Қарасаздық шаштараз Евгения Рудомётованың айтуынша, шаштараз ешқашан өзінің құндылығын жоғалтпайтын мамандықтың бірі. «Адамның бет-әлпетіне, бойына, дене бітіміне, жас ерекшелігіне қарап та шаш үлгісін жасау – үлкен өнер. Шаш үлгісінің дұрыс әрі ерекше болуы кез келген адамға сенімділік сыйлайды», – дейді ол.
Қарасаз ауылында шағын кәсіпкерлікпен айналысып отырған жастар көп. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Соның бірі, ұлты орыс Евгения Рудомётованың сұлулық салонына келушілер көп. Шаш сәндету мен қидыруға күні бұрын жазылатындар да бар екен. Ал, әдемілікті сүйетін талғампаз жандардың көңілінен шығудың өзі үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті талап етері сөзсіз. Мұнда шаштарын қидырып, әдемілеп, сәндену үшін алдын ала жазылып, кезекке тұратындардың көп екенін айтады жас кәсіпкер. Тіпті, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан арнайы келетіндер де бар көрінеді. Евгения тек қыз- келіншектердің шашын қиып, сәндеп қана қоймай, ер азаматтардың да, балалардың да шашын ретке келтірумен айналысады.
– Бір іске ықылас қойсам, оны аяғына жеткізбей қоймаймын. Ізденістің арқасында жақсы нәтижелерге жетіп те жүрмін. Өзім осындағы А.Пушкин атындағы орта мектепті бітірген соң, Тараз қаласындағы «Аспара» модельдік өнер және бизнес колледжінде «Шаштараз өнері» мамандығы бойынша білім алдым. Бүгінде ауылда өз кәсібімді ашып, жұмысымды жүргізіп жатырмын, – дейді Евгения Александровна.
Қарап тұрсаңыз, шаштараз дегеніміз маңызды мамандықтардың қатарында болмағанымен, сұраныстағы кәсіптің бір түрі екенін байқаймыз. Евгения «адамда ниет болса, кез келген кәсіптің көзін табуға болады» деген ұстанымда. Сондай-ақ, ол «шаштараздың міндеті тек шаш алу ғана емес, басты мақсаты – тұтынушылардың көңілінен шығу» деп біледі.
Өзі туып-өскен үлкен ауылда бұл кәсіпті ашпай тұрып, алдымен колледжден кейін Тараз қаласындағы сұлулық салондардың бірінде бір жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинаған. Үнемділікпен тиындап жинаған қаржысын жеке кәсібін ашуға жұмсаған ол бүгінде елдің көңілінен нәтижелі жұмысымен шығып отыр. Бір атап өтерлігі, бұл Қарасаз ауылында жұмыс істеп тұрған жалғыз шаштараз ауылдағы үлкен Бірлік көшесінің бойында орналасқан шағын ғимараттың іші жылы әрі адамға керек жайлылықтың бәрі бар.
– Кәсіп бастау қашанда қиын шаруа. Оның өз қиындығы бар болғанмен, күресу керек, табандылық керек. Өз кәсібім туралы айтсам, шаш қиюға да ниет еткен адамның икемі, ебі болуы тиіс. Қазіргі таңда халықтың талғамы мен талабы жоғары. Бұрынғыдай қалай болса солай шашын алдыра салмайды. Ауылда тұратын қыз-келіншектермен қатар, ер азаматтардың да шашқа деген күтімі ерек. Қалай дегенмен, бұл кәсіптің де қырлары мен сырлары көп. Бәрі тәжірибемен келеді. Бастысы, шебер өзінің білімін күн сайын жетілдіріп отыруы қажет. Шаш сәндеуге келген әйелдермен жұмыс барысында әңгіме-дүкен құрып, сан алуан тақырыптарда әңгімелесеміз. Мемлекеттік тілді жақсы білемін. Сондықтан болар тұрақты клиенттерім туысымдай болып кетті. Күніне 8-10 әйел адамның шашын сәндеймін, ондаған ер азаматтың шашын қиямын. Демалыс күндері салонға келетіндер көп болады. Келушілерімнің көңілінен шығу үшін білімімді, тәжірибемді жетілдіріп отырамын. Ол үшін уақыт тауып, Тараз және Алматы қалаларына барып, арнайы біліктілікті арттыру курстарына қатысамын, – дейді ол.
Евгенияның алдыға қойған мақсаттары да жоқ емес. Кәсібін кеңейтіп, шәкірт тәрбиелеу. Бұл істе оған жұбайы Георгий үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде жас отбасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр екен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді