Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, облысымыздағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 4358, елді мекен көшелерінің желісі 5726 шақырымды құрайды, оның 1194-і республикалық, 1756-ы облыстық, 1408-і аудандық маңызы бар автомобиль жолдары болса, 5726- ы елді мекендер көшелерінің желісі.
– Президентіміз «Ana tili» газетіне берген сұхбатында былтыр елімізде 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделгенін айтты. «Былтыр жазда 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданғанын қаперіңізге сала кетейін. Онда жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған» деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бүгінгі күні облысымызда осы Ұлттық инфрақұрылым жоспарына сәйкес тиісті жоспар түзіліп, нақтылану үстінде. Биыл да облыс көлемінде жол құрылысы мен инфрақұрылымдарды жақсарту бағытындағы жобалар жүзеге асырылады. Атап айтсақ, «ҚР көлік- логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында – облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 34 жоба немесе 184 шақырым, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен – 170 жоба немесе 203 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен – 5 жоба немесе 18,3 шақырым, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен – 3 жоба немесе 1,2 шақырым, жергілікті бюджеттерден – 143 жоба немесе 303,4 шақырым жолды жөндеу көзделген, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен, өткен жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 25,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен 16,5 шақырымды құрайтын көше жолын, бір көпірдің құрылысы мен 3 шақырым жол қайта жаңғыртудан, 690,4 шақырым жол орта жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, бөлінген қаржы ішінде жалпы 2,3 миллиард теңге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті жолдар, елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталып, тиісті жұмыстар атқарылған. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар автожолдардың бойында үй жануарларының жолға шығу ықтималдығы жоғары орындарға 45 жануардың, мектеп алдындағы жаяу жүргінші жолақтарының алдына 39 оқушының макеттері орнатылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, үнемделген қаражат есебінен Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылында 1,2 шақырым жасанды жарық орнату жұмыстары жүргізілген.
Басқарма басшысының айтуынша, жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін, Автомобиль жолдары Комитетінің қарамағындағы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» жөнделген автожолдарға тексеру жүргізді. Сапа орталығымен 400 жерге шығып зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2000 сынама алынған. Нәтижесінде, 986 сынамалар бойынша кемшіліктер мен сәйкессіздіктер анықталған. Кемшіліктерді жою барысында 24,4 миллион теңгені құрайтын сапасыз салынған 5 800 шаршыметр асфальтбетон жамылғысы мердігерлер есебінен қайта салынды. Ал, сапасыз жол құрылыс материалдарының қолданылуы немесе келісімшарт талаптарының бұзылуына жол берген мердігерлерге 39 миллион теңге тұрақсыздық айыппұлдары салынып, 1 мердігер жосықсыз ретінде танылса, 6 мердігерді жосықсыз деп тану бойынша сот процестері жүруде.
«Зерделеу көрсетіп отырғандай, көбіне өндіріс жұмыстарын сапада жүргізу технологиясының сақталмауы және нысандарда техникалық қадағалаушылармен жүргізіліп жатқан қадағалау жұмыстарының деңгейі тікелей әсер еткен. Бұл ретте, өткен жылы, мердігерлерден бөлек осындай кемшіліктер мен бұзушылықтарға жол берген тапсырыс берушілер болып табылатын жауапты жергілікті атқарушы органдар, атап айтқанда, 9 ауылдық округтің әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 7 тұлғаға Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен қызметіне «толық сәйкес емес» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуынан сақтап қалу мақсатында Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімі өкілдерімен бірлесіп облыс жолдарында рейдтер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізілді. Бұл ретте, өткен жылы жылжымалы көліктік бақылау посттарында 1778 әкімшілік хаттамалар толтырылып, 96, 8 миллион теңгеге айыппұл салынып, жергілікті бюджетке 88,7 миллион теңге өндірілген. Дегенмен, облыста Көліктік бақылау инспекциясында жылжымалы бекеттер жетіспеуіне байланысты, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында автожолдарда 2025 жылы 2 автоматты өлшеу жүйелерін орнату бойынша бюджеттік өтінім беріліп, қолдау тапқандығын атап өтуге болады», – дейді Мұрат Саурықов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- Бүгін, 20:42
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді