ҚИЯЛЫНА ҚАНАТ БАЙЛАҒАН АРМАН
Ұшқыштың мектеп партасындағы жылдары Ақкөлде өткен екен. Ақкөл – ол кезде аудан орталығы. Ол уақытта аудан түгілі, әр ауылға «АН -2» деген ұшақ ұшқан көрінеді. Солай деп әке-шешеміз де айтып отыратын. Әр ауылда ұшақтардың қонуына арналған орын бар. Ақкөлдегі қону алаңы Орынбек Жорабековтің үйіне жақын болса керек. Күн сайын гүрілдеп келіп, ұшақтар қонып жатады. Қайтадан гүрілдеп әуеге көтеріліп, ұшып бара жатады. Ондайда оқушы Орынбектен ес кетеді. «Мен қашан ұшқыш боламын» деп шексіз қиялға беріліп, армандайтын. Арман – шексіз, қанатсыз. Ол күн сайын қиялымен ұшақта ұшып жүреді. Түсінде ұшақ жүргізіп бара жатады. Әйтеуір, барлық тілек-ниеті ұшақтың төңірегінде. Бала кезде адамның арманы сан рет өзгереді емес пе? Мамандықтың бәрі әжеңнің сандығында сақталып жатқандай, бүгін дәрігер, ертең мұғалім, келесі күні агроном, полиция болғың келіп кете беруші еді ғой. Орынбектің «Ұшқыш болсам» деген арманы ешқашан өзгерген жоқ. Бір өкініштісі, әкесі Жорабек мұның ұшқыш болғанын қаламапты. «Саған не көрінді? Көз алдымызда жүрші, аман есен», – депті. Амандық тілеген әкенің көңілін де теріс деуге болмайды. Дегенмен, бала күнінен үлкен үмітті арқалаған Жорабектің таңдауы бағалауға татиды. Бірақ, ол уақытта бала үшін әкенің сөзі заңмен бірдей.
Ол мектепте барлық сабақты өте жақсы оқыған. Мектеп бітірген соң, әке сөзін қимай, Жамбыл жеңіл тамақ өнеркәсібі институтына оқуға түседі. Бірақ, ол оқуды жүрегі қаламайды. Сабаққа көңілі тартпайды. Әйтеуір, ілбіп барып, ілбіп қайтады. Мұны байқаған Күлтән әпкесі (әкесінің қарындасы) шыдай алмайды. Жағдайды ағасына айтып, көндіруге бата алмай Күлтән әпкесі үш күн жүріпті. Ақыры Жорабек ағасына айтып, түсіндіреді. Әкесі : «Ұшқышына барса барсыншы. Өзім де байқап жүрмін. Болмай барады. Баланы көңілі қалаған жағынан қайтармау керек екен» деп сонда жөнге келіпті. Ал, анасы Күләйім: «Балам, ұшқыш деген қандай оқу? Сонда сен үй бетін көрмей, 25 жылға жоқ болып кетесің бе?», – деп көзіне жас алыпты.
ТАЛҒАТ БИГЕЛДИНОВПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Сонымен, үш айдан соң, институттан шығып кетіп, зауытқа жұмысшы болып орналасады. Ондағы ойы жазда ұшқыштар училищесіне бару, оған дейін тиын-тебен таба беру. Жадырап жаз келгенде жап-жақсы жалақы алып жүрген жерінен өз өтінішімен жұмыстан шығады. Зауыттағы әріптестері «Неге шығып жатсың? Оқуға түссең жақсы. Түспесең, қара жұмысты істегенің істеген», – депті. Сонда Орынбек: «Ұшқыштың оқуына биыл өлсем де түсемін, қалайда арманыма жетемін», – деп жауап берген екен.
Арманы алдаған жоқ. Ұшқыштар училищесіне түсу үшін қабылдау емтиханы Алматы қаласында өтеді. Комиссия төрағасы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов екен. Батыр Бигелдиновты де сол кезде алғаш көріпті. Бигелдинов қазақ жігіті Орынбекке риза болып, Украинаның Кременчук қаласындағы ұшқыштар училищесіне түсуге кеңес береді. Сол кездегі батыр Бигелдиновтың: «Көзіңде отың жанып тұрған қазақтың мақсатшыл баласы екенсің. Әуе кеңістігінде жүретін осынау қиын мамандыққа тәуекел еткенің қандай жақсы. Мақсатыңнан танба. Алдыға ұмтыла бер. Әрқашан жолың болсын. Аталған училищеде бағың ашылсын. Менің де назарымда жүресің» деп қолдау білдіруі жас жігіт Орынбекке қанат бітіргендей еді. Орынбек үш-төрт жолдасымен бірге «Қайдасың, Украина?» деп барғанымен, олар салқын қарсы алып, ұшақ емес, тік ұшақ тізгініне қабылдамақ болады. Орынбектің ойы нағыз ұшқыш болу. Сонымен, ол жерде қалмай, Саратов қаласындағы Красный Кут азаматтық авиация училищесіне түсіп, үш жылдан кейін ойдағыдай бітіріп шығады. 426 студенттің ішінен 12-сі ғана үздік бітіреді. Сол кезде Орынбекке Қиыр Шығыстан, Магаданнан, Камчатка түбегінен шақыртулар келеді. Ол жақта аз ғана уақытта үлкен ұшақтарға отыруға мүмкіндік бар екен. Сол Саратов училищесіне оқытушы болуға да ұсыныс түседі. Орынбек бұл ұсыныстың бірде-біріне келіспей, оқуы біткен соң, бірден Жамбыл қаласына оралыпты. «25 жылға жоқ болып кетесің-ау, құлыным» деген анасының дауысы құлағынан кетпей қойыпты.
АЛҚАПТАРҒА ДӘРІ СЕПКЕН
Сонымен, Жамбыл қаласындағы әуежайдың бастығы Александр Шукиннің бұйрығымен Орынбек Жорабеков «АН-2» ұшағына екінші ұшқыш болып қабылданады. Арманы орындалды, қуанышында шек жоқ. Жасы 22-де. Ұшақты тізгіндеп жүр. Одан асқан бақыт бар ма? Ол кезде Жамбыл әуежайында екі мыңға жуық адам еңбек еткен. Аудандағы барлық филиалдар, ауылдарға ұшатын «АН-2», «ЯК-12» ұшақтарының бәрі Жамбыл әуежайының теңгерімінде болған. 300-ге жуық ұшақ ұшып-қонып жүрген. Ол кезде Тараз бен Ақкөлдің арасына 3 соммен, Тараздан Қаратауға 1,5 соммен бара беретін болған. Ауыл мен ауылдың арасына 4 орындық және 12 орындық ұшақтар қатынаған.
Орынбек әуелі алқаптарға дәрі себуге арналған ұшақты тізгіндеген. Сарысудың Саудакент, Жайлаукөл, Қамқалы, Таластың, Жуалының кеңшарларына талай ұшып барған. Ақкөлдің үстімен ұшып бара жатқанда әдейі төмен ұшып, амандасып өтеді екен. Сонда бір соғыстан әбден зәресі ұшқан ұлты неміс Анна деген апа қорқып, тауық қораға тығылып қалады екен. Ауыл шетінде мал шаруашылығына бейім бір жеңгесі:
– Әй, мынау үйге кіріп кетеді ме, қайным қайтеді, ей, – деп аспандағы қайнысымен әзілдесіп отырған. Ауылдастарының, жеңгелерінің солай аспаннан көз алмайтындарын, мұнымен мақтанатындарын Орынбекте сезген. Сезгендіктен, ұшақты мейлінше төмен ұшырып, бұл да жеңгелерімен әзілдей білген. Мұның ұшуы ауылдастары үшін – үлкен мақтаныш.
Ол уақытта Талас ауданының Ақтөбе деген шағын ауылында Орынбектің әке- шешесі тұрады. Бергі Қызыләуітте ұшақтың қону алаңы бар. Әке-шеше балаларын жақыннан көру үшін үйлерінің қасынан ұшақтың қону алаңын жасатқан екен. Сол жерге Орынбек ұшағымен талай қонып, әке- шешесімен қауышып тұрған.
Орынбек «АН-2» ұшағының екінші ұшқышы бола жүріп, ұшу теориясын жақсы меңгерді. Оның біліктілігін әріптестері де үнемі мойындап жүріпті. Көп уақыт өтпей, «АН-2» ұшағының командирі болып шыға келген. Облыс көлемінде Орынбектің бармаған кеңшары, қонбаған ауылы жоқ шығар. Егіс далаларында қолтаңбасы қалды. Бауырлас Өзбекстан Республикасының егіс алқаптарында талай рет еңбек шеруін дүбірлетті. 1974 жылы егіс алқаптарына тыңайтқыш шашудан Одақ көлемінде жеңімпаз атанды. Міне, еңбектің өтеуі!
Кейіннен Орынбек ұшқыштарға арналған жоғары мектепті бітіріп, «ЯК-40» ұшағына, көп ұзамай «ТУ-54» ұшағына ауысты. Бірге оқыған басқа әріптестерінен бұрын үлкен ұшақтарға ауысты, олардан бұрын экипаж капитаны болды, олардан бұрын үлкен ұшақпен шет мемлекеттерге ұшты.
АСПАНДАҒЫ АРПАЛЫС...
Орынбек өзімен бірге оқығандардың бәрінен бұрын шет мемлекетке үлкен ұшақ жүргізуге жолдама алды. Экипаж құрамында екінші ұшқыш, борт механигі, картамен алдағы жолдарды барлап отыратын маман және стюард болады. Ұшақтың ұшу және қону кезіндегі жағдайын Орынбек өз бақылауынан шығармайды. Ол Орынбектің қашанғы әдеті.
Жаздың жаймашуақ күндерінің бірі. Ташкент әуежайынан көтерілген «ЯК-40» әуе лайнері белгілі биіктікке жеткенде Орынбек көрсеткіш приборларға назар салып шықты. Күдікті ештеңе сезілмеген соң, екінші ұшқышқа штурвалды табыс етті. Өзі демалыс креслосына жайғасқан. Кенет моторлардың қысым күшін көрсететін приборлар бағанасының төмендей бастағанын көзі шалып қалды. Сөйткенше болған жоқ, дабыл көрсеткіші бірінші моторда діріл барын байқатып жатты. «Тез арада бір шешімге келіп, іске кіріспесе, мотор істен шығуы мүмкін» деген ой Орынбектің санасын шарпып өтті.
– Бортмеханик, газ режимін ауыстырыңыз, – деп ескертті. Екінші ұшқышқа: «Биіктікті төмендетіңіз, кедергіні түсіріп, градусын көбейтіңіз, – деп қысқа-қысқа бұйрық берді. 200, 500 метр. Сол сәтте салондағы жолаушыларға көзі түсіп кетті. Бәрі жайбарақат күйде отыр. «Сездірмеу керек» деп ойлады. Кіші компрессорлардағы қысым күші төмендей берді. Трубинадағы ішкі градус реттеліп келеді. Үлкен қысымды компрессорлардың жұмысы белгілі режиммен үйлеспей тұр. Байқап отыр, мотор тынысы өзгере бастады. Жылдамдықты ауыстыру, биіктікті төмендету өз нәтижесін бере бастады. Мотор үні бір сарынға түсті. Орынбек сонда да штурвалдан кете алған жоқ. Тек темір қанат құстың табаны жерге тигенде ғана ауыр күшті серпіп тастағандай терең демалды. Шөліркегенін сезді. Траптан түсіп жатқан жолаушыларға қарады. Жолаушылар экипаж атына рақметтерін айтып кетіп барады. Олар 10 мың метр биіктікте осыдан 15 минут бұрын болған қауіпті жағдайдан бейхабар болатын. Орынбек оны халық алдындағы борышым деп санады. Кейіннен техникалық қызмет көрсету басқармасының бригадирі М.Однараленко Орынбектің арқасынан қағып:
– Жарайсың, Жорабеков, моторлар қатты зақымданыпты. Алайда, бағындыра біліпсің, – деп ризалығын білдіріпті.
Аспан әлемінде қатерлі сәттері аз болмапты. 1996 жылдың 11 қарашасы Орынбектің есінен кетпейді. «Шымқаладан ұшып, Үндістан Астанасы Делиге қону үшін үндістандық әуежай әкімшілігінен рұхсат алуды күтіп тұрмын. Шымкент әуежайына келіп жанар- жағармай қорын толықтырып жатқан ұшақ көп. Оның арасында Саратовта бірге оқыған жолдастарым да бар. Хал-жағдай сұрасуға уақыт тапшы. Байланыс телефондарымызбен алмасамыз. Сол кезде ұшу жолағында тұрған маған жүк тасымалдаушы әуе кемесінің командирі Черепанов деген досым келіп, рейсті ауыстыруым туралы өтініш айтты. Алғашында көнбегеніммен, жеме-жемге келгенде дос көңілін қимадым. Содан «Ил -76» ұшағын тізгіндеген Черепанов 28 жолаушымен Үндістанға бет алды. Алайда, бекітілген хаттама бойынша Делиге ұшуы тиіс ұшақтың экипаж командирі болып мен тіркелгенмін. Ертеңіне ұйқыдан оянып, жаңалыққа құлақ түрсем: «Командирі Орынбек Жорабеков деп көрсетілген ұшақ Дели қаласында апатқа ұшырап, ұшақта болғандардың барлығы қаза тапты» деп хабарлап жатты. Сол хабарды естігендегі түрімді көрсеңіз. Үйге қоңырау шалып мені іздегендер көбейіп кетті. Не үшін екені белгілі ғой. Кейіннен өз-өзіме келген соң достарыма, қатарларыма өзім қоңырау шалып «Пейіштемін» деп әзілдеп, жағдайды түсіндіргенім бар», – деп ауыр жағдайды еске алады ұшқыш.
Алматы әуежайына қонып жүргенде дөңгелегі теріс келген сәттері де бар. Бірақ, дін аман. Құдай қаққан. Мұндай жағдай бес рет қайталанып, ұшақтың апатқа ұшырауы орын алған екен. Оның екеуінде жолаушылар да қаза болғаны өкінішті. Дегенмен, Орынбекке сәттілік те сан рет серік болған.
Орынбек ұшақпен әлемнің талай мемлекетін аралады. Талай тарихи оқиғаларға куә болды. Олимпиада және Әлем чемпионаттарын көзімен көрді. Сырт мемлекеттегі қандастарымыздың Отанға оралуына ықпал етті. Түркия қазақтарының сағынышын сол өзге елде жүргенде сезінді. Әзімбек Жанқұлиевтің, Мұхамеджан Тазабековтың, термеші Алтынбек Оразбековтың Түркия қазақтарының арасында өнер көрсеткен сәттерін көрді.
Германия, Үндістан елдерін аралаған кезінде қандастардың тарихи Отанына деген сағынышына талай куә болды. Германия еліне барған кезінде қазақтың шапанын киіп көшеге шыққанда сол елде тұратын қандастардан керемет құрмет көргені есінен кетпейді. Сырт елдерде қандастар өткізген наурыз тойына қатысып, үлкен әсерге бөленгені есінен ешқашан шыққан емес. Қазір ойлап отырса, сол жылдардың барлығы сағыныш. Өзінің ұшқыш болу арқылы сондай керемет сәттерге куә болғанына шүкіршілік етеді.
Түркияда ғұмыр кешкен бір қазақ әжеміздің Атырау әуежайына жетіп, ұшақтан түсіп жатқанда: «Уа, Жаратқан, енді өлсем арманым жоқ. Арманым жоқ» дегенін құлағымен естіп, толқыды. Аспан адамына айналған Орынбектің жүрегі талай тебіренген. Адамның жүрегі темір емес қой.
ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР...
Жұбайы Ұлбосын Айнақұлованың мамандығы экономист. Екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қыздары Шынар америкалық фирмалардың бірінде еңбек етсе, Қайрат «ЭЙР – Астана» компаниясында шеф-пилот. Біржан мен Ержан құрылыс компанияларында еңбек етеді. Кенже қызы Әсел де «ЭЙР – Астана» компаниясында еңбек етеді. Осы перзенттерінен бірнеше немере сүйді.
Орынбек Жорабеков болса, 40 жыл ұшқыш болып, инспектор-оқытушы деңгейіне дейін көтерілген. Ол экипаж капитанына да бақылау жасайды. Орынбек – Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы. 25 мың сағат ұшу өтілі бар. Өмірінің 25 мың сағатын аспанда ұшақ басқарып өткізген адам. Жорабек ақсақал мен Күләйім анасы баласының аңыз адамға айналғанын көріп кетті.
Аңыз адам биыл жетпіс жетінші көктемін қарсы алмақшы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді