«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұстаздық деген ұлы жол

Ұстаздық деген ұлы жол
Ашық дереккөз
Ғұмырын ұстаздық жолға арнаған ұлағатты ұстаз Мая Түлебекова Қаратау қаласында дүниеге келген. Жамбыл ауданының Н.Крупская атындағы орта мектебінде білім алып, кейіннен Жамбыл педагогикалық институтының ағылшын-неміс тілі факультетін тәмамдаған. Жастайынан еңбекқор Мая Рысбекқызы ұстаздық жолын 1985 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-интернатта неміс тілі пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Осылайша, 40 жылдық қажырлы еңбек жолын мұғалімдік қызметке арнап келеді.

1992-1997 жылдары Жамбыл аудандық білім бөлімінде шет тілдері пәндерінің әдіскері ретінде қызмет атқарып, жас мамандарға әдістемелік қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөліскен ол 1997-2006 жылдары Қарағанды облысы, Жайрем кентіндегі №10 орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болды. Ал, 2006-2016 жылдары Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында ағылшын тілін оқытқан.

Мая Рысбекқызының жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті және көшбасшылық қасиеттері үнемі жоғары деңгейде көрініс табады. 2016-2017 жылдары Жамбыл облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепте директордың бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Ал, 2018 жылдан бастап қайтадан №45 гимназияда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде қызмет етуде. Сонымен қатар, 2023 жылға дейін шет тілдері кафедрасының меңгерушісі болып, жас мамандарға тәлімгерлік етіп, олардың кәсіби шеберлігін арттыруға үлкен үлес қосты.

Оқушыларына екінші анадай қамқор болған ұстаз сынып жетекшісі ретінде көптеген түлектерді өмірге қанаттандырып, үлкен жетістіктерге жетеледі. Оның шәкірттері республикалық, облыстық, қалалық байқаулар мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, мектеп мәртебесін асқақтатып келеді. Мая Рысбекқызының адамгершілік қасиеттері, ұстаздық ұстанымы және еңбекқорлығы нағыз педагогке тән мінезбен үйлескен.

Ұлы Абай Құнанбайұлы: «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» дегендей, Мая Рысбекқызы шәкірттері мен әріптестеріне үлгі бола білді. Оның тәрбиелеп шығарған шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде және шет елдерде өз мамандықтары бойынша табысты еңбек етіп жүр.

Мая Рысбекқызы отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген, немерелеріне мейірімді әже. Отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, балаларын да, немерелерін де елге адал қызмет етуге баулып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі» деген сөзі ұстаздардың абыройлы еңбегін растайды. Мая Рысбекқызының ғибратты өмірі мен адал еңбек жолы барша ұстаздар мен оқушыларға үлгі болары сөзсіз.

 

Света БЕКНАЗАРОВА,

Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ұқсас жаңалықтар