«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлы Жеңіс ұлағаты

Ұлы Жеңіс ұлағаты
Юрий Ким
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Өңірде отты жылдардың ұшқынын маздатқан атаулы датаға орай іс-шаралар легі басталды. Жеңіс саябағындағы «Даңқ» залында Қазақстан Халық партиясының ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіске тағзым» атты мерекелік іс-шара өтті.

Аталған жиын аймақтағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін жиындар мен түрлі іс-шаралар науқанының бастамасы ретінде ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, тыл ардагерлері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Жиын басталмас бұрын көпшілік назарына сұм соғыстың сұмдығы баяндалған бейнеролик көрсетілді.

Өз сөзінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев іс-шараға қатысқан жастарға атаулы күннің мән-маңызын түсіндірді.

– Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты өтетін мерекелік іс-шаралардың бастамасымен баршаңызды құттықтаймын. Бүгінгі іс-шара осы атаулы күннің алғашқы мерекесі. Осы салтанатты іс-шараны қолға алып, барша қариялар мен ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп жатқан Қазақстан Халық партиясына ризашылығымды білдіремін. Өзге қоғамдық ұйымдар арасынан суырылып осы күнге ерекше мән бергендерін жақсылықтың нышаны деп білемін. Өздеріңізге белгілі, Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлы Жеңістің сексен жылдығына дайындық жұмыстарын бастау керектігін атап өтті. Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі қоғамдық бірлестіктер мен ардагерлер ұйымдары қызу дайындық үстінде. Біз де осы қатардан қалмай ауқымды іс-шаралар легін бастап кеттік. Жамбыл облысы 1941 жылдың 22 маусымынан, «соғыс басталды» деген сәттен Жеңіс күнін жақындатуға атсалысты. Ол уақытта аймақ тұрғындарының саны небәрі 300 мың еді. Осы халықтың жетпіс мыңға жуығы әскерге аттанды. Олардың қаншауы елге оралмай қалды? Бұл туралы сан түрлі дерек бар. Осы «Даңқ» залында сұм соғыст а қарша бораған оқтың ортасында болған жүз мыңға жуық ардагердің есімі жазылған. Тілерсектен қан кешіп, өмір мен өлім жолында от кешкен ата-бабаларымызға, әкелерімізге мың алғыс айтып, басымызды иіп тағзым етеміз. Бұл ерлікті ешуақытта ұмытуға болмайды, – деді Еркінбек Солтыбаев.

Ардагерлердің есімі ардақталған іс-шараға Ұлы Отан соғысының өңірдегі көзі тірі санаулы куәгерлері Иван Макеев, Григорий Нещеретнев, Виктор Шмидт, тыл ардагерлері Ильяш Абитбеков, Рабиға Даулбаевалар қатысты. Сонымен қатар, «Қазақстан Халық партиясы» облыстық филиалының төрағасы Жанат Бастаубаева да сөз алып, ардагерлерге алғысын білдірді. Одан кейін ұрыс даласында шейіт кеткен боздақтардың рухына тағзым ету үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Іс-шара барысында соғыс жылдарында сарбаздардың рухын көтерген «Катюша», «Журавли» сияқты әндер шырқалды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар