Өкінішке қарай Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі күнге дейін әйелдер мен балалардың құқығына нұқсан келтіретін маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі болып қалып отыр. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты көрсеткіштер алаңдатарлық. Мәселен, 2023 жылы Қазақстанда әйелдерге қатысты 22 мыңнан астам тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде әрбір бесінші жағдай ауыр қылмыстық сипатқа ие болған. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректері де жоғары деңгейде қалып отыр. 2023 жылы 2 500-ден астам бала физикалық және психологиялық қысымға ұшыраған.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, өңірде 2023 жылы әйелдерге қатысты 1443 құқық бұзушылық тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1337-ге дейін, яғни 7,3 пайызға төмендеген екен. Қылмыстардың басым бөлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатында. Бұл ретте ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктер, қызғаныш, жұмыссыздық, қаржы тапшылығы сияқты факторлар ұрып-соғу, қорқыту және басқа да құқық бұзушылықтарға алып келеді. Ал, балаларға қатысты құқық бұзушылықтар негізінен олардың құқықтарын шектеу және физикалық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылық түрінде көрініс табуда. Бұл мәселелер қоғамның назарын аударып, шешуді талап ететін күрделі проблемаға айналуда.
Өзекті мәселеге байланысты кейінгі жылдары Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қабылданды. Мысалы, жағдайды жүйелеу үшін канадалық «ОДАРА» әдісі енгізілді. Бұл агрессорлардың қауіптілік деңгейін анықтауға және олардың алдын алу шараларын тиімді қолдануға мүмкіндік берді. Нақтыласақ, ОДАРА (Ontario Domestic Assault Risk Assessment) әдісі – тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауы мүмкін адамдардың қауіптілік деңгейін бағалау үшін қолданылатын құрал. Бұл әдіс Канаданың Онтарио провинциясында әзірленген және құқық қорғау органдары, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар тарапынан қолданылады. Әдіс 13 негізгі факторды қамтиды, олардың ішінде бұрынғы зорлық- зомбылық оқиғалары, қаржылық немесе эмоционалдық тұрақсыздық, нашақорлық немесе алкоголизм, қарым- қатынастағы бақылаушылық мінез- құлық сынды факторлар қамтылған. Әдістің тиімділігі оның ғылыми негізделуінде және нақты деректерге сүйенуінде. ОДАРА әдісін қолдану агре ссордың қауіптілік деңгейін анықтап қана қоймай, олардың түзету бағдарламаларына қатысу қажеттілігін де анықтайды.
– Қазақстанда бұл әдісті енгізу тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосты. Нәтижесінде, әйелдерге қатысты қылмыстардың саны 2024 жылы 7,3 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, әйелдер мен балаларға қолдау көрсету шаралары күшейтіліп, дағдарыс орталықтарының қызметі кеңейтілді. Өткен жылы Жамбыл облысында жүргізілген 5966 с ауалнаманың нәтижесінде жеңіл тәуекел деңгейіндегі 5324 отбасы, орта тәуекел деңгейінде 445 отбасы, жоғары тәуекел деңгейінде 197 отбасы анықталды. Агрессорлармен психологтар жұмыс істеп, оларды толыққанды өмірге бейімдеу шаралары жүргізілді. Өткен жылдың төртінші тоқсанында 89 әйел мен 230 бала дағдарыс орталықтарына орналастырылды, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Әлемнің дамыған елдері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша тиімді тәжірибеге ие. Мысалы, Канададағы «ОДАРА» әдісі қауіптілік деңгейін бағалауға негізделген және полиция қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлерге зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Австралияда балаларға құқықтық көмек көрсететін бірыңғай орталықтар жұмыс істейді, бұл зорлық-зомбылық құрбандарына қажетті қолдауды жедел алуға мүмкіндік береді. Швеция дағдарыс орталықтары мен құқықтық көмек жүйесі заманауи технологиялар арқылы жұмыс істейді. Бұл әйелдер мен балаларды қорғау шараларының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстанда да әйелдермен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Қамқорлық» жобасы әйелдер мен балаларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетуге арналған. Жоба аясында арнайы мамандар отбасы ішіндегі қақтығыстарды шешуге және құрбандарды оңалтуға көмектеседі. Сонымен қатар, кейінгі жылдары өңірлерде дағдарыс орталықтары кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта республика бойынша 40-тан астам дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар жедел көмек көрсетіп, уақытша баспана мен қажетті қолдау ұсынады. Одан бөлек «111» ұлттық сенім телефонының да маңызын атап өткен жөн. Бұл нөмір тұрмыстық зорлық- зомбылыққа ұшыраған адамдарға тәулік бойы қолжетімді көмек көрсету үшін іске қосылды. Ел ішінде агрессорлармен жұмыс бағдарламалары да жүйелі қолға алынып келеді. Бағдарламалар аясында психологиялық бейімдеу курстары мен агрессияны басқару бойынша тренингтер өткізіледі. Бұл өз кезегінде зорлық- зомбылықтың қайталануын төмендетуге көмектеседі.
Сонымен қатар, білім беру саласында балалардың құқықтарын қорғауға және зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған арнайы бағдарламалар енгізілуде. Оқушыларға құқықтық сауаттылық пен қауіпсіздік негіздері бойынша сабақтар өткізіледі.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қатысты құқықтық база қалыптасқан. Мамандардың айтуынша, оны одан әрі жетілдіру қажет. Қазіргі таңда әкімшілік құқықбұзушылықтар мен қылмыстық кодексте зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккендерді қорғау шаралары қарастырылған. Сонымен бірге, шетелдік тәжірибені ескере отырып, балаларға құқықтық көмек көрсететін орталықтардың жұмысын дамыту қолға алынды.
Қалай десек те, тұрмыстық зорлық- зомбылық – қоғам үшін өзекті мәселе. Қазақстандағы жағдайдың жақсарғанына қарамастан, бұл бағытта әлі де көп жұмыс істеу қажеттігі аңғарылады. Қоғамның, құқық қорғау органдарының және халықаралық тәжірибенің үйлесімді жұмысы зорлық- зомбылықтың алдын алу және зардап шеккендерге көмек көрсету ісінде маңызды рөл атқарады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді