Бұл кәсіпке Гүлназым бала күнінен үйір болыпты. Өзінің айтуынша, бұл ісмерлік қабілет оған анасынан дарыған. Ол мектеп жасынан тігінге қызығып, алғашқы киімін бірінші сыныпта-ақ тіккен екен. Содан бері қолынан ине-жіп түспепті.
«Ол кезде үйдегілер қол машинасымен жұмыс істейтін. Әжем мен анам бірдеңе тігуге отырса, мен де қастарына отыра қалатынмын, қалыспай. Сөйтіп, апам мен анамнан құрақ құрауды, киім тігуді үйрендім», – дейді ол.
Кейінірек ол өзіне шалбар, белдемше тігуді үйренді. Тіпті 7-сыныпта оқып жүргенде мектеп формасын, ал 11-сыныпты тәмамдарда мектеп бітіру кешіне өзіне арнап көйлек тіккен. Тігін саласында арнайы білімі болмаса да, мектепте оқып жүргенде үш айлық «Пішіп, тігу» курсын аяқтап, алғашқы қадамдарын жасаған.
Гүлназым әженің балалық шағы үлкен отбасында өткен. Бір үйде он бала өссе де, тігінге жақын болғаны тек өзі ғана екен.
– Үлкен отбасында тәрбиеленген соң, мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсуге мүмкіндік болмады. Ауылда 200-300 адамды жұмыспен қамтитын үлкен өндірістік комбинат болатын. Сол мекеменің тігін цехында 12 жыл жұмыс істедім. Кеңес өкіметі құлаған кезде бәрі тарады, жұмыссыз қалдық. Сол кезде цехтағы тігін машиналарын бізге сатса екен, үйде отырып жұмыс істесек деген ой келді. Шынында да, солай болды. Жолын тауып, тігін машинасын сатып алдым. Үйімнің ауласынан шағын цех ашып, сол уақыттан бері жұмысымды жалғастырып келемін, – дейді Гүлназым.
Гүлназым Кенжеғараева үшін «Тіге алмаймын» деген сөз жоқ. Қандай тапсырыс болса да, қашпайды. Қыз-келіншектерге көйлек тігуден бастап, көліктің орындықтарына арналған қап, күртеше, пальтоға дейін шебер тігеді. Бұрыннан келе жатқан тұрақты тұтынушылары да аз емес. «Жоқ, ондай тіге алмаймын деп ешқашан айтпаймын. Сол үшін де мені көпшілік жақсы көреді деп ойлаймын», – дейді ол.
Гүлназым дайын үлгілермен жұмыс істемейді, барлық киімді өзі пішеді. Қыз-келіншектерге көйлек тіккенде, фасон мен матаның үйлесімін ұсынып, жаңа идеяларымен бөлісіп отырады. «Матаның барлық түрін қолданамын: шыттан бастап тері мен мехқа дейін. Бір көйлекті жарты күнде-ақ тігіп тастаймын. Ал, күрделі кешкі көйлектерді тәулігіне бір-екеуін тігіп үлгеремін», – деп бұл іске әбден машықтанғанын байқатты.
Тігіншіліктің қаншалықты маңызды екенін тапсырыс берушілердің алғысы мен естеліктерінен байқауға болады. «Бұрыннан бір келіншекке киім тігетінмін. Кейін оның қызына көйлек тіге бастадым. Ал, қазір қызының қызы үшін киім тігемін. Бірде сол немересі Македонияға би конкурсына қатысатын болып, оған Аққу костюмі қажет болды. «Уақыт тығыз, тапсырыс бір күнде дайын болуы керек. Сенен басқа ешкім тіге алмайды», – деп маған сенім білдірді. Түнделетіп тігіп үлгердім. Сол қыз менің костюміммен шетел сахнасына шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Жақында сол келіншектің шөбересі дүниеге келді, енді Алла қаласа оған да көйлек тігетін боламын», – деп күлді Гүлназым әжей.
Қазір Гүлназым кіші келінін өз өнеріне баулуда. Ал, үлкен келіні бөлек шыққан соң Алматыда тігін цехын ашып, жұмыс істеуде.
– Мен өзімнің тәжірибемді жастарға үйретіп келемін. Қазір мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау көп. Жастарға үнемі қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер туралы айтып отырамын. Өзім де 2019 жылы несие алып, заманауи тігін машинкасын сатып алдым. Ендігі арманым – қыз-келіншектерге тігіннің қыр-сырын үйретіп, жаңа шеберлерді тәрбиелеу, – дейді тігінші.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист.
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жол сапасы жақсарып келеді
- 16 қаңтар, 2025
Қолайлы мүмкіндіктердің нәтижесінде қоныстой көбейді
- 14 қаңтар, 2025
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді