Форумды ашып, жүргізген облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Мемлекет басшысының кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуде прокурорлардың рөлінің ерекше екенін атап өтті. «Бүгін біз аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдерін заңсыз жүргізілген тексерулердің жолын кесуден бастап, әкімшілік кедергілерді қысқартуға дейінгі кешенді прокурорлық қорғауды жүргізіп келеміз. Бүгінгі форумның мақсаты – кәсіпкерлерге жасалатын заңсыздықтарға жол бермеу, құқықтық тәртіпті қалыптастырып, заңсыз әрекеттердің алдын алу», – деді. Өз сөзінде прокурордың аға көмекшісі Абай Алтаев прокуратура органдарының бизнесті қорғау және инвесторлардың мәселелері бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндады.
Бұдан кейін сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев бизнесте кездесетін бірқатар мәселелерді сөз етсе, облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек өңірде инвесторларды қолдау бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмысының нәтижесімен таныстырды.
– Біз баяндамашыларды толық тыңдадық. Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөліп отырғаны белгілі. Әсіресе, инвесторларды тартуда билік тарапынан болатын кедергілерді азайту тапсырылды. Біз өңірімізде орналасқан арнайы экономикалық индустриалдық аймақтар бойынша зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Сол зерделеу барысында «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында жүргізген тексеріс барысында 6 инвестордың жер алып, онда ештеңе істемегені анықталды. Сөйтіп, оларға берілген 81 гектар жер мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Сондықтан да инвесторлармен келіссөздер жүргізгенде оларға берілетін жер телімдерінің жобаға сәйкес келуін «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Қандай жоба болмасын оның тиімділігін зерделеп, зерттеп алған артықтық етпес еді. Алдағы уақытта осы мәселелер жергілікті билік тарапынан ескерілуі тиіс, – деді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров.
Келесі кезек форумның сұрақ-жауап бөліміне ойысты. Бұл кезеңде жиынға қатысқан кәсіпкерлер өздерінің жұмыс барысында кездескен мәселелерімен бөлісіп, ашық пікір алмасты.
Өз сөзінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Жолдауында тапсырғандай, облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жақсы көңіл бөлініп, инвесторларға қажетті қолдаулар көрсетіліп отырғанын айтып, алдағы уақытта атқарылатын инвестициялық жобалардың барысымен таныстырды.
– Бүгінгі күні аудан әкімдіктері мен мүдделі басқармалар, «Zhambyl Invest», сондай-ақ, «Kazakh Invest» акционерлік қоғамы және басқа мекемелермен жинақталған облыста 2025-2028 жылдар аралығында жалпы құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаның базасы қалыптасты. Онда барлығы 5500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, электр энергиясы және туризм салаларын дамытуға бағытталған. Ал, өткен жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 506,8 миллиард теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, былтыр жалпы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 1453 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, биыл жалпы құны 121,7 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұлардың ішіндегі 11 жобада проблемалық мәселелер шешілген. Қазіргі таңда, жалпыұлттық пулға 47 жоба енгізілді. Сонымен қатар, жалпыұлттық пулға енген жобаларды «Ұлттық цифрлық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірлесіп «Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға» енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, облыстың 41 инвестициялық жобасы платформаға енгізіліп, жол карталары жасақталды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Форумды облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров қорытындылады. «Бүгін форумда ашық әңгіме болды. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған заң талабы бәрімізге бірдей. Ол мемлекеттік қызметкер болсын, кәсіпкер болсын, бәрі заң талабы бойынша болуы тиіс. Біз елдің Ата Заңына бағынып, соның тәртібіне қарай бейімделіп, жұмысымызды заңнан аттамай атқаруға тиіспіз», – деді Нұрғалым Әбдіров.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ана мен бала мемлекет қорғауында
- Бүгін, 09:57
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді