«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек өнімділігін арттыратын зауыт

Еңбек өнімділігін арттыратын зауыт
Ашық дереккөз
Суармалы егіс алқаптарын жаңбырлатып және тамшылатып ылғалдандыру арқылы өнім көлемін арттыру бүгінгі басты міндеттің бірі. Осы бағытта ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаның бірі – тамшылатып суару қондырғыларын шығару. Аталған жобаға инвестиция салған қытайлық инвесторлар Тараз қаласында тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты.

Қытайлық «KAZ Каспий ГИДРО ауылшаруашылығы технологиясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаға инвестор ретінде 2,8 миллиард теңге салған. Компанияның ауылшаруашылығы құбырлары мен тамшылатып суару жүйелерін өндіруде тәжірибесі мол. Бүгінгі күні цехта 30 адам жұмыс атқаруда, зауыт толық қуатына қосылғанда 60 адамды жұмыспен қамту көзделген.

Жаңа цехтың ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Цех жұмысымен компания басшысы Фу Бин таныстырды. Кәсіпорынды аралаған аймақ басшысы өндіріс ошағында жасалып жатқан суару жүйелері құбырларының сапасына жоғары баға берді. Бұл цехтың жылдық қуаттылығы 20 гектар алқапқа жететін суару құрылғыларын шығара алады.

Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы зауыт басшысы Фу Бинге жұмыс сапарымен Қытай еліне барғанда үлкен жылу құбырларын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болғанын айта келіп, алдағы уақытта өңірде де сондай жылу құбырларын шығару ісін қолға алса, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осылайша, екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық ұлғая түсетінін айтты. Өз кезегінде Фу Бин де айтылған мәселе жоспарда бар екенін жеткізді.

– Тамшылатып суару жүйелерін шығару өте маңызды қадам. Облыста суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құрайды. Оның 127,3 мың гектары немесе 70,9 пайызы жерүсті әдісімен суарылады. Ал, 28,5 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару, 11,5 мың гектар жерге тамшылатып суару жүйесі пайдаланылады. Былтыр 15,2 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары орналастырылған. Биыл 10 мың гектарға енгізіліп, облыс аумағындағы жалпы көрсеткіш 64,5 мың гектарға дейін жетеді деп күтілуде. Өңірімізде осындай құрал-жабдықтар шығаратын өндіріс орны ашылғаны бағасы жағынан да тиімді. Сол себептен қант қызылшасы, картоп, басқа да өнім өсіретін шаруалар осы суару жүйелерін пайдаланғаны жөн, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бүгінгі таңда кәсіпорын алдағы суару маусымына қажетті жабдықтарды өткеруге толығымен дайын. Компания басшысының айтуынша, фермерлерге 6 мың гектар суару жабдықтарын үлестіру жоспарда бар екен. Тапсырыстар қазірден бастап аудандардан түсе бастапты. Сондай-ақ, ұңғымаларды бұрғылауға арналған құрал-жабдықтар да дайындалады мұнда.

– Жобаны жүзеге асыруға өткен жылы кіріскенбіз. Былтыр облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Манасовпен кездесу өткізіп, іскерлік байланыс орнатқанбыз. Жамбылдық әріптестеріміз бастамамызды қуана қолдады. Өткен жылы осындай уақытта мына зауыт қаңыраған бос ғимарат еді, бір жылдық еңбектің нәтижесінде кәсіпорын іске қосылып, алғашқы өнімдерді шығарып отырмыз. Қазір зауытта құбыр өндіретін 4 жүйе жұмыс істеп тұр. Бір күнде осы төрт жүйе 30 тонна шикізат тұтынып, нақ осы салмаққа тең құбырлар шығарылады. Одан бөлек, екі тамшылату таспасы бар, оның көлемі күніне 600 мың метрді құрайды. Әулиеата өңірінің егістік жерлері құрғақ болып келеді. Зауытты Жамбыл жерінен ашуымыз сондықтан. Зауыт енді ашылып жатса да облыс шаруаларынан суару жүйелеріне тапсырыс түсіп үлгерді, – дейді компания басшысы Фу Бин.

Сондай-ақ, облыс әкімі зауыт басшысына өнімді сапалы етіп шығаруды әрі бағасы да тиімді болуы керектігін тапсырды және жұмысшыларды жергілікті жерден алуды міндеттеді. Суды үнемдейтін суару технологияларын егіс алқаптарына енгізу су шығынын азайтып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырады деген сенім мол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар