– Әскерден келген бетте еңбекке араласып кеттім. Бұл тұста Тәжік мемлекеттік университетінің сырттай бөлімінде білім алдым. 1993 жылы әкемнің кіндік қаны тамған сол кездегі Жамбыл қаласына қоныс аудардық. Мұнда келе салысымен облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасына жұмысқа орналастым. Міне, содан бері яғни, 30 жылдан астам уақыт жол саласында қызмет етіп келемін. Алғашында экономист, жоспарлаушы, механик және филиал директоры лауазымдарында еңбек еткенім рас. 2007 жылдан бастап «Жамбыл жол лаборатория» республикалық мемлекеттік мекемесінде тер төгіп жүрмін. Бүгінгі таңда бұл мекеме «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстық филиалы, – дейді Қадыржан Тәліпұлы.
Жалпы, кейіпкеріміз мемлекеттік қызметкерлердің отбасында дүниеге келген. Әкесі Тәліп пен анасы Клара КСРО құрамындағы Тәжік елінің экономикасын көтеру үшін сол жаққа жолдама алған. Кәсіби мансабын қарапайым мал дәрігерліктен бастаған асқар тау әкесі Тәжік КСР-і ет-сүт өнімдері өнеркәсібі министріне дейін көтерілген. Ал, аяулы анасы жарты ғасырға жуық ұстаздық қызмет атқарған. Қадыржанның үш ағасы мен бір қарындасы бар. Бүгінде өмірлік жары Раушан екеуі үш ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр.
– Руслан, Анель және Мерей мен Марат есімді ұл-қызымыз бар. Тұңғыш перзентіміз Руслан дәл қазір Назарбаев университетінде жұмыс істейді. Ал, қызымыз Анель Астана қаласында магистратурада білім алуда. Одан кейінгі егіздер Тараз қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының оқушылары. Анасы екеуміз қолымыздан келгенше балаларымыздың сапалы білім алуларына жағдай жасаймыз. Алайда, мамандық таңдау еркін өздеріне бердік. Бастысы, олар қоғамға қажетті маман иесі атанса деген тілегіміз бар, – дейді Қадыржан.
Кейіпкеріміз Әулиета аймағының қай жолы қайда апарады, оның жай-күйі қалай, мұның бәрін бес саусағындай біледі. Қолынан келсе, өңірдегі барлық жолды тақтайдай етіп тастағысы келеді. Өйткені, мұнда асқар тау әкесі өмірге келіп, жалынды жастық шағы өткен. Дегенмен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» секілді халықаралық көлік дәлізінің көп шаруасына үлес қосқанын көңілге демеу санайды. Бұл күнде еңбегі еленіп, «Құрметті жолшы» атанса, бірнеше мәрте облыс және қала әкімінің «Құрмет грамотасына» ие болған. Бұдан бөлек, оның еншісінде еліміздің Көлік министрінің Алғыс хаты да бар.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді