«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Компьютерлік қылмыстардың көбеюіне не себеп?

Компьютерлік қылмыстардың көбеюіне не себеп?
Ашық дереккөз
Жамбылдық Раушан есімді тұрғын интернет-алаяқтарының құрбаны болғандардың бірі. Ол өткен жылдың қазан айында «Facebook» әлеуметтік желісінен ағаш монша дайындайтындардың жарнамасын көріп, сілтеме арқылы тапсырыс береді. Өз кезегінде 48 жастағы жергілікті тұрғынның сеніміне кірген Андрей есімді жігіт Kaspi банк арқылы 740 мың теңгені рәсімдейді. «Cyberpol» қызметкерлерінің дер кезінде жедел іс- шараларды жүргізуінің нәтижесінде жәбірленушінің атынан рәсімделген несие қаражаты әулиеаталық жеке кәсіпкердің Kaspi есепшотына түскені анықталады. Полицейлер жеке кәсіпкермен тілдесу барысында ол өзінің есепшотын үшінші тұлғаға жалға бергенін мәлімдеген. Осылайша, құзырлы органдар банктік аударымдарының транзакциясын тексеру кезінде Абай облысының тұрғыны екені белгілі болады. Ал, бұл жігіт өзінің банктік карточкасын досына берген екен. Сөйтіп, оның досы әп-сәтте алаяқтық жолмен келген ақшаның «иесі» атанған. Жамбылдық тәртіп сақшылары күдіктіні құрықтағаннан кейін ол кінәсін толық мойындап, жәбірленуші тарапқа келтірілген материалдық шығынды өтеген.

Міне, бұл – интернет-алаяқтарға алданып, тығырыққа тірелген бір ғана жанның басынан өткен оқиға. Осыдан-ақ, әккі алаяқтардың қарапайым халықтың атынан бірнеше рет несие рәсімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп бергенін елестетудің өзі қиын. Әйтпесе, қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетовтың айтуынша, киберқылмыстың көбеюіне азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатсыздығы себеп болуда. Ол сөзінде банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайтынын, қажет болған жағдайда «бөлімшеге келіп кетіңіз» деп өтінетінін алға тартты.

– Ирина есімді азаматша белгісіз тұлғалар өздерін банктің өзіндік қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері деп таныстырып, оның атынан алаяқтық жолмен жалпы көлемі 9 миллион теңгеге несие рәсімдегенін айтып «Cyberpol» орталығына шағымданды. Біз жәбірленушінің е с епшотынан банктік аударымдар транзакциясын тексеру кезінде оның атына рәсімделген қаражат Астана қаласындағы бірнеше сауда орындарындағы банкоматтардан алынғанын анықтадық. 26 жастағы Татарстан Республикасының азаматы еліміздің аумағынан шығуға әрекеттенген сәтінде қолға түсті. Ол ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, алаяқтық жолмен келген қаражатты Астана, Алматы және Шымкент қа ла ларындағы банкоматтардан шешіп жүрген. Бүгінгі таңда Тараз қалалық №2 сотының шешімі негізінде аталған шетелдік азамат 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жалпы, кез келген маңызды мәселе телефонмен қоңырау шалу арқылы шешілмейді. Мұны барлығы білуі тиіс. Сізге қатысты қандай да бір мәселе туындаса, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері алдымен өзін таныстырып, тиісті мекеменің кез келген бөлімшесіне келуіңізді сұрайды. Олай болмаған күнде олардың алаяқ екендігі айдан анық. Осыны ұмытпаған жөн, – дейді жедел уәкіл.

Ал, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы интернет-алаяқтық қылмыстарына тосқауыл болу мақсатында құзырлы органдар тарапынан кешенді іс-шаралар қабылданғанын атап өтті. Оның сөзінше, прокуратура тарапынан жедел-тергеу жұмысына баса назар аударылып, 273 интернет-алаяқтық қылмысының 90-ы бойынша күдікті тұлғалар анықталғанын жеткізді. Нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысымен нақ осы қылмыстарды ашу көрсеткіші 34 пайызға артыпты. Бұл туралы бірер күн бұрын өңірлік коммуникациялар ортағында өткен баспасөз-брифингінде мәлім болды.

– Прокуратура интернет-алаяқтықпен күресу үшін «CyberShekteuTaraz» телеграмм-ботын әзірледі. Қазіргі таңда аталған бот арқылы 114 жалған мәлімет түсіп, оларды бұғаттау шаралары көрілуде. Сондай-ақ, Ұлттық Банк «Антифрод» орталығының мүмкіншілігін пайдалана отырып, онда күмән тудыратын 256 банктік есепшот енгізілді. Бұл күнде оның 231- бұғатталса, қалғаны қаралуда. Бұдан бөлек, «Казақтелеком» және «Kcell» акционерлік қоғамының өкілдерімен осы санаттағы қылмыстармен күресуде өзара әрекеттестік және ынтымақтастық меморандумы жасалды. Бүгінде бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыскерлерге әртүрлі нөмірлерден қашықтықтан байланысу мүмкіндігін беретін 128 слоттық «СИМ-бокс» құралы анықталып, күдікті қамаққа алынды. Оған қатысты тергеу жүргізілуде. Алаяқтар осы құралды қашықтықтан пайдалану кезінде басқа облыс тұрғындарына қоңырау шалу арқылы алдап, қаражаттарын жымқырған. Бұл бағытта өзге облыстағы әріптестерімізбен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Интернет-алаяқтықтың құрбандарынан банктік қарыздарын өндіру бойынша көрілген шаралардың негізінде 48 жәбірленушінің 59 миллион теңгеден астам қарыздары тоқтатылды, – деді облыс прокурорының орынбасары.

Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміз бойынша интернет-алаяқтық қылмысы ең аз тіркелген өңір – үш жыл бұрын құрылған Ұлытау облысы. Бұдан кейінгі орын Жамбыл облысына тиесілі. Алайда, есепті кезеңде бір ғана Тараз қаласында 418 алаяқтық дерегі тіркелсе, Шу және Қордай аудандарында да 40-қа жуық факт анықталған. «Cyberpol» қызметкерлері қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтарын құрықтауға бар күшін салып жатқанымен, азаматтардың сыни көзқарасы қалыптаспайынша бұл қылмысты түбегейлі жою мүмкін еместігін жасырмайды. Демек, сіз бен біз сақтық және ақпараттандыру шараларын берік ұстанып, оңай олжаға кенелемін деген қажетсіз ойдан арылу арқылы ғана қаржылық мүддемізді қорғай аламыз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар