«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үздік мектептің нәтижелері де үздік

Үздік мектептің нәтижелері де үздік
Ашық дереккөз
Төле би ауылында өткен оқу жылын түлектерінің 15-і «Алтын белгі» төсбелгісімен, 7-еуі «Үздік аттестатпен» аяқтаған мектеп бар. Осындай биік белестерді бағындыруға баянды басшылық жасап келе жатқан Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Азиза Естаеваға жолығып, аталған білім ошағының тыныс-тіршілігімен тереңірек танысқан болатынбыз.

Жаңа Қазақстанның іргетасы берік қалануына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған Жолдаулары, әр жылдарда дәстүрлі өтіп жатқан Ұлттық құрылтай жиындарында атап көрсеткен маңызды міндеттері мен тиянақты тапсырмалары негіз болуда. Бұл маңызды құжаттардың барлығында ең алдымен еліміздің болашағы – жас ұрпақтарға сапалы білім беру, сол арқылы елімізді жан-жақты дамыту алдыңғы орынға қойылып келеді. Осыған орай, Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының педагогикалық ұжымы да балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде біршама жетістіктерге жетіп жүр. Бүгінде мектепте 1158 оқушы білім алуда. Ұстаздардың қажырлы қайратының, табанды еңбегінің арқасында 2023-2024 оқу жылы мектеп ұжымы үшін үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болғанын айта кеткен жөн. Себебі, мектептің білікті ұстаздары мен білімді ұл-қыздары көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен конференцияларға қатысып, білім ошағының жетістіктер қатарын еселеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз айтқандай, осы орайда ұйымшыл ұжымдағы педагогтердің еңбектерін айтып өтпеу әділетсіздік болар еді.

– Мектептің бір күнтізбелік жылының жетістіктеріне тоқталатын болсам, республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінің жүлдегері атанып, республикалық кезеңге жолдама алған бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Ләззат Шыныбаеваның оқушысы Талшын Сағымбек (3-сынып) ІІІ орынды иеленіп, мектебіміздің мерейін еселеді. Ал, 4-сынып оқушысы Әли Әсем (жетекшісі Дәрия Тастанова) болса, республикалық «Алтын сақа» математикалық олимиадасына қатысып, ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Жалпы, ғылыми жобалар байқауларына қатысқан 32 оқушының 27-сі түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, республикалық пәндік олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңдеріне 81 оқушы қатысып, 50-і жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсам, облыстық пәндік олимпиада кезеңінің жүлдегерлері Севинч Усанова қазақ тілі, Алина Щетинина ағылшын тілі, Айгерім Талғатқызы орыс тілінен озық шықты. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы Зивара Аблай химия пәнінен қола медальға қол жеткізсе, «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты республикалық жас мамандар байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінің жеңімпазы Бахит Бексұлтан республика кезеңінен Алғыс хатпен оралды. Айнаш Төлеуова мен Динара Кончибаева болса, республикалық «Үздік басшы орынбасары» байқауының ІІ дәрежелі диплом иегерлері атанды. «Білім беру саласының әлеуетті көшбасшысы» атты педагогтер арасындағы облыстық конкурста да мектеп-гимназия директорының орынбасары марапатталды. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мая Кадырова ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазын дайындағаны үшін облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Жалпы, республикалық пәндік «Педстарт» олимпиадасы бойынша 45 жеңімпаз марапатталғанын айта кеткен жөн. Оқушылар арасында патриоттық тәрбиені насихаттауда мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Малик Гамидовтың іскерлігінің арқасында аудандық және облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүргендігімізді атап өткім келеді, – дейді мектеп-гимназияның директоры Азиза Естаева.

Мектеп басшысының айтуынша, облыстық, республикалық «Өрлеу» БАҰҚ ұйымдастырған түрлі байқауларда ұжымның 42 мұғалімі жүлделі орындарды иеленсе, облыстық, республикалық маңызы бар қалаларда ұйымдастырылған олимпиада, конкурстар мен байқауларға осы мерзімде 62 педагог қатысып, марапаттарға ие болған. Сонымен қатар халықаралық, республикалық конференция, семинар және шебер сыныптарда 45 педагог өз іс-тәжірибелерімен бөліскен. Жалпы, соңғы жылдары мектеп-гимназия ҰБТ нәтижесі бойынша да үздіктер қатарынан көрініп келеді. Жоғары нәтижеге жету үшін мектептің педагог кадрларының сапалы жасақталуы басты рөл атқарады. Олардың біліктілігіне қойылатын талаптардың жоғары болуы және педагогтердің үнемі ізденісте жүруі осындай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беруде. Білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде мектеп-гимназия ұстаздарының еңбегі шәкіртінің көрсеткен білімінен дәлелденеді. Оқушыларға жалпы жоғары білімді 132 педагог білім беруде, оның 13-і педагог-шебер, 46-сы педагог-зерттеуші, 25-і педагог-сарапшы, 26-сы педагог-модератор болса, педагог санатында 22 ұстаз, магистр дәрежесінде 10 педагог еңбек етуде.

Жетістіктердің бір көрсеткіші ретінде Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне тоқтала кетейік. Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылында ҰБТ тапсырған 80 оқушы орташа 89,5 ұпайды көрсетсе, тестілеуге қатысу деңгейі 81 пайызды көрсеткен. Оның ішінде 15 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің, 7 оқушы «Үздік аттестат» иегері болса, барлық бітірушілердің 87 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Жалпы, аудан бойынша 35 ұл-қыз «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталса, оның 15-і осы Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназияның түлектері болғаны мақтаныш етуге әбден тұрарлық.

– Қол жеткен жетістіктердің өздігінен бола қалмайтыны, онда қаншама мұғалімнің еңбегі жатқаны белгілі. Ұстаз – қадірлі маман, ал, ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Биылғы оқу жылында да тәжірибелі ұстаздарымыздың еңбектері еленіп, назардан тыс қалмай келеді. Мектептің 10 педагог-зерттеушісіне Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы, 1 педагог-шебер ұстазға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы» медалі берілсе, 10 педагог-зерттеуші Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіге ие болды. Сондай-ақ «Алтын белгі» төсбелгісі мен «Үздік аттестат» иегерлерінің сынып жетекшілері Ләззат Шыныбаева, Дәрия Тастанова, Татьяна Бопп, Айнұр Жүндібаева, Жанат Айтбаева және Исмайл Муштаковтың еңбектері ерен екенін атап өтсек артық емес, – дейді Азиза Тоқсабайқызы.

Қазіргі білім беру жүйесі тек академиялық біліммен ғана шектелмей, оқушыларды әлеуметтік және адамгершілік құндылықтармен де тәрбиелеуді мақсат етеді. Қазіргі таңда тәрбие бағыты бойынша ерекше маңызды болып табылатын құжаттардың бірі – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеуді көздейді. Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты ІІІ отырысында сөйлеген сөзінде негізгі құндылықтарды атап өтті. Осы бағдарламаны негізге ала отырып, оқушыларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру мақсатында мектеп-гимназияда ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының» жұмысы ұйымдастырылып, сынып жетекшілері тәрбие орталығымен бірлесе отырып, ата-аналармен түрлі тренингтер мен кездесулер ұйымдастыруда. Ұл балалар мен қыз балалардың тәрбиесіне бағытталған жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп, түрлі клубтар арқылы іске асуда. Соның нәтижесінде оқушылар арасында құқық бұзушылық, арнайы есепке тіркелгендер жоқ. Мектепте дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спорттық, мәдени, ұлттық іс-шаралар жалғасын тауып келеді.

Біз сөз етіп отырған мектеп-гимназия есімін иеленген атақты тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың туғанына 110 жыл толғалы отыр. Осыған байланысты білім ошағында тарихшы-ғалымның есімімен аталатын мәдени мұражай ашылған. Дәстүр бойынша жыл сайын тарихшының туған күні қарсаңында мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. «Алдағы уақытта ғалымның туғанына 110 жыл толуына байланысты үздік мектеп ретінде облыстық, республика деңгейінде іс-тәжірибемізді бөлісуді жоспарлап отырмыз», – дейді мектеп директоры А.Естаева.

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

ардагер журналист.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар