
Бастау
– Менің қайын атам мен қайын енем екеуі де тамаша адамдар еді. Араға он күн салып бірінен кейін бірі бақилыққа аттанып кете барды, – деді Баймұрат інім өкініш білдіріп.
– Е, Алла алдарынан жарылқасын! Құдайдың сүйген құлдары екен, араларына аз ғана уақыт салып аттанғандарын қарашы бақилыққа. Жастары қаншада еді? – дедік біз көңіл айтып әрі ерлі-зайыпты кісілердің қатар дүние салғандарына таңғалғандай.
– Атам 92 жасқа, енем 87 жасқа қараған шағында...
– Е-е, бала-шағасының алдында жақсы төрелеген екен. Ұрпақтары бар шығар?
– Бар ғой, бар, Құдайға шүкір! Ұл- қыздарынан немерелер де, шөберелер де көрген. Тек, өте жақсы кісілер еді да...
– «Жаман күйеу – қайынсақ» деп күліп жүрер біреулер, осы жерден қайт! – дедік інімізге әзіл-шыны аралас.
– Айтса, айта берсін! Жақсының жақсылығын айту керек. Одан да сіз жазыңызшы менің атам туралы, – деп өзеурей түсті інім. – Сізге де құда болып келеді ғой.
– Жазсам, жазайын, неге жазбасқа жақсы адамдар жайында?!
Осы әңгімеден кейін Асық ақсақалдың әлеміне асықтым. Ол кісінің інім берген кітаптарын парақтадым. Баймұрат бауырым айтса, айтқандай-ақ, Асық Уәлиұлының өмірі де, өткен жолы да, ғибратты сөздері де өзгелер өнеге алғандай екен.
Өзге емес, өзі айтыпты өзі жайлы
...Асық ақсақал «Жөн көрдім жинақтауды өткендерді» атты өмірбаяндық кітабында:
«Әке-шешемнің айтуынша, мен Қырғызстанда туып, атымды қырғызша «Азық» деп қойған екен. Қазақша Асық атанып кеттім. Азық қырғыздың бір руының аты екен. Атымды сол рудың азаматы, қырғыз жездеміздің інісі Абдразақ Мәмбеткерім қойыпты... «Сен 1933 жылы туғансың» дейтін әке-шешем», – деп жазыпты.
Жұбан ақынның айтқанындай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ басынан не қиыншылықтарды кешпеген десеңші! Арғы атасы Құлтай бабадан үзілмей Алпысбай, Самбайға жеткен қызыл қой мен бәйге торының тұқымдарының қалдығы қарашаңырақтағы Уәлиде қалған екен. Малдың басы біраз болған-ау шамасы, таратқанын таратып, жаратқанын жаратқанның өзінде қолдағы қалғанының өзі «бай» атандырып, тәркілеуге (кәмпеске) ілінетінін бағамдаған Уәли көрші Қырғыз елінің Қызылсу деген жеріне өтіп, қырғыздың Чечей деген руының арасына барып паналаған. Өз елінен сая таппаған адамды өзгелер жарылқай қойсын ба, Чечейлер бірден Уәлидің малына көз тігіп, көпе-көрнеу талауға сала бастаған. Содан қалған малымен көше қашқан Уәли Қуақының белінен Қочқор жақ бетіне асып, Қызыломпол тауының сілемі Ортотоқой деген жердегі Шудың сағасында отыратын шала таныс қырғыз құдалардың қасына қоныстаныпты. Сол араны үш жылдай мекен еткен. Асықтың апасы айтып отыратын дүниеге келген жері – сол жер.
Қазақстанда бай-құлақты тәркілеу аяқталып, қазақты қынадай қырған ашаршылықтың аранынан аман қалып, 1934 жылы елге оралған Уәли мал атаулыдан қалған көк биесі мен жалғыз сиырын қосып, колхозға мүше болып кіреді.
Туған жер – алтын бесік, Қордай жерінде қоңданып, балалары дүниеге келіп, ел қатарлы өмір сүріп жатты. Уәли колхоздың сиырында. Жетінші сыныпты бітірген Асық ауылда. Бір күні үйлеріне келген Құрманәлі ағасы Асықты атына мінгестіріп ала кетті. Ауылдан Нури деген кісіні ерте шыққан. Жуастау бір өгізді алдарына салып айдап келеді.
Олар таңертең Тоқмоқтың базарына келіп тізгінді бір-ақ тартқан. Сол жерде өгізді пұлдаған соң, інісін қара базарға алып кірген Құрманәлі оның бойына, денесіне шақтап киімдер сатып алған. Базардың сырт жағындағы тасалау жерде Асықты шешіндіріп, су жаңа киіндірді де, ескілерін сонда қалдырып кетті.
Әлі есінде, қаланың Садовая көшесі бойында орналасқан «Ауыл шаруашылығы механизациясы техникумы» деген ілмесі бар мекемеге алып келген. Осы жерде бұл келістің сырын айтқан ағасы: «Ауылда 7-сыныптан әрі қарай оқитын мектеп жоқ. Сен енді осы техникумда оқисың. Оқу – қырғыз тілінде. Жатақханасы бар. Қазір құжаттарыңды өткізіп кетеміз. Күзде оқуға өзім әкелемін. Жақсы оқысаң, жақсы адам болып шығасың» деген. Бірақ, қалай оқиды? Бір ауыз орысшасы да жоқ. Талап қылса, оқуға болады екен. Оқыды.
«Міне, Құрекең мені сөйтіп зорлап оқытты», – деп жазыпты естелігінде. Өкінішпен емес, ризашылықпен айтылған сөз.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді қазақта, Құрманәлі ағасы бұлақтың көзін ашты. Әрі қарай Асық- бұлақ ағысын жалғастырып, 1950 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының механизация факультетіне оқуға түскен. Қандай себеп болғанын қайдам, одан қырғыздың Скрябин атындағы ауыл шаруашылығы институтына ауысып, 1955 жылы жоғары білімді инженер-механик мамандығын алып шығыпты.
Алғашында институт жолдамасымен Қырғызстанның бір шаруашылығында инженер болып қызмет атқарған Асық 1958 жылы туған ауылындағы «Колос» кеңшарына бас инженерлікке шақырылып, осы қызметтен зейнеткерлікке шығыпты. Үздіксіз еңбек өтілі – 44 жыл! «Дарақ бір жерден өсіп, сол жерде көгереді» деген осы да.
Асық асқан асулар
Асық ақсақал «армансыз адам» деп айтуға тұрарлық тұлға біздің пайымдауымызда. Әй, бірақ, армансыз адам болған емес қой мына жалғанда. Ол кісінің де бір арманы болған шығар? Ол, енді, бір Аллаға аян.
Біздің ол кісі «армансыз адам» деп пайымдауымыздың себебі былай: Құдай қосқан қосағы Айымкүл апамен 68 жыл жұбайлық ғұмыр кешіп, бастары бір жастықта қартайып, екеуі бір жылда, бір айда дүниеден өткен, 6 перзентке өмір сыйлап, олардан 18 немере, 18 шөбере, 2 шөпшек сүйген адамда арман жоқ болуы керек. Ұл- қыздарының бәрі – жоғары білімді, үйлі-баранды. Күйеу балалары мен келіндері – жұбайларымен жарасымды жұп. Тұңғыштары Айнагүл–Жамбыл технологиялық институтын, күйеу баласы – Баймұрат Жамбыл пединститутын бітірген. Екеуі де зейнеткер. Баймұрат әлі сапта, Тараз қалалық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ғалиясы – 38 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты мұғалім, күйеу бала Жұмағали да жоғары білімді агроном, қазір кәсіпкер. Мұхаметқалиы – Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының түлегі, әке жолын қуған инженер, Гүлнәр келіні – жоғары білімді агроном, қазір Алматы қаласында қорғаныс істері басқармасының бөлім басшысы. Қарашаңырақ иесі Сейітқали – әкесінің атындағы «Асық» ШҚ жетекшісі. Шынар келін – 32 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім. Әсия – жоғары санатты мұғалім, қазір Қордай аудандық психологиялық-педагогикалық оңалту орталығының директоры, күйеу бала Ербол – кәсіпкер. Кенже қыз Рәзия – жоғары білімді қаржыгер, күйеу бала Сәбит – Қарағандыда «Qazmet» компаниясының бөлім басшысы.
Бұл ретте Асық ақсақал тамыры терең, жапырағы жайқалған бәйтерекке теңеуге лайық.
Асық Уәлиев – туған ауылындағы «Алмалы» кеңшарында 40 жыл бас инженер қызметін атқарған білімді де білікті маман. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Ол 18 жыл жетекшілік еткен Қарасай ауылдық округі жанындағы ардагерлер кеңесі үнемі үздіктер қатарында болыпты. Төраға Асық Уәлиұлы 2009 жылы ауданда ардагерлер арасында өткен «Атадан аманат – ұрпаққа ұлағат» байқауында бас жүлдені қанжығаға байласа, 2019 жылы «Батаменен ел көгерер» батагөйлер байқауының жүлделі екінші орын иегері.
Адам марапат үшін жұмыс істемейді. Дегенмен, еңбегі еленіп, марапатталып жатса, ол да бір мәртебе. Асық ақсақал қызмет барысында, қоғамдық жұмыста жүргенінде омырауына 8 медаль, 2 төсбелгі тағыпты. Медальдардың бәрі – мерекелік. «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», «Қордай ауданының Құрметті азаматы» төсбелгілері сол медальдардың қатарын толықтырып тұр. Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттарда есеп жоқ. Асық ақсақал үшін солардың бәрінен жоғарысы – елінің, замандастарының, ауылдастарының сыйластығы, құрметі болды.
Осының бәрі өмірдің бір асуы емес пе?!
Өмірін өлеңмен өрнектеген
Асық Уәлиұлы – бес кітаптың авторы. Алғашқысы «Қарасайдың ұрпағы Түктіқұрттың шежіресі» деп аталады. Екінші – сол кітаптың толықтырылған нұсқасы. Аты айтып тұрғандай, бұл кітаптарда шыққан тегі бүгінгі ұрпағына дейін түзілген. Кейбіреулер «бөлінгенді бөрі жер, жарылғанды жау алар», «шежіре түзу дұрыс емес» деп тантып жүр. Әрине, өз руын өзгелерден артық санау, жоғары қою дұрыс емес. Ал, ешқандай әсірелеусіз түзілген шежіре керек. Ол бүгінгіге де, келешек ұрпақ үшін де қажет. Әсіресе, дәл қазіргі жастарымыз жаһандануға жұтылып кетуге шақ қалған заманда. Бұрынғы өткен ата- бабаларымыз «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» дегенді бекер айтпаған. Бұл – есті азаматқа ескерту. Ендеше, Асық ақсақал келешек ұрпақ үшін ұлағатты іс атқарған. Ол үшін тек алғыс айтқан ләзім.
Біз мақаламызға тұздық еткен «Жөн көрдім жинақтауды өткендерді» кітабы – нағыз мемуарлық шығарма. Асық ақсақал өмір өткелдерін, басынан кешкендерін арқау еткен бұл кітаптың да тәрбиелік мәні жоғары. Отбасылық тәрбиеде керек-ақ. Кітапта баяндалған оқиғалар қызығып оқуға тұрарлық.
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесі Алтын медалінің иегері, Асекеңнің «Қордайдың қоңыр құлжасы» атанған жерлес інісі Несіпбек Дәутайұлы алғысөзін жазған «Аманат» атты жыр жинағы – ерекше атап өтуге лайық. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Ұлы ойшыл, дана Абай осылай деп талапкерлерге ешқандай шек қоймаса да, «Жұп-жұмыр, тегіс келсін айналасы» деген талабын да айтқан. «Асық Уәлиевтің «Аманат» жыр жинағындағы өлеңдері осы талапқа сай», – деп батыл айтуға болады. Өлеңдерінің құрылымына, буын санына, ұтымды ұйқастарына, стильдік ерекшеліктеріне, ондағы орамды ойлар мен өте ұғынықты баяндауларына қарап осылай баға беруге толық негіз бар.
Жас келді 93-ке, жылым – мешін,
Өлімнің кім біледі ерте-кешін.
Кейінгі ұрпақтарға керек болар,
«Жазды, – деп ойламасын, – мұның несін».
...Жазғаным ескерткіш боп есте қалсын,
Кейінгі ұрпақ ескеріп, есіне алсын.
Осымен жазғанымды тоқтатайын,
Ұрпағым талабы бар қабыл алсын!
Міне, Абай дана айтқан «жұп- жұмыр, айналасы тегіс» өлең.
Тағы бір айтпай кетуге болмайтын мәселе бар. Ол – қазыналы қарияның 90 жасында жарық көрген «Ақ бата – асыл қазына, қасиетті асыл сөз» кітабы туралы.
Бата – ақ тілек, ақниетті арнау. Қазақта әр оқиғаға орайластыра берілетін батаның түрлері көп. Олар шілдеханадан бастап адам өмірінде болатын әртүрлі тойларға арналып берілетін, ұлттық мерекелерде берілетін, жолаушыға жолашар сипатында, еңбеккерге іс бастар алдында, батырға шайқасқа шығар алдында берілетін, тағы басқа баталар.
Асық ақсақалдың кітабында осы баталардың бірнеше нұсқасы берілген. Көпшілігі – өзінің жанынан шығарғандары. Олардың бәрінен де ақсақалдың шешендік талантын көреміз.
Әрбір ісін жастар үлгі еткен, замандастарын талантымен тәнті еткен, өмірі өнегелі, артына өшпес із, өлмес сөз қалдырған қазыналы қария, абыз ақсақал Асық Уәлиұлы туралы айтқымыз келгені осы еді.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді