«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күн сәулесі – күнделікті қуат көзі

Күн сәулесі – күнделікті қуат көзі
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің белді басылымдарының бірі – «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында «Жасыл» экономиканы дамыту жайына да тоқталып өтті. «Биыл энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл энергетика» саласы да зор серпінге ие болады. Шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісімдеріміз бар», – деді Мемлекет басшысы бұл туралы.

Жалпы, бүгінгі күні елімізде барлығы 2525 мегават қуатты құрайтын 141-ден аса жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеуде. Ал, өңірде жалпы қуаты 571 мегаватты құрайтын 22 нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 251,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда. Соның бірі – Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылы қасында орналасқан 50 мегаваттық «Айша күн шуақ» электр стансасы.

Бұл стансаның жұмыс істеп тұрғанына үш жылға жуықтады. Содан бері станса үздіксіз 10 мың үй мен ондаған өндіріс ошағын электр қуатымен қамтып келеді. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, оның жылдық қуаты сағатына 92 миллион киловатты құрайды. Бұл жобаның инвесторы «Unigreen Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал жоба операторы «АЕС Аsa» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Ал, жобаны жүзеге асыру үшін 20,8 миллиард теңге жұмсалған.

– Елімізде «Жасыл» экономиканы дамытуға жақсы көңіл бөлініп отыр. Бұл станса үш жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Жалпы ауданы 110 гектарды алып жатқан стансада 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панельдер күн шығуына қарай қозғалып отырады. Бұл панельдердің бір артықшылығы, екі жағынан да жұмыс істейді. Мәселен, қыс ауасында жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панель энергия қабылдауға қауқарлы. Бұл панельдер Ресей мен Қытайда шығарылған, – дейді станса басшысы.

Бүгінгі таңда стансада 15 адам еңбек етуде. Станса айналасын ондағы жұмысшы мамандар тазалап отырады. Ол үшін арнайы шөп оратын техника алынған. Панельдерді шаң-тозаңнан сүртіп тазалау да жұмысшылардың міндеті.

– Серіктестік алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салуды жоспарлауда. Оның мегаватын кезең-кезеңімен көбейту үшін Жамбыл ауданы аумағынан 300 гектар жер телімін алынған. Бүгінде жұмыс істеп тұрған күн панельдері 110 мың гектарға орналасқан. Қалған алқаптарды да ретімен іске асырып, электр қуаты өндірісін арттыру компанияның жоспарында бар, – дейді станса басшысы Жандос Райбекұлы.

«Бұл күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы қозғалмалығында. Ондағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен бірге қатты желге де төтеп бере алады. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін оны үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді. Енді оның қуатын тағы 20 мегаватқа арттыру көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарлануда» – дейді ол.

20 мегаваттық күн электр стансасын «МРП АСА/ Отан Пауэр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайды.

– Компания тарапынан үлкен жұмыс атқарылған. Бұл ауданның ғана емес облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Жалпы елімізде табиғат көздерін тиімді пайдалануды үйреніп, күн, жел мен су көздерін игеру қажеттілігі туындап отыр. Қолдан келіп тұрғанда электр стансаларын көптеп салып, елімізді электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтып, өзіміздің отандық өнімді ұлғайтуға тиіспіз. Осының барлығы да біздің болашағымыз үшін жасалып жатыр, – деді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар