«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жарқын болашаққа жасалған қадам

Жарқын болашаққа жасалған қадам
Ашық дереккөз
Ертеңін ойлаған ел бүгін баянды бастама жасайды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы да жарқын болашақ үшін жасалған қадам. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық қордан әр балаға 100 АҚШ долларынан қаржы бөлу басталған еді. Биыл бұл төлем ұлттық қордың инвестициялық табысының жақсы нәтижелеріне байланысты көбейеді. Өткен жылдың он айында Ұлттық қордың инвестициялық табысы 5,3 миллиард доллар болыпты.

Ұлттық банктің мәліметінше, төлемдер 2025 жылдың қаңтар айындағы балалар санына байланысты болмақ. Биылғы балаларға арналған төлем есепшоттарына ақпан айында түседі.

– Есептеулер қаңтар айында болады. Өткен жылы біз әр балаға шамамен 100 доллар төледік. Жоғарыда айтылғандай, 2023 және 2024 жылдар инвестициялық табыс тұрғысынан өте жағымды. Сондықт ан, жылжыма лы орташа мән көтеріледі. Келесі жылдың қаңтар айында сома көп болады, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Өткен жылдың қараша айында Қаржы министрлігі 2025 жылы «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасына 888,8 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған болатын. Ал, желтоқсанда Сенаттың жалпы отырысында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің сұрағына жауап берген Қаржы министрі Мәди Тәкиев те балалардың болашағы үшін берілетін соманың биылғы жылғысы өсетінін айтқан еді.

– Балалардың есеп шотындағы ақша доллармен есептеліп, сақталатындықтан инфляциялық әсерден қорғалады. Инвестициялық кіріске келер болсақ, біз келесі жылы 2,6 пайызды есептедік, егер бәрі жақсы болса, енді 1 қаңтарда біз 118-120 долларды аламыз. Барлығын есептеп, нақты айтамыз, – деді М.Тәкиев.

Бұл бағдарлама бойынша Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жылына бір рет 18 жасқа дейінгі қазақстандық балаларға бөлінеді. Өткен жылы 18 жасқа толған азаматтарға 100,05 доллар төленген. Осы сомадағы төлем өткен жылы еліміздің 6,9 миллион кәмелетке толмағандарына берілген. Биыл 19 жасқа толған жасөспірімдер өткен жылғы төлемдерін нысаналы мақсатқа пайдалануға алды.

– Ұлттық қордан маған өткен жылы бөлінген қаржыны болашақта өз үйімді алуға пайдалануды дұрыс көрдім. Ол қаржы негізі балалардың оқуына немесе баспаналы болуына арналған. Биыл жоғары оқу орынына мемлекеттік грантпен түстім. Сондықтан Ұлттық қордан берілген ақшаны Отбасы банкінен жеке есепшотымды ашып, соған аударттым. Сол есепшотыма шәкіртақымнан да салып отырамын. Бұйыртса, болашақта өз баспанамды алуға мүмкіндігім болады, – дейді бүгінде Алматы қаласында білім алып жүрген тараздық Диана Мадиярбек.

Биыл облысымыздан 21626 жасөспірім 19 жасқа келіп, 2 миллион 173 мың 846 теңге нысаналы қаражаттарын алған.

– Өткен жылдан басталған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы өте жақсы бастама болды. Оны баланың білім алуына немесе баспаналы болуына жұмсау үшін қолға берілмей, сақталатыны да ұтымды болды. Әйтпесе, қолға түскен ақша жұмсалып кететіні белгілі. Нақты мақсат, баланың болашағы үшін берілген қаржы оның өз мүддесіне жұмсалғаны жөн. Тіпті, доллармен сақталып, алдағы уақытта құнсызданбаудың қамы ойластырылғаны да қуантады. Біздің бала күнімізде ондай болған емес. Шүкір, алға жылжыған уақытпен бірге елімізде жағдай жақсарып келе жатқанын осыдан-ақ байқаймыз. Болашақта білім іздеген балалар мен жастар үшін көрсетілер қамқорлық аясы кеңейе түсеріне сенеміз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Ғазиза Садуақасқызы.

Өткен жылы облысымыздан 472 мың 426 балаға Ұлттық қордан 47 миллион 488 мың 262 теңге тиесілі төлем бөлінген.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар