«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Артық білім – кітапта...

Артық білім – кітапта...
Ашық дереккөз
Кітап – біздің рухани досымыз, құндылығымыз, әрі теңдессіз байлығымыз. «Жақсы кітап оқысаң, ақылды адаммен тілдескендей боласың» дегендей, кітап оқу ақылымызды, миымызды, ойымызды қуаттандырады. Ал, өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де кітапханадан табасыз. Сондықтан, кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір болып табылады.

Мойынқұм ауданы құрылғаннан кейін көп ұзамай-ақ 1965 жылы аудандық балалар кітапханасы ашылып жұмыс істей бастады. Ол кезде оқырман саны 370 адам болса, кітап қоры 7200 дана ғана еді. 70-ші жылдары аудан бойынша 26 кітапхана халыққа қызмет көрсете бастады. Ал, 1976 жылы аудандық кітапхана республика бойынша Меркі ауданынан кейін екінші болып орталықтандырылуға көшірілді. Сөйтіп, 80-ші жылдары аудан халқына 36 ауылдық, поселкелік кітапхана қызмет көрсетті. Алайда, 1997 жылы оңтайландыру мақсатымен барлық ауылдық кітапхана жабылып, тек орталық кітапхана қалды. Дегенмен, 2000 жыл Мәдениетті қолдау жылы деп жариялануына байланысты сол кездегі аудан әкімінің шешімімен кітапхана филиалдары қайта ашылып, жұмыс істей бастады. Бүгінде ауданда 20 кітапхана, оның ішінде 1 аудандық, 1 балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және 18 ауылдық кітапхана халыққа қызмет етуде. Кітапханаларда кітап қорына жаңа түскен әдебиеттерге ұсыныстық тізімдер, жарнамалық парақшалар ұйымдастырылып, оқырман сұранысын табуға көмектесіп, жөн сілтейтін библиографиялық картотекалар мен каталогтар жұмыс істеуде. Кітап беташары, оқырмандар конференциясы, пікір алмасу, кітаптың тұсаукесерлері өтіп тұрады. Кітап қоры қазіргі таңда аудан бойынша 273 707 данаға жетіп, жыл сайын кітапхана 13 400 оқырманға қызмет көрсетіп келеді. Кітапханада бүгінгі таңда 2 коворкинг орталығы, 9 цифрландырылған ақпараттық орталықтар жұмыс істейді. Egov. kz электронды порталынан ауыл тұрғындарына қажетті анықтамаларды алып бере алады. Барлық кітапхана компьютермен, интернет желісімен қамтылған. Осының бәрі ауданда кітапхана оқырмандары санының артуына ықпал етуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында кітап пен кітапхананың қоғамдағы орнын ерекше атап көрсеткен болатын. Сол бастаманы бірінші болып қолдаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 2025 жылды кітап оқу жылы деп жариялап, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын ұсынып, өңір жұртшылығын кітап оқуға шақырды. Жобаның негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру екені түсінікті. Шынында да, кітап оқу – бұл тек білім алу ғана емес, кітап оқырманның ойлау қабілетін жақсартып, оның сөздік қорын молайтады, жан дүниесін рухани байытады және ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді. Осы орайда өңірдегі кітапханалардың жұмыстары да жанданары сөзсіз. Бүгінгі таңда түрлі жобалар арқылы кітапханаға оқырман тарту, тұрғындарды кітап оқуға шақыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, республикалық «Бір ел – бір кітап», облыстық «Ел болып оқимыз» және жергілікті «Білімнің көзі кітапта» жобалары аясында байқаулар, көрмелер, әдеби кештер өтіп тұрады. «Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан, жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген Серке Қожамқұловтың сөзін еске алсақ, адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы жеткен. Сондықтан да, кітапты адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы дейміз. Бүгінгі таңда жұртшылық жас ұрпақ тәрбиесін көлденең тартады, оны шешудің жолдарын іздейді. Жас ұрпақ тәрбиесінің басты көзін кітап дер едім. Неге десеңіз, тарих та, салт- дәстүр де, ұлтымызға тән ұлы қасиеттер мен басты ұлттық құндылықтардың барлығы кітапта.

Ендеше, кітаптан асқан тәрбиеші бар ма? Кітап оқыған адам рухани азықтанып қана қоймайды, өмір жолын таниды, өз қалауын да осы арқылы жасай алады. Кітап тек білім беріп қоймайды, ол адамды тәрбиелейді. Кітап оқи отырып, кейіпкерлердің әрекетін саралайсың, өзіңмен салыстырасың, оқиғалар тізбегіне толғанасың. «Жақсы сөз – жанның рахаты» деп текке айтпаса керек. Міне, жанымызға осы рахатты беретін тағы да – кітап. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі де әрбір азаматтың жадында сақталуы керек. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп Абай жырлағандай, ерінбей білім алуға асығайық. Ал, бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық!

 

Ғалия ШУБАЕВА,

аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры.

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар