай бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі – жастардың жұмыссыздығымен күресудің төте жолы екенін атап өтті.

Рас, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастарға кәсіби тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмыс табуға таптырмас орын. Осы себепті, бұл күні мұнда келушілердің қарасы қалың болды. «Қайнар» колледжінің 3-курс студенті Естай Сәбитұлы мемлекет ұсынған бос жұмыс орындарынан өзіне лайықтысын табарына сенімді. Ол өз сөзінде түлектердің көпшілігі оқу орнын сәтті тәмамдаған соң, жұмысқа орналаса алмай қиналатынына тоқталды.

– Кез келген студенттің басты арманы – оқуын аяқтаған соң тұрақты жұмысқа орналасу. Алайда, университет пен колледждерде алаңсыз білім алып жүрген олардың басым бөлігі диплом алған сәтте өздерін далада қалғандай сезінеді. Осы ретте бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің берері мол. Өз басым дәл қазір 3-курс студентімін. Алдағы уақытта өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасқым келеді. Сондықтан, бүгін осында келіп, мансап орталығының мамандарынан бітіруші түлектерге арналған «Жастар тәжірибесі» жобасы жөнінде мол мағлұмат алдым. Алдағы уақытта осы бағдарламаның шарапатын көремін деген ойдамын, – деді Естай.

Жалпы, осынау жәрмеңке барысында «Сәуле» кондитерлік зауыты, «FIRKAN», «Тәтті себет» сауда дүкендері мен «Qazaq oil», «Helios» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі секілді 72 жұмыс беруші мекемеден 136 бос жұмыс орындары ұсынылды. Ал, жәрмеңке қорытындысымен 30-40-қа жуық жас тұрақты жұмысқа орналасты.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар