«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баға жоғары,жалақы төмен

Баға жоғары,жалақы төмен
Ашық дереккөз
Дамыған елдерде азық-түлік бағасы Қазақстанға қарағанда 2-4 есе қымбат. Бірақ жалақы көбейгенде де бұл бағалар қалтаға салмақ салмайды. Себебі неде? Саралап көрелік.

Қазақстандағы азық-түлік себетінің құны Еуропаның дамыған елдері мен АҚШ-қа қарағанда айтарлықтай төмен, ал кейбір ТМД елдерінен жоғары. Мұндай қорытындыны өмір сүру құны туралы әлемдегі ең ірі онлайн деректер базасы – Numbeo.com мәліметтерін талдау негізінде жасауға болады. 12 қаңтардағы есепке сәйкес, Қазақстан азық-түлік бағасының көрсеткіші бойынша 148 ел мен аралдық аумақтардың ішінде 125-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш – 39,3 еуро, яғни 21,4 мың теңге. Азық-түлік себетіне сиыр еті, тауық еті, сүт, жұмыртқа, нан, күріш, ірімшік, картоп, пияз, қызанақ, алма, банан, апельсин, су және шырын бөтелкесі кіреді.

Ең қымбат аймақтардың алғашқы бестігіне Бермуд, Кайман және Виргин аралдары, сондай-ақ екі Еуропа елі – Швейцария мен Исландия енді. Бұл елдерде осындай азық-түлік себетінің құны Қазақстанға қарағанда 3-4 есе қымбат, 173,2 еуроға дейін жетеді немесе 94 мың теңге. Дамыған елдер – АҚШ, Германия және Франциямен салыстырғанда да, Қазақстан азық-түлік себетінің құны бойынша ұтады. Ол жақта мұндай тауарлар 2–2,4 есе қымбат тұрады.

Қазақстандағы азық-түлік себетінің құнын көрші елдермен салыстырғанда, баға айырмашылығы мұншалықты үлкен емес. Қырғызстан тұрғындары бір себет үшін сәл көбірек – 40 еуро төлейді. Ал, Ресей мен Өзбекстанда мұндай азық-түлік жиынтығы Қазақстанға қарағанда арзанырақ, сәйкесінше 34,6 және 36,2 еуро.

Бұл азық-түлік жиынтығын ең төменгі күнкөріс деңгейі мен жекелеген әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін пайдаланылатын тұтыну себетімен салыстыру дұрыс емес. Себебі, бұл жерде бір айға қажетті азық-түлік мөлшері емес, тауарлардың бірлік бағасы, яғни килограмм, бөлке, бөтелке және сол секілді өлшемдері ескеріледі. Бұл әдіс тек әртүрлі елдердегі бірдей номенклатурадағы тауарларды салыстыру үшін қолданылады.

Киімнің, қоғамдық тамақтанудың және әртүрлі ақылы қызметтердің құнын ескере отырып, Қазақстанда өмір сүру құны төмен деп бағаланады. Өмір сүру құны индексі бойынша Қазақстан 139 елдің ішінде 114-орынды иеленеді. Рейтингті жасаушылар мемлекеттердің деректерін Нью-Йорктегі өмір сүру құнымен (100 балл деп қабылданған) салыстыра отырып бағалаған. Мысалы, 2025 жылдың қаңтар айында Қазақстанда бұл индекс 26,6 балды құрады, яғни Қазақстанда бірдей тауарларды Нью-Йоркке қарағанда 73,4 пайызға арзан сатып алуға болады деген сөз. Осындай жағдай экономикалық даму деңгейі ұқсас жақын елдерде де байқалады.

Еуропа елдерінде өмір сүру құнының индексі Нью-Йорк көрсеткішіне анағұрлым жақын. Мұны статистика да растайды. Еуропа елдерінде өмір сүру шынымен де қымбат. Алайда, бұл көрсеткіштерді азаматтардың жалақысының сатып алу қабілеті мен табыс деңгейімен бірге бағалау қажет. Міне, бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан мақтана алмайды. Numbeo.com деректеріне сәйкес, биылғы қаңтарда Қазақстандағы жалақының сатып алу қабілеті 50,8 балды құраған. Бұл дегеніміз, еліміздегі орташа жалақыға Нью-Йорк тұрғынының жалақысымен салыстырғанда 49,2 пайызға аз тауарлар мен қызметтер сатып алуға болады деген сөз. Ал, Швейцарияда, азық-түлік бағасының жоғары болуына қарамастан, жалақының сатып алу қабілеті Қазақстанға қарағанда бірнеше есе жоғары, тіпті Нью-Йоркпен салыстырғанда 59,7 пайызға артық.

Басқаша айтқанда, дамыған елдерде азық-түлік бағасының жоғары болуы жалақы деңгейі жоғары болғандықтан, тұрғындарға айтарлықтай қиындық тудырмайды. Numbeo.com сервисінің мәліметтері бойынша, әртүрлі елдердегі орташа жалақыны да салыстыруға болады. 2025 жылдың қаңтарында ең жоғары орташа жалақы Швейцарияда тіркелді. Бір жұмысшының ай сайынғы табысы орташа есеппен 6,5 мың АҚШ долларын құрады. Бұл шамамен 3,4 миллион теңге. АҚШ-та орташа жалақыны теңгеге аударғанда да таңғаласыз. 2,3 миллион теңге! Ал, Нидерландта – 1,8 миллион теңге. Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен, орташа жалақы 531,9 АҚШ долларын немесе 280,3 мың теңгені құрайды. Елдің ресми статистика органдарының мәліметінше, 2024 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы бұдан сәл жоғары болды. Яғни, 390,3 мың теңге. Ал, медициналық жалақы 269,4 мың теңгені құрады. Айта кетейік, Numbeo онлайн-сервисі ресми мемлекеттік ведомстволарды дереккөз ретінде сирек пайдаланады. Бұл ашық база, оған кез келген адам өз елінің немесе қаласының деректерін енгізе алады.

Қылмыс деңгейі, білім беру және денсаулық сақтау сапасымен қатар, өмір сүру құны адамдардың жалпы өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Экономикасы дамыған елдерде өмір сапасы индексі – негізгі салалардың жиынтық бағасы да жоғары болады. 2025 жылдың қаңтарында ең жоғары индекс Люксембургте тіркелді. Сондай-ақ, Нидерланд, Дания және Швейцария жоғары көрсеткіштерге ие. Қазақстанда өмір сүру сапасы индексі әлдеқайда төмен, небәрі 106,8-ді көрсеткен. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз толық талдау жүргізілген 139 елдің ішінде 114-орында тұр.

Осы уақытта қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығындары артқан үстіне артып жатыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың маусым-қыркүйек айларында қазақстандық отбасының азық-түлікке орташа шығыны 493,6 мың теңгеге жетті. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6 пайызға көп. Тұтынушылық шығындар құрылымында азық-түлік себетіне жұмсалатын шығындардың үлесі өте жоғары болып қалды. Яғни, 54 пайыздан астам.

Бұл көрсеткіш одан әрі өсуі де мүмкін. Қазақстанның кейбір өңірлерінде «азық-түлік» шығындарының үлесі 63 пайызға жетті. Атап айтқанда, Алматы 63,1 пайыз, Түркістан 62,3 және Жетісу 61,8 пайыз. Өзіміздің Жамбыл облысында да бір отбасының азық-түлік себетіне жұмсалатын шығындарының үлесі 61,6 пайызды құрайды екен. Бұл облыстарда адамдар негізінен тек азық-түлік үшін ғана жұмыс істейтін сияқты. Тіпті, экономикалық тұрғыдан дамыған, номиналды жалақысы жоғары аймақтарда, яғни Атырау және Маңғыстау облыстарында да жағдай мәз емес. Ең төменгі көрсеткіштер Астанада (47 пайыз), Солтүстік Қазақстан (47,3 пайыз) және Қарағанды (48,2 пайыз) облыстарында тіркелді.

Кез келген елдің азық-түлік қауіпсіздігі сол елде тұтынатын азық-түліктің шамамен 80 пайызы өзімізде өндірілген жағдайда қамтамасыз етіледі немесе ел қандай да бір азық-түлік түрін өндіруге маманданған кезде, оның экспорты арқылы азық-түлік бойынша сыртқы сауда балансының оң сальдосын алуға мүмкіндік береді. Азық-түлік қауіпсіздігі қажетті көлемдегі азық-түлік өндіруден бөлек, сақтандыру қорын толықтыру үшін қосымша азық-түлік өндірісі жүзеге асырылса қамтамасыз етілді деп есептеледі. Бұл көлем әлемнің дамыған елдері деңгейінде (60 күндік немесе жылдық тұтынудың 17 пайызы көлемінде) болуы тиіс. Белгілі бір азық-түлік түрлері өндірілмеген немесе олардың өндірісі шектеулі болған жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі басқа елдерден сатып алу арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте жетіспейтін азық-түлік бойынша экспорттаушы елдерге азық-түліктік, саяси немесе басқа тәуелділікке жол бермеу маңызды.

Айтпақшы, осы ретте әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің азық-түлік бағасы мен азаматтардың өмір сүру деңгейіне қалай әсер етеді деген заңды сұрақ туындайды. Азық-түлік қауіпсіздігі азық-түлік бағасы мен халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Оның жоғары деңгейде қамтамасыз етілуі азаматтардың әл-ауқатын жақсартып, бағаны тұрақтандырады. Ал, қауіпсіздіктің болмауы халықтың денсаулығына, әлеуметтік тұрақтылыққа және экономикалық өсімге теріс ықпал етеді. Атап айтқанда, бағаның өсуі халықтың табысы төмен бөлігінің қажетті азық-түлікті сатып алу мүмкіндігін шектейді. Бұл дұрыс тамақтанбауға, денсаулықтың нашарлауына және өнімділіктің төмендеуіне алып келеді. Қымбатшылық жағдайында адамдар арзан, бірақ азық-түлік құндылығы төмен өнімдерді тұтынуға мәжбүр болады. Азық-түлік бағасының жоғары болуы табысы төмен халықтың шығындарының басым бөлігін азық-түлікке жұмсауына мәжбүрлейді. Бұл экономикалық теңсіздікті арттырады. Әсіресе, азық-түлікке сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық күрт өскен жағдайда әлеуметтік наразылықтар мен тұрақсыздық қаупі артады.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан аграрлық саясаттың арқасында соңғы жылдары халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейін арттыру, негізгі тұтыну өнімдерінің импортының үлесін азайту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру көлемін ұлғайту және мал басын көбейтуге айтарлықтай қол жеткізілді. Бұл өзгерістер елдің агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты және қарқынды дамуына ықпал етті. Бүгінде Қазақстанда азық-түліктің негізгі 24 түрі бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80-100 пайызды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 10 тауарлық позиция бойынша ішкі нарық 100 пайыз қамтамасыз етілді. Бұл өнімдердің қатарына бидай ұны, тұз, нан, күріш, макарон өнімдері, күнбағыс майы, картоп, қой еті, сиыр еті және сәбіз сынды азық-түліктер енген. 14 азық-түлік түрі бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80 пайыздан жоғары. Бұлардың ішінде тауық жұмыртқасы, қияр, жылқы еті, қызанақ, сүт, қарақұмық жармасы, қырыққабат, бұрыш, шошқа еті, пияз, қызылша, ашыған сүт өнімдері, сары май және алма бар. Алайда, бес азық-түлік түрі бойынша импортқа тәуелділік байқалады. Атап айтқанда, бұл тауық еті, шұжық өнімдері, балық, ірімшік пен сүзбе, сондай-ақ қант. Аталған тауарлық позициялар бойынша Қазақстанда өндіріс көлемін арттыру және импортты алмастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту міндетін инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы шешу жоспарланып отыр. 2027 жылға дейін Қазақстанда 2,3 триллион теңге сомасына 780 инвестициялық жоба, оның ішінде импортқа тәуелді тауарлар бойынша 855 миллиард теңгені құрайтын 170 жоба жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында да бірқатар ауылшаруашылық өнімдері өндіріліп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына атсалысып келеді. Күні кеше аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселесі кеңінен талқыланған еді. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста соңғы бір апта ішінде 5 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының, яғни тауық еті, қырыққабат, жұмыртқа, күнбағыс майы, картоп бағасы көтерілген. Ұн мен қарақұмық бағасы төмендеген.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар