«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіптік білімнің мазмұнын жаңартып, сапасын арттыру маңызды

Кәсіптік білімнің мазмұнын жаңартып, сапасын арттыру маңызды
Ашық дереккөз
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың айрықша өзектілігін алға тартып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл еңбекқорлықты насихаттап, іскерлікті дәріптеуге де ықпал етері анық. Өңірімізде бірнеше саланың жұмысшы мамандарын кәсіби тұрғыда оқытатын іргелі оқу орындары бар. Соның бірі – Жамбыл политехникалық жоғары колледжі. Бүгінде бұл жоғары колледжде химия, құрылыс, энергетика, ІТ, машина жасау, көлік, сервис салалары бойынша мамандар даярлануда. Қазіргі таңда күндізгі бөлімде 30 мамандық бойынша 2446 студент, оның ішінде 1064 студент жұмысшы мамандық бойынша білім алады. Колледжде «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден өту үшін дайындық жұмыстары басталған. Бұл өз кезегінде әлемдік стандарттар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Олар өңірдегі басқа колледждер үшін ресурстық тірек орталығына айналмақ. Атаулы жылда колледжде нендей бастамалар жүзеге асырылады, дайындық қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп, колледжге бардық.

Директордың міндетін атқарушы Саят Қойшыбаевтың айтуынша, жұмысшы мамандықтары жылында кәсіптік-техникалық білім беруді жаңа бағытта дамыту жоспарланыпты. Атап айтқанда, колледждің халықаралық салалық аккредиттеуден өтуі, жұмыс берушілердің нақты тапсырысы бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандық ашу, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы іс-шаралар қаралған.

– Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкіметпен жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітілді. Сондай-ақ, министрлікпен кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Облыста техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұнын жаңарту, сапасын арттыру, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру бағытында атаулы жылды нәтижелі ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Өңірдегі еңбек нарығының өзгеруіне байланысты қажетті мамандықтарды ашу мақсатында биыл колледжде «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» жаңа мамандығын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, колледж базасында «Фосфор зауыты НДФЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия- технологиялық университетімен бірлесіп химия саласына қажетті мамандар даярлау бағытында құзыреттілік орталығы ашылады. Онда біліктілікті арттыру және қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, студенттердің оқу және өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасалады, – деген Саят Нұржанұлы колледжде студенттерге кәсіпорындарда теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік беретін дуальды оқыту жүйесі енгізілгенін де жеткізді.

– Дуальды оқыту жүйесі аясында 24 мамандықта 1561 студент білім алуда. Сондай-ақ, колледж 87 кәсіпорынмен меморандумға отырды. Дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы негізінде мамандар даярлау үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды белсенді түрде тарту жұмыстары жүргізілуде. Өңірдің кадрлық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін колледжде кәсіпорынның өтінімдеріне сәйкес 2024-2025 оқу жылына 5 мамандық бойынша 90 адамды нысаналы даярлау жүзеге асырылады. Бұл кәсіпорындар келісімшарт негізінде оқуды бітіргеннен кейін студенттерді міндетті түрде жұмысқа алады.

Қазіргі уақытта колледжде кәсіптік стандарттардың, мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандары және WorldSkills стандартының талаптарын ескере отырып, 47 білім беру бағдарламасы әзірленді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Мемлекет колледждерді қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады. Қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол 2 еседен артыққа өсіп, орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады. Бұл бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім ұйымдарын заманауи материалдық- техникалық құралдармен жабдықтау және педагогтердің біліктілігін арттыру үшін басымдық береді.

«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы». Бұл – дана қазақтың кемел ұстанымы. Кеше мен бүгіннің асылын, құндылығын келешек ұрпақ тәрбиесінде қолданатын білім ошақтарына артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Кәсіптік білім берудегі негізгі міндет – ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларын даярлау. Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілет, колледж ұжымының негізгі ұстанымы осындай, – деген колледж директорының міндетін атқарушы Саят Қойшыбаевтың сөзінен мұнда тек білім берумен шектелмей, түлектерінің жұмыспен қамтылуына да жағдай жасалатынын аңғардық.

Әрине, әрбір тұлға болашақты құраушы, сондықтан олардың өз заманына лайық білім мен тәрбие алып, сұранысқа ие мамандықты меңгергені маңызды. Үйренген кәсібімен елінің дамуына еңбек етіп, өзі де табыс тапса – мемлекет үшін де, мемлекетті құраушы отбасы үшін де үлкен олжа.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар