«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыл мен қала мектептері арасында алшақтық болмау керек

Ауыл мен қала мектептері арасында алшақтық болмау керек
Ашық дереккөз
Ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру ісінде алшақтық болмау керегін Мемлекет басшысы үнемі айтып жүр. Әрбір бала жасына лайық заманауи білім мен тәрбие алуы үшін бар жағдай жасалып, мектептер бүгінгі уақыт талабына сай жабдықталып та келеді. Қазіргі күнде ауыл мен қала мектептерінің білім деңгейінде айырмашылық бар ма? Біз осы сауалға жауап іздедік.

Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, 2024-2025 оқу жылында облыстағы 449 мектептің 350- і, яғни 77,9 пайызы ауылдық мектеп. Олардың 141-і (31,4%) шағын жинақталған мектептер. Аталған мектептердің 34-і бастауыш, 24-і негізгі, 83-і жалпы орта мектептер болса, оларда 12832 бала білім алып жүр. Бұл ағымдағы оқу жылындағы облыс мектептерінде білім алып жатқан 231900 оқушының 5,5 пайызын құрайды.

– Облыстағы 449 мектепте 26190 педагог қызмет етсе, 350 ауыл мектебінде 18182, яғни жалпы облыс мұғалімдерінің 65,2 пайызы жас ұрпаққа білім беріп отыр. Әрине, қала мен ауыл мектептерінің оқыту ісінде алшақтық болмауы педагогтердің білімі мен материалдық базаның жеткілікті қамтамасыз етілуіне байланысты екені белгілі. Ауыл мектебі педагогтерінің курсаралық кезінде кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру, ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеу жұмыстарын аудандық әдістемелік кабинеттер мен облыстық оқу-әдістемелік орталығы жүргізеді. Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту жұмыстары білім беру парадигмасының, оқу жоспарларының вариативтік компоненті мазмұнының, оқытудағы тәсілдердің, оқушылардың білімін бағалаудағы тәсілдердің, білім беру үрдісінің субьектілері арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі, жаңа типтік оқу жоспарларының енуі, білім беру жүйесінде горизонтальды желілік байланыстың күшеюі, оқушылардың оқу, жазу, математикалық, ІТ сауаттылықтарын қалыптастырудың тиімді әдістемелеріне, әдістеріне, жұмыс формаларына үйрету бойынша жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, педагогтердің курсаралық кезінде кәсіби шеберлігін дамыту моделі жасалды. Өңірлік «Ұлағат» педагогтер ассоциациясы құрылды. Пәндер бойынша шығармашылық зертханалар, педагогтердің виртуалды мектебі, «Ізденіс.Тәжірибе.Нәтиже» үздік педагогтер шеберханаларының жұмысы жолға қойылған, – деген басқарма басшысы Рауан Садырқұлов қашықтан оқыту жағдайында мұғалімдердің жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында YouТube желісінде 18 канал ашылғанын айтты.

Жаңартылған білім беру мазмұны аясында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, озық тәжірибені тарату және оқушыларды оқытумен дамытудың оңтайлы әдістері мен технологияларын трансляциялау мақсатында Адрестік көмек көрсету бағдарламасының қоғамдық- гуманитарлық, жаратылыстану- математикалық бағыттағы пән мұғалімдерінің кәсіби дамуына бағытталған «Зерде» жобасы жүргізіліп отыр екен. Сондай- ақ мектеп оқушыларының оқу, математикалық, жаратылыстану сауаттылықтарын арттыру, зерттеушілік және функционалдық сауаттылықтарын дамытуға бағытталған «Шебер мұғалім» бағдарламасы аясында «Сырттай оқыту мектебі» жобасы да іске асырылады.

Ал, ауыл мектептерінің материалдық жабдықталуын басқарма басшысы былайша жеткізді:

– Биылғы оқу жылында 12 тірек мектептердің, яғни ре сурстық орт алықт ардың желісіне 41 магниттік шағын жинақталған мектептер кіріктіріліп, аталған мектептердің 8-11 сыныптарында оқитын 3208 бала тірек мектептердің базасында ұйымдастырылған оқу сессияларына қатысты. 2022-2023 оқу жылынан бастап «Қазақстан халқына» қоры есебінен өңірдегі 7 тірек мектепті заманауи құралдармен жабдықтау үшін әрқайсысына 250 миллион теңгеден бөлінді. Атап айтсақ, олар – Сарысу ауданындағы Б. Адамбаев атындағы, Мойынқұм ауданындағы Т. Рысқұлов атындағы тірек мектептері және Жуа лы ауданындағы Ә. Бөкейханов атындағы лицей-тірек мектебі, Жамбыл ауданындағы №1 орта мектебі, Байзақ ауданындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясы, Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан мектеп- гимназиясы, Меркі ауданындағы А.Асқаров атындағы №1 мектеп гимназиясы. Биыл аталған қор есебінен 4 мектеп жабдықталады. Бүгінгі күні шағын жинақталған мектептердің әлеуетін арттыру жөніндегі Өңірлік жол картасы әзірленуде. Пилоттық жобаны тиімді іске асыру мақсатында Өңірлік жол картасының жобасы құрылып, облыстағы педагогтердің сапалық құрамы жоғары, материалдық- техникалық базасы талаптарға сай мектептер анықталып, алдағы уақытта қосымша 15 тірек мектебін (ресурстық орталықтар) ашу жоспарлануда. Облыстағы 141 шағын жинақты мектептің барлығы тірек мектептердің желісіне кіріктіріледі. 2025- 2026 оқу жылында облыстағы шағын жинақталған мектеп оқушыларының сапалы білімге қолжетімділігін 27 тірек мектебі қамтамасыз етеді, – дейді Рауан Нұрғалиұлы.

Жас жеткіншектердің жан- жақты білікті тұлға болып қалыптасуына мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының да қосар үлесі зор.

Облыстағы ауыл мектептерінде осындай ұйымдардың желісін кеңейту мақсатында 2023 жылы 5 комьюнити орталықтары ашылған. Атап айтқанда, олар Байзақ ауданындағы Өнер мектебінің филиалы Қостөбе ауылында, Сарысу ауданы, Саудакент ауылдық аула клубы Б.Қашқынбаев орта мектебінде, Техникалық шығармашылық орталығы М.Әуезов мектеп-гимназиясында, Балалар жасөспірімдер орталығы Қызылдихан орта мектебінде, Жуалыдағы Аула клубының орталығы Нұрлыкент ауылында орналасқан. Онда 881 оқушы қамтылыпты. Өткен жылы 10 комьюнити-орталықтары ашылған. Оларда 967 оқушы қамтылған.

Біз бұл мәселе туралы ата-аналардың пікірін білгенді жөн көрдік. Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Мойынқұм ауданындағы Көкжелек ауылының тұрғыны Болат Жақсылықов алға жылжыған уақытпен бірге ауыл мектептері де көркейіп келе жатқанын айтты.

– Ауылымыздың мектебі көңілімізден шығады. Материалдық жағдайы жаман емес, бұйыртса биыл күрделі жөндеуден өтпекші, соған қарай жаңа құрал-жабдықтар да алынбақшы. Елімізде кейінгі 3-4 жылдан бері мектептерге көңіл бөлу өте жақсы деңгейде жүргізіліп жатыр. Ауылымыздың балалары да спорттық жарыстардан, түрлі білім байқауларынан жүлделі орындар алып келіп жүр. Мектеп директоры Арай Таңатқызын да өз ісінің нағыз маманы дер едім. Әрине, енді білім сапасы жағынан қала мектептерімен салыстыруға келмейді, себебі ғаламтор желісі бізде әлсіз. Біле сіздер, қазір көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізу ғаламтормен жүзеге асады. Дегенмен де барлығы баланың білімге деген құштарлығына байланысты. Керемет мектепте оқыса да өмірден өз жолын таба алмайтындар болады, ал өте жұпыны жерден білім алса да өзінің қабілетін көрсетіп, оза шабатындар да бар. Оны өмір өзі көрсетіп жүр, – дейді ауыл мектебінде екі немересін оқытып отырған Болат Жақсылықов.

Өткен оқу жылын қорытындылаған Ұлттық бірыңғай тестілеуден облысымызда 2 оқушы жоғары 137 балға қол жеткізді. Олар – Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы №6 орта мектептің оқушысы Нұрайым Қилыбай мен «OZAT» жекеменшік мектебінің оқушысы Аршат Жорабай. Байқағанымыздай, жоғары балға қол жеткізген екі оқушының бірі – ауыл мектебінің оқушысы.

– Мектепте оқушылардың кәсіптік бағдарын айқындауға көп басымдық беріледі. Мектеп тәжірибесінде оқушылардың кәсіби қызығушылықт ары мен бейімділігін анықтауда профессор Е. Климовтың әдістемесі қолданылады. Соның нәтижесінде ҰБТ-да таңдау пәндерінің комбинациясы оқушыға нақты ұсынылады. Осыған сәйкес жүйелі түрде нақты қадамдар жасалады. Оқушының бейімі анықталғаннан кейін ҰБТ-да негізгі үш пән және екі таңдау пәні негізінде бастапқы бақылау тесті алынып, жалпы оқушының деңгейі анықталады. Оқушылардың 5-11 сынып аралығындағы игермеген тақырыптарының жоспары құрылып, «Өткенге саяхат» әдісі қолданылады. Әр пән мұғалімі пәндердің спецификациясы бойынша оқушылармен қосымша сабақтар жүргізеді, «оқушы үні» назарға алынып отырады. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында үштік одақ негізінде ата-аналарды педагогикалық қолдау ортасының жұмыстары жүргізіледі. Көп жағдайда ҰБТ тәжірибесінде түлектер өздерінің бейімдері негізінде таңдау пәндерін нақтыламай жиі ауыстырып, төмен нәтиже көрсетеді. Біздің тәжірибеміздегі жеткен жетістігіміз – оқушының бейіміне аса назар аударып, жетістікке жету мақсатын айқындауға көмек беру, – дейді оқушысы сынақта жоғары нәтиже көрсеткен Бурыл ауылындағы №6 орта мектептің директоры Құралай Үкібаева.

Айта кетейік, бұл мектепте 706 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылын 2 оқушы Алтын белгімен, 1 түлек Үздік аттестатпен аяқтаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуде мектеп 87,6 орташа балдық көрсеткіштен көрінген. Бұл мектепте 22 оқу бөлмесі болса, оның екеуі компьютер сыныбы. ІТ сынып, робототехника кабинеті жоқ. Әйткенмен, білім мен тәрбиеге ерекше мән беріледі. Мектептің оқу тәрбие процесінде тәрбие саласы бойынша «Жас бүркіт», білім сапасын арттыру мақсатында «Даму», әдістемелік жұмыстарды нығайту негізінде «STAR», дарынды балалармен жұмыс жүргізетін «Дарын» жобалары жүзеге асырылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2023- 2024 оқу жылында мектепті тәмамдаған 21 түлектің 16-сы мемлекеттік грант иегері атанған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар