«Ақылды фермалар» табысты арттырып, өнімділікті өсіреді
- author «Ақ жол»
- 27 қаңтар, 2025
- 264

Бүгінгі күні Жамбыл ауданында жалпы құны 4,7 миллиард теңгені құрайтын екі тауарлы сүт фермасының құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда. Оның бірі Өрнек, екіншісі Көлқайнар ауылдық округтерінде инвесторлардың күшімен атқарылуда. Бұл жобалар жүзеге асырылған сәтте 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның 30-ы тұрақты жұмыс орындары болмақ.
– Мал бағу оңай шаруа емес. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, оның жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, айтақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір аудан шаруашылықтары малды қыстауларда ұстап, жайлы қыстатуда. Ал, тауарлы сүт және ет бағытында жұмыс істейтін фермаларда да жұмыс қалыпты. Ендігі кезекте ауданда инвесторлардың күшімен 1012 басқа арналған екі ферма салынуда. Өрнек ауылында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Момбеков» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасының жобалық құны 2,9 миллиард теңгені құрайды. Ал, Көлқайнар ауылдық округінде «AzNur Agro» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі салып жатқан жобаның құны – 1,35 миллиард теңге. Бұл нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарлануда, – дейді аудан басшысы.
Өрнек ауылындағы тауарлы сүт фермасының сыйымдылығы 621 басқа арналған. «Момбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Күлпаршын Сатибаеваның айтуынша, бүгінгі күні фермаға электр желілері тартылып, 4 корпустың іргетасы қалануда. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Мұнда заманауи техникалар арқылы сүт өнімдері өндірілетін болады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Біздің ұстанған жолымыз – ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Бұл елімізде қабылданған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мүмкін болуда. Бүгінде мал басын көбейтіп, ет және сүт бағытында жұмыс істеудемін. Бүгінгі күні шаруашылықты кеңейтіп, тауарлы сүт фермасын салудамын, оның құрылыс жұмысына 2 миллиард теңгені жеңілдетілген 2,5 пайызбен алсам, 915 миллион теңгені өз қаражатымнан қостым. Қазіргі таңда «Алем Constrution» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары жүруде. Электр желілерін жүргізу, 4 корпустың іргетасын құю жұмыстары аяқталған. Казіргі таңда фермалық құрылымдарының дәнекерлеу жұмыстары жүруде. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып, 2025 жылдың маусым айында аяқтағалы отырмыз. Бүгінгі күні тауарлы сүт фермасына қажетті жабдықтарға тапсырыс беріп қойдық, – дейді Күлпаршын Сатибаева.
Ал, Көлқайнар ауылдық округінде «AzNur Agro» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуда. Жоба құны 1,8 миллиард теңгені құрайды. Кооператив төрағасы Азат Сатановтың айтуынша, бүгінгі таңда ферманың іргетасын құю жұмыстары аяқталып, тіректерге арналған орындардың 50 пайыз жұмысы аяқталған. Үшінші корпустың тіректері дайын. Қазіргі таңда тіректерді қойып дәнекерлеу жұмыстары жүруде. Нысанның құрылыс жұмыстарын «Тұлпар Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс бригадасы нысан құрылысын сәуір айында аяқтап тапсыруды жоспарлап отыр.
– Президентіміздің тапсырмасы бойынша ауданда мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге баса көңіл бөлініп келеді. Өрнек пен Көлқайнар ауылдық округтерінде құрылысы жүргізіліп жатқан тауарлы сүт фермаларының құрылыс жұмыс-тарымен арнайы барып таныстым. Ондағы құрылыс жұмыстары талапқа сәйкес жүргізілуде. Бұл фер-малар іске қосылған сәтте 50 азамат жұмыспен қамтылса, сауын сиырлар қатары 1012 басқа көбейіп, сүт өндірісі артады деген сенімдемін. Бұл өңір экономикасына өз септігін тигізеді деген сенімдемін. Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсау біздің негізгі бағытымыз болып отыр, – дейді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Тұтынушылар өз құқығын қаншалықты қорғай алады?
- Бүгін, 12:57
Экономиканы әртараптандыру – ел дамуының қозғаушы күші
- 12 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді