«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылдардың әлеуеті артып, асыраушы сала алға басып келеді

Ауылдардың әлеуеті артып, асыраушы сала алға басып келеді
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде де тиісті жұмыстар қолға алынған. Жуалы ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 216306 гектар алқапты құрайды. Оның егістігі 95449, шабындығы 2046, жайылымы 109439, көп жылдық екпелері 265, басқа да қосалқы егістіктер 2128 гектар алқапқа орналастырылған.

– Бүгінгі күні ауданда мал қыстату науқаны жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биылғы мал қыстату науқанына 182900 тонна пішен, 17 мың тонна пішендеме, 38500 тонна сабан, 19 мың тонна сүрлем дайындау жоспарланған болса, жоспар артығымен орындалып, барлығы 30736,2 гектар шабындық алқаптан мол азық қоры дайындалды. Атап айтсақ, пішен жоспарланғаннан 155,1 пайызға артық орындалып 283 990 тоннаға жетті, ал пішендеме – 17055 тоннаны құраса, сабан 49320 тоннаға жетіп, жоспар 128,1 пайызға орындалып отыр. Сүрлем де 19078 тоннаға жеткізілді. Сөйтіп, биылғы мал қыстату қыстауларда жайлы өткізілуде, – дейді бөлім басшысы.

Ауданда мал басы да өскені байқалады. Мәселен, мүйізді ірі қара басы 45639-ға жетсе, сауынды сиыр саны 19850 басты құрап отыр. Ал қой-ешкі саны 192380, жылқы 17650 бастан, құс саны 74900-ден асып жығылады. Бүгінгі күні ауданда 50 бастан жоғары шағын сүт тауарлы фермалар саны 26-ға жеткен. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарда селекциялық және асыл тұқымды аналық мал басы көбейтілуде. Бүгінгі күні 799 мүйізді ірі қара, 18875 бас қой осы санатқа жатқызылған. Жалпы өткен жылы шаруашылықтар тарапынан 141 бас мүйізді ірі қара, 2367 бас қой асыл тұқымды шаруашылықтардан сатып алынып, өсірілуде.

Өңірде осындай асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер саны 74 шаруа қожалыққа жетіп отыр. Сонымен қатар, сүт өндірумен айналысатын және мемлекеттен субсидия алып отырған ауыл шаруашылығы кооперативтері 110-ға жеткен. Жалпы ауданда мал шаруашылығы бойынша 184 шаруа Үкіметтің қолдауына қол жеткізген. Ең ірі мал бордақылау алаңы «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Мұнда 1000 басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Мал және құс басының өсуі ет, сүт және жұмыртқа өндірісін дамытуға өз септігін тигізуде. Бөлім басшысының айтуынша, өткен жылы 9,7 тонна ет, 30,2 мың тонна сүт өндірілсе, 6,8 миллион жұмыртқа нарыққа шығарылған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бойынша тиісті жұмыстар бөлім тарапынан қолға алынған. Өткен жылы техниканың жаңару көрсеткішінің жоспары 10 пайызды құрап, 171 техника алынған. Жалпы құны 998,5 миллион теңгені құрайтын бұл жаңа техниканың 62-і трактор, 109-ы ауыл шаруашылығы тіркемелері. 60 трактор шаруашылықтар тарапынан лизингке алынса, 2 трактор қолма-қол қаржыға алынған. Ал, 15 ауыл шаруашылығы тіркемесі лизингке, 94-і нақты ақшаға сатып алынған.

– Мемлекет басшысы Жолдауында агросаланы дамытуға басымдық беріп отыр. Осы бағытта биылғы жылға жоспарланған жұмыс көлемі ауқымды болғалы тұр. Атап айтар болсам, биылғы жылдың өнімі үшін 9712 гектар алқапқа күздік себілді. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарына жер дайындау бойынша 45620 гектар сүдігер көтерілді. Жалпы, биыл ауданда 95449 гектар алқапқа егін, көкөніс орналастыру көзделген. Егістік жерлерге 11 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарлануда. Ал, шаруа қожалықтардың көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсету үшін 2300 тонна дизель отыны үлестіріледі. Сондай-ақ, биыл техника паркін 11 пайызға жоғарылатып, 109 ауыл шаруашылығы техникасын алу межеленіп отыр, – дейді Ержан Серкебаев.

Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аудан тұрғындары тарапынан қолдау тауып келеді. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының айтуынша, жоба іске асырылған сәттен бастап ауданда жобаға 6 ауылдық округ енгізілген. Оған барлығы 3263 аула қатысқан. Бірінші бағыт бойынша – 3263 ауланың 319 гектар жер телімін игеруге 14,7 миллион теңге қаралған. Екінші бағыт бойынша – 805 тұрғын 16 140 бас мал сатып алуы үшін 4,5 миллиард теңге бөлінген. Сөйтіп бұл қаражатқа 3328 мүйізді ірі қара, 2543 жылқы мен 10269 бас қой-ешкі алынған. Үшінші бағыт бойынша кооператив мүшелерінің ауыл іргесіндегі 4394 гектар егіс алқаптарын игеруге 155,5 миллион теңге бөлініп, мақсатты игерілген. Төртінші бағыт бойынша – 61 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Бұл мақсатқа 448,9 миллион теңге бөлінсе, оған 17 трактор, бір комбайн, екі шөп оратын комбайн, бір жүгері комбайны, бір сүт таситын көлік пен 39 ауыл шаруашылығы тіркемелері алынған. Бесінші бағыт бойынша сегіз кәсіпкерге кәсібін дамыту үшін 102,1 миллион теңге несие берілген. Осының есебінен жобаға енген ауылдық округтерде кондитерлік цех, бал ара өсіру, наубайхана, жиһаз цехы, техникалық жөндеу орталығы, сүт өңдеу цехы, жылыжай, кілем тоқу цехы ашылып, жұмыс істеуде.

– «Ауыл аманаты» жобасы енген ауылдық округтерде өсім байқалады. Мәселен, мүйізді ірі қара саны 124 пайызға, яғни 25907 басқа, жылқы 130 пайызға, яғни 9679 басқа, қой-ешкі 112 пайызға, яғни 96369 басқа өскен. Алты ауылдық округте 813 жеке кәсіпкерлік ашылып, алты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 1130 жұмыс орны ашылды. Осының есебінен бұл округтерде 102 атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны 53-ке қысқарды, яғни 49 отбасы несие алып өз кәсібін ашты. Ауыл шаруашылығы кооперативтері 61 жаңа техникамен қамтылып, 105 шағын шаруалар кооперативке бірікті. Биыл да «Ауыл аманаты» жобасы жалғасатын болады. Аудан бойынша 575,5 миллион теңгені құрайтын 79 жоба жоспарланып, бүгінгі күнге «Тараз» ӘКК»-на 33 құжат өткізіліп, 7 кәсіпкерге 44,8 миллион теңге несие берілді. 9 кәсіпкердің 56,6 миллион теңгені құрайтын құжаттары оң қорытынды алды. Қалған 17 кәсіпкердің 143,2 миллион теңгені құрайтын құжаттары қаралуда, – дейді ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар