«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақтағы жағдай жіті бақылауда

Аймақтағы жағдай жіті бақылауда
Ашық дереккөз
Соңғы күндері еліміздің басым бөлігінде күн райының күрт нашарлауына байланысты 11 облыста жолдар жабылып, жергілікті атқарушы органдар, полиция, төтенше жағдайлар қызметі мен «Қазавтожол» АҚ мекемесі күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды

Облыста 21 қаңтар күні түстен кейін ауа-райының бұзылуына байланысты және жолдың көрінуі шектелуіне орай Мойынқұм ауданында республикалық маңызы бар «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 2005-2152 километр аралығындағы учаскесінде (Қарағанды облысының шекарасынан Бұрылбайтал ауылына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды. Ал, сағат 19:30-да ауа-райының бұзылуына орай «Алматы–Ташкент–Термез» автожолының 535-593 километр аралығындағы учаскесінде (Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейін) жол жабылды.

21 қаңтардан 22-сіне қараған түнде облыстың бірқатар аймағында, соның ішінде облыс орталығында секундына 30 метр болатын қатты жел тұрып, кей жерлерде ағаштардың құлауы тіркелді.

Артынша синоптиктер 22 қаңтарда облыста нөсер жауын жауып, қалың тұман, көктайғақ қатері болатынын, күн 20 градусқа дейін суытатынын хабарлады. Осы күні «Б.Момышұлы – Қошқарата – Қызтоған» тасжолының 10-76 километрі, «Алматы – Екатеринбург» тасжолының 2005-2152 километрі, «Алматы – Ташкент – Термез» автожолының 535-593 километрі («Тараз – Шымкент» ақылы учаскесі) барлық көлік түрлері үшін жабылды. Ал, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің кей учаскелерінде (Меркі және Т. Рысқұлов аудандары) шектеулер енгізілді.

Өңірдегі қолайсыз ауа-райына байланысты туындаған мәселелерге орай атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. «Облысымыздың бірнеше аумақтарын да ауа-райының қолайсыздығына (қалың қар, боран, көк тайғақ) байланысты автомобиль жолдарының жекелеген учаскелері бойынша қозғалыс жабық күйінде қалып отыр. Жабық аумақтарда 627 жүк және 573 жеңіл автомобиль, сондай-ақ, 15 жолаушылар автобусы (200 адам, оның ішінде 10 бала) жиналған. Жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға барлық қажетті көмек көрсетілуде. Олар ыстық тамақпен және сусынмен қамтамасыз етілуде. Бұл шараларға барлығы 71 қызметкер мен 45 бірлік техника жұмылдырылды.

Шақпақ ата, Б. Момышұлы, Нұрлыкент, Айша бибі ауылдарында 6 жылыту пункті ашылды. Оларға орналасуға ешқандай өтініш түспеді. Сағат 12:00-де Жамбыл ауданының Айша бибі ауылынан 10 автобуспен жолаушыларды Тараз қаласының теміржол вокза лына жеткізу ұйымдастырылды. Қиын жағдайға тап болған 377 жолаушы жедел түрде теміржол қатынасымен тиісті бағыттарға жөнелтілді.

Жуалы ауданында бүгін қатты желдің салдарынан 18 елді мекенде (барлығы 5127 абонент) электрмен жабдықтаудың авариялық ажыратылуы орын алды. Қалпына келтіру жұмыстарына «ЖЭС» ЖШС (25 адам және 5 адам) тарапынан тиісті мамандар жұмылдырылуда», – деген Ербол Шырақпайұлы 22 қаңтарда дауылтуралы ескерту жарияланғанын, Тараз қаласы мен бірқатар аудандарда оқушылар қашықтан оқытуға ауыстырылып, коммуна лдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айта келе, жамбылдықтардан барынша қауіпсіздік шараларын сақтауды және аса қажет болмаған жағдайда алыс жолға шықпауды сұрады. Сондай-ақ, облыс басшысы қозғалысқа шектеу енгізілген жолдар бойынша ресми ақпараттарды назарға алуға шақырды.

Құтқарушылар да капы қалмаған жоқ

Өңірде қолайсыз ауа-райының сақталуына байланысты облыстың төтенше жағдайлар қызметі де күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. 22 қаңтар күні түнде «112» нөміріне Жуалы ауданында дене қызуы жоғары 7 жастағы баланың шұғыл медициналық көмекке мұқтаж екендігі туралы хабарлама түсті. Құтқарушылар тобы «Жедел жәрдем» қызметкерлерімен бірге күрделі жағдайларда жұмыс істеуге арналған «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын көлігімен дереу оқиға орнына жөнелтілді. Науқас бала шұғыл түрде аудандық орталық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер бақылауына тапсырылды.

22 қаңтар күні таңертең «101» нөміріне көмек сұраған тағы бір қоңырау түсті. «Алматы – Ташкент» тасжолының 6-шы километрінде, Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылы маңында қар құрсауында қалған автокөлікте толғағы басталған жүкті әйел мен екі бала және ер адам болған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар көліктегі азаматтарды аудан орталығындағы ауруханаға жеткізді.

Сол күні таңғы сағат 05:00-ден аса бере Айша бибі ауылына кіреберісте жолаушылар автобусында болған жүкті әйелге медициналық көмек қажет болған. Апаттар медицинасы орталығының мамандары әйелге дереу көмек көрсетіп, оны «Жедел жәрдем» көлігімен Тараз қаласындағы медициналық мекемеге жеткізді.

Балалар қауіпсіздігі – бірінші орында

22 қаңтарда ауа-райының қолайсыздығына байланысты, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас аудандарындағы білім мекемелерінде, сондай- ақ, Т.Рысқұлов ауданының №4 орта мектеп, Бірлес, Ақыртөбе, Жамбыл атындағы орта мектептері мен Шолаққайыңды, Көкарық бастауыш мектептерінде бірінші ауысымдағы оқушылар қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жол полициясы мен синоптиктер ескертеді

«Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, арктикалық суық ауа ағындары Қазақстан аумағына еніп, алдағы үш күнде температура одан әрі төмендейді. Ел бойынша бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ және тұман болжануда. 23-25 қаңтар аралығында Жамбыл облысында да күн суытып, қар жауады деп күтілуде. «Түнде 13-15 градус, кейбір жерлерде 20 градусқа дейін аяз болады, күндіз температура 5-10 градус аяз шамасында сақталады», дейді синоптиктер.

Облыстық полиция департаменті бұл күндері тұрғындардың сақтық шараларын сақтап, жүргізушілердің қолайсыз ауа-райында көлікпен алыс жолдарға шықпауларын және жолда жүру ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар