«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ
Ашық дереккөз
Ғасырдың қайталанбас ғұламасы

Тәуелсіздік жылдары жарқын ой, жасампаз таным-көзқарастары тарихтың тепсеңінде семіп қалған ұлттық сананың тамырларына жаңа тыныс, серпіліс бере білген төл руханиятымыздағы тұғырлы тұлғасы Мекемтас Мырзахметұлы болатын.

Тумысына тән тарпаң мінезінен тағдыр соқпағы жаңылдырған қазақтың қамын күйттеп, табиғи қалыбын табуына бар болмысымен беріле тер төккен ұлт перзентінің әр еңбегі елдігіміздің, ерендігіміз бен егемендігіміздің сырын ұқтырып, бағасын байыптаудың антологиясы деуге толық негіз бар. Табалдырығы абайтанудың асу-белдерін, ойы мен қырын тегіс тәптіштеп, түйіндеп беруден басталған ғасыр ғұламасының ғылыми кеңістігі күллі түркі әлемінің аумағына тиесілі. Мекемтас Мырзахметұлы бар салиқалы ғұмырын Абай мұрасын зерделеуге, отандық әдебиеттану ғылымының керегесін кеңейтуге арнаған зиялы тұлға ретінде ХХІ ғасыр басында квантты физиктер танымынан кейін дүние бастауында «сана тұр» деген мүлде жаңа танымға келген еді. Ғалым ойшыл ақын Абай дүниесінің көрінбеген сырын танып білуге ұмтылу арқылы жол салған «жантану» мен «толық адам» ілімдерінің құпиясына үңіліп, адамзаттың рухани әлеміндегі тылсым сырды зерттеді. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түп иені танып білуге талпыныс жасады. Ғалымның айтуындағы Абайдың «толық адам» мен «жантану» ілімдерінің қазақ елінің туындысы бола тұра болашақта бүкіл түркі халықтарының, сондай-ақ адамзатқа тән моральдық кодексінің іргетасына айналып, күллі әлемде кемел адам қалыптастырудың ілімі болатындығына сенді.

Түркі тектінің рухани тұғырнамасы болған Ясауи еңбектерін талдап, тылсымын ашып түсіндірудің беташары болған еңбектердің сүбелісі Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми-шығармашылық лабораториясынан бастау алып жатыр. Ясауидің «хәл» іліміне сүйеніп, сопылық таныммен халықтың ұлттық дәстүрін бірлікте үйлестіре кемел адам тұлғасын қалыптастыру қуатын зерттеп, Абай мұрасымен сопылық таным болмысындағы қарым-қатынасын ғылыми тұрғыда тануды білмейінше, Абай дүниетанымының толық ашылмайтынын анықтады.

Орта ғасыр ғұламасы М.Х.Дулати бабамыздың да «Тарих-и-Рашиди» мұрасының астарлы қабаттарында бой тартып жатқан төл тарихымыздың тетіктерін ашуға түрткі болуда Мекеңнің табысы теңдессіз. Сырдария, Алматы, Түркістан қалаларында еңбек етіп келе жатқан Мекемтас ағаны ең алғаш жүзбе-жүз көруіміз Тараз мемлекеттік университетіне М.Х.Дулати бабамыздың аты беріліп, соған байланысты Индияға арнайы ғылыми-экспедициялар ұйымдастырылып, ауқымды зерттеу жұмыстарының қолға алынып жатқан 2000 жылдардың басында орын алды. Сол алғашқы кездесудің өзінде ағай М.Х.Дулати мұрасының маңызы және оны зерттеп танудың жай-жапсары туралы бағыт-бағдарлы ой-толғамдарымен көпшілігімізді тәнті етті. Кейін М.Х.Дулати бабамыздың туылғанына 500 жыл толуына арналған халықаралық конференцияда кең көлемді баяндамасы өте маңызы деректердің жайына қозғау салды. Осыдан бастап біздің Мекемтас ағамен етене араластығымыз басталған еді.

Абыз ағаның тікелей басшылығымен Әулиеата топырағында бой көтерген Бауыржантану саласының іргетасы қаланып, әрмен қарата «қазақ әскери әдебиеті» деген тың бағыттың бастау табуы да ғалымның ғылыми шығармашылықтағы табандылығымен байланысты. Түп асылы түркілік-шығыстық үлгідегі гуманистік тенденцияда шешек жарып, сан ғасырлар тезінде әуелей шарықтаған білім беру моделінің миссионерлік саясат ықпалында өзгеріске ұшырауына байланысты өзекжарды мәселелерге қозғау салуда да Мекемтас ағамыз ғылыми-қайраткерлік қырымен талайымызды тәнті қылғанын асқан құрмет сезіммен айта аламыз. Бұл орайда айрықша ойға оралатыны «Қазақ қалай орыстандырылды» атты айтулы туындысы. Тоталитарлық жүйенің жемтігіне айналған ұлттық сананың тоңтеріс қалыбы сіресіп тұрған сексенінші жылдардың соңында жер атауларының жат пиғылдың ықпалымен жойылуы, қазақ мәдениетінде ықылым замандардан қалыптасқан кісі атаулары мен ата тектік атаулар жүйесінің бұзылу сыры, діни наным-сенім мен ұлттық дәстүрлердің өз арнасынан айнуы және осы құбылыстардың ұлттық санадағы әсер-ықпалы туралы таптырмас деректер мен өрелі ой қорытулары талай кеудеге от жағып, көзі қарақты әр қазақтың жігер күшін шыңдады. Орыс отарлаушыларының зардабы туралы жеріне жеткізе зерттеулер жүргізіп, архив сөрелерінде ашылмай жатқан небір деректерді ғылыми айналымға ендірген ағамыз қайбір мәселеде де ұлттық позицияны ең алдыңғы орынға қоюымен ерекшеленетін. Жалпы, ұлт тағдырына жанқиярлықпен қорған болуды перзенттік парыз санаған Алаш арыстарының жарқын идеяларын жан-жақты жаңғырта жалғастырудағы Мекемтас Мырзахметұлының сан салалы туындылары жастанып жатып, жадыны жаңғыртатын рухани қазыналы күшке айналды.

Мекемтас аға Тараз өңіріне келгенде жетпісті алқымдап қалған нағыз кемелденген жаста еді. 2000 жылдардың бас кезінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтта ректор және Халықаралық қазақ-түрік институтының директоры қызметінде болған кездерімізде абыз ағамыздың бастауымен көптеген ғылыми конференциялар, жаңа жобаларды ұйымдастыру мүмкіндіктерінің болғандығын мақтанышпен айтамыз. Әртүрлі себептермен жұмысын М.Х.Дулати атындағы университетте тоқтатып қалған «Бауыржантану» ғылыми орталығының жұмысын педагогикалық институтта қайта жаңдануына себепкер болғанымызды Мекемтас ағай әрдайым ризашылықпен айтып отыратын. Ағайдың біздің өлкеге келуі жоғары оқу орындарында ғылымның жандануына жаңа серпін берді. Сөйтіп, Мекемтас ағайдың ұйытқы болуымен университетімізде аспирантура ашылып, ғылымға талпынған жас мамандардың қарасы күн санап қалыңдай түсті. Университетте бұрыннан сабақ беріп жүрген тәжірибелі маман болғанымен, алайда ғылымға жолы түспеген егде жастағы оқытушы-қызметкерлердің өзі ағайдан тақырып алып, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен жарыса айналыса бастады. Осы кезде ҚазМУ-дың профессоры Ө.Әбдиманов «Мекеңнің келуі Тараз өңірінің ғылыми әлеуетін арттырды» деп жазған ойы республикалық басылымға жарияланған еді.

Мекемтас ағаның ең бір нәзік, әрі айрықша қасиетінің бірі – ұлтжандылық екенін ол кісінің атқарып келген әрбір істері айқын дәлелдейді. Университетке қызметке келген Мекемтас Мырзахметұлының бастамасымен «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» кафедралары өзара дербес құрылымдық бөлімше ретінда қалыптасып, осы саладағы білім беру бағдарламаларының мазмұны жаңарып, білім беру мазмұнында өзектілігін сақтап келе жатқан еуроцентристік, материалистік таным көзқарасына түбегейлі өзгеріс жасалды, оның орнына заманауи үлгідегі ұлттық модельде білім беру жүйесі қалыптасты. Ғалымның Әулиеата өңіріне білім мен ғылым салаларымен қатар қоғамдық идеологияға қосқан сүбелі үлесінің нәтижесі оның артында қалдырған құнды мұраларында жатыр. Атап айтсақ, «Көне Тараз», «Түркістан – Тараз арасы...» және т.б. еңбектерінің Жамбыл өңірінің тарихы мен әдебиетіне, жалпы мәдениетіне берер маңызы зор.

Адамдық қасиетке сай болу кез келген саналы жанның қалауы. Десек те, кейде пендешілікке де жол беріп жататынымыз да жасырын емес. Соның бір көп ұшырасатын түрі – біреулер туралы бетіне мақтағанымызбен, сыртынан ғайбаттап жату. Ал, көбіне өшін салқынқанды қалыпта ұстайтын Мекемтас ағаның көпіртіп, көлгірсіп кісінің бетіне мақтап жатқанын байқамаған екенбіз Есесіне, ол кісінің бойындағы жағымды қасиеттерін сыртынан мақтап, өзгелерге үлгі қылып отырады екен.

Міне, осылайша, қызмет бабындағы қарым-қатынастағы араластық ағаның кеңдігі мен рухани кемелділігінің арқасында ағалы-інілі, бауырластық қарым-қатынасқа ұласып кеткендігін өзіміз де байқамай қалғанымызды әсіресе, қазір қатты сезініп отырған жайымыз бар. Әрине, уақыты келгенде өмірден озу, уақыттың төрелігіне бағынышты құбылыс. Қабырғалы қазақ елі қайсар рухты азаматына бір кісідей жұмыла жоқтау арнап, жан тебіреністерін ортаға салуының сыры осында. Пейілге бай, жаны нұрлы, жасы қаншаға келсе де, Мекемтас аға сынды ғасыр ғұламасын жоғалтқан кезде бәріміздің көңілімізде қимастық пен өкініш сезімі орнайды. Ол – тек қазақ халқы үшін ғана емес, күллі адамзат қоғамының игілігін ұлы мұрат тұтқан және сол асқақ мақсаттың жолында аянбай тер төккен өлшеусіз құрметке лайық әлемдік тұлға. Әрбір айтар сөзін өзі пір тұтқан Абай ойшылдың ой-толғамдарымен түйіндеп отыратын ағаның «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» дегенді өте жиі қайталап отыратынын байқағанбыз. Қазақтың тұтастығына сына боп енген жүзге, руға бөліну деген дерттің отаршылдық заманында пайда болған бодандық сананың салдары екендігіне аға көптеген дәлелдер келтіріп отыратын еді. Және бұнысын ағаның тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де берік ұстанғандығына келтірер дәлелдер жеткілікті. Мысалы, Мекеңнің ғылыми жетекшілігімен қорғалған елуден аса кандидаттық, он бес шақты докторлық дәреже алған ғалымдардың құрамы еліміздің батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстігін тел қамтып жатыр екен. Тіпті, Қытай мен Түркияның да адамдарына Мекемтас ағамыз ғылыми жетекшілік жасап, ғылым айдынына қанаттандырып шығарған. Сөзі мен ісі үйлескен нағыз Абай айтқан «толық адам» деп атауға осы келтірген аз-кем деректердің өзі жеткілікті шығар деген ойдамыз.

Енді өнегелі өмірімен де, өнімді зерттеу, өшпес идеяларымен, өзектілігі жойылмайтын ғылыми жаңалықтарымен де тарихи тұлғаларымыздың қатарын толықтырған Мекемтас ағаның мәңгілік өмірі енді басталды деп білеміз. Кезінде Абай мұрасы туралы Міржақып Дулатұлы: «Біз Абайдың өлген күнінен қаншалықты алыстаған сайын, оның руына соншалықты жақындай түсеміз» деп жазғанындай, арамыздан көзі кетсе де, өлмес, өшпес еңбегімен жанымызда да, жадымызда да жаңғырып тұра беретін ағаның мәңгілік рухани сападағы күшке айналғанына сенімдіміз. Ең бастысы, Мекемтас Мырзахметұлы еңбектерінің оқырман саны уақыт өткен сайын арта түспесе кемімейтіндігі сөзсіз. Алдағы уақытта ғасыр ғұламасының рухани шығармашылық әлемін әр қырынан зерттеп, зерделеп, Мекемтастану саласының қалыптасып, жоғары оқу орындарында және орта мектеп пен арнаулы оқу орындарында «Абай: Толық адам ілімі» деген арнайы курсты ұйымдастыру бүгінгі күннің рухани қажеттілігіне айналып отыр. Өйткені, бұл ілім жас ұрпаққа жетілген, кемелденген мінез-құлықты қалыптастырып, сырттан еніп жатқан жат қылықтардан сақтайтын «қазақ қорғаны» болады деген ойдамыз. Сондай-ақ, ғалымның мұраларын рухани қажеттілік ретінде өскелең ұрпақтар игілігіне жарату баршамызға ортақ міндет деп білеміз.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Асқар АБДУАЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

 

Бақұл бол, Абай баудың бағбаны!

 

МЫРЗАХМЕТОВ Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми жолы ерлікке толы. Сол ерлігінің бастысы – қазақ совет әдебиетші ғалымдарының ішінде бірінші болып тыйым салынған ислам мәдениетінің Абайға әсерін зерттеуі. Сол үшін жасы ұлғайған шағында түрік, өзбек, әзірбайжан тілдерін меңгеріп, судырап тұрмаса да өз бетімен араб, парсы тілдерінен қара тануы. Ол жасында советтік тәрбиеден өткен атеист еді. Тіпті жоғары оқу орнында атеизмнен дәріс те оқыды. Бірақ, Абайды тану үшін ислам әдебиеттерімен бірге физиканың, биофизиканың ең соңғы ғылыми жаңалықтарын да зерделеп, ғарыш дегеніңіздің ақпараттық-энергетикалық кеңістік екеніне, ондағы рухани идеяның материяға айнала алатынына, яғни, Жаратушының құдіретіне ғылыми тұрғыда көз жеткізген алғашқы қазақ филологтарының бірі әрі бірегейі болды. Сөйтіп, өзге ақындардан Абай қалай биік тұрса, өзге абайтанушылардан Мекемтас Мырзахметұлы солай биік тұрды. Соның арқасында ғана ол Абайдың толық адам туралы ілімінің негізін аша алды. Рас, ұзақ жылдар докторлық диссертациясын қорғай алмай көп теперіш көрді.

Ғалымның айтылмай жүрген тағы үшінші қасиеті бар. Ол – ғылымды ұйымдастыра білу қасиеті. Мекемтас аға қайда барса, сол жерде ғылыми орта, орталық пайда болды. Қазақ әдебиеті ғылымында Мұхтар Әуезовтің, Бейсенбай Кенжебаевтың ғылыми мектептері туралы жақсы сөздер көп айтылады. Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми мектебі де мәуелеп тұрған жеміс бауы секілді. Бүкіл қазақ еліне кең тараған Абай бауының жемісі.

Мен інілік парызымды өтеп, өзіңіз жайлы «Алтын жүлге жыры» атты роман жазғанымды көзіңіз тірі кезінде көзқуаныш қылдыңыз. Соны медет етемін. Сіз жүздеген, мыңдаған шәкірттеріңіздің, оқырмандарыңыздың жүрегінде өмір сүріп жатырсыз. Бақұл болыңыз, артына мол жемісті бау қалдырып кеткен бағбан аға!

 

Елен ӘЛІМЖАН,

жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

Шын ғалым өтті өмірден...

Шын ғалым ақиқатты, шындықты іздейді. Ақиқат пен шындықтың нағыз сүрлеуіне түскеніне көзі жетсе, оны ешқандай күш, қуатты (кеңестік) идеология да жолынан тайдыра алмайды. Мекемтас Мырзахметұлы ағамыз, ұстазымыз сондай шын ғалымның сойынан болатын. Абай ілімінің түпсіз тереңіне сүңгіді. Өмір бойы зерттеді. Сонда да Абай ілімі толық зерттеліп болды демеді. Абай мен шығыс, әлем философиясының сабақтастығын ашты. Мекемтас ағаның зерттеуінде ұлттық мүдде бірінші кезекте тұрды. ХІХ ғасыр әдебиетін зерттеуі Ресей патшалығының қазақ даласын отарлау саясатының қитұрқы әрекеттерін әшкерелеуге бағытталды. Қазақтың байырғы жер-су атауларының бұрмалануы отарлық саясаттың қитұрқы әрекеті екенін дәлелдеп дабыл қақты. Атақты шығыстанушы деп бас шұлғыған кейбір тұлғалардың миссионерлік шын сипатын дәлелді деректермен ашып берді. Мекемтас ағаның ғылымдағы тағы бір тағылымы – зерттеу тақырыбында ұсақ-түйек, екінші кезектегі мәселе болмайтын. Ол қазақ әдебиетіндегі сопылық ілімді – Ясауи сабақтастығын, Абай мен Шәкәрім үндестігін, Мұхтар Әуезовті, Бауыржан Момышұлын зерттеді.

Мекемтас ағаның студент болып лекциясын тыңдағанымды – өмірімнің сәулелі сәті деп білемін. Сонау 1975 жылы КазПИ аудиториясында ағайымыз Абайтанудан лекция оқыған. Ол кез көп ойларының әлі баспасөз бетін көрмей жатқан кезі болатын. Сонда ол іште булыққан ойларын студенттерге тоқтаусыз айтатын. Сол күні кешеге дейінгі бәсең, қарлығыңқы дауыс, толассыз ағын аудитория ішін билеп алатын. Біз түсініп жатырмыз ба, қабылдау мүмкіндігіміз бар ма – білмеймін. Бірақ, кейін аңғарғаным – уақыт өте келе тыңдаған есті әңгімең жадыңда қайта жаңғырады екен. Қайта қорытады екенсің. Мекемтас ағаның лекциясы ойымызға солай мәңгілік өшпестей болып орнықты-ау деймін.

Қош, аяулы ұстаз, ұлттың биік Ұстыны! Бұл фәнидегі барлық мақсат-мұратыңды барынша адал, тым еңбекшіл болып атқарып өттің деп білеміз. Пейіште рухың шалқысын.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры.

Ғұмырын ғылым мен руханиятқа арнаған

 

Ғасырға жуық қазақтың көгінде жарық жұлдыз боп сәулесін шашқан ұлы жүрек өз соғысын тоқтатты. Мынау жалған дүниеден бүкіл ғұмырын ғылым мен руханиятқа арнаған Мекемтас Мырзахметұлы бақилыққа аттанды. Өкінішті-ақ.

Тағдырдың сан сынынан өткен ағаның парасат пен адамгершілік жолындағы ғасырлық жолы тек ұлтымыздың келешегіне арналды. Ғылымдағы алғашқы жолын Ұлы Абайдың мұрасын зерделеуге арнаса, парасаттың қайнар көзі Мұхтар Әуезовтің ілімін одан әрі тереңдетуге бағыштады. Уақыт өте келе ізгілік ілімнің қайнар көзі Ясауиді, онан кейін намыс пен ұлттық рухтың ақ желкені Б.Момышұлының бүкіл мұрасын жаңа биікке көтеруге күш-жігерін аяған жоқ.

Төңірегіне ғылымға жаны құштар жастарды жинап, ғылымның сан тарап жолына салды. Оларға ағалық, әкелік ақ батасын беріп, әр бағытқа жұмсады. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Мекемтас ағаның батасын алған ғалымдар аға салған ізгілік жолды жалғастырып келеді.

Мекемтас ағаның өмірлік ұстанымы адалдық, ізгілік, парасаттылық болды. Өзінің бойындағы осы қасиеттерді төңірегіндегі шәкірттері мен үзеңгілес серіктеріне үйретуге тырысты. Бәлкім содан болар, біздер, шәкірттер ағадан алған осы қасиеттерді бойымызға сіңіріп, өзімізден кейінгі ұрпаққа жалғастыруға тырысып келеміз.

 

Темірбай МҰҚАШЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, «Журналистика және филология» кафедрасының доценті.

Ғалымдар шоғырын жасақтап кетті

 

Біз кешегі қос Ғабең бастаған алыптар тобын көрдік. Олардың біразынан университетте тікелей білім алсақ, басқасының шығармаларын оқып, өз ауыздарымен айтқан ғибратты сөздерін тыңдап, естіп өстік. Біздің буынның ғылым мен шығармашылық саласындағы сан тарау жолдарының бастауы сол алыптар тобынан алған тағылымнан тарайтыны өзімізге аян. Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын сол ұлы тұлғалардың қатары Ұлытаудың ұларындай сиреп барады. Аңыз адам, абыз қария Мекемтас ағамызды жер қойнына бердік. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан бәйтеректің руханият кеңістігіндегі орны ұзақ уақыт ойсырап тұрары сөзсіз.

Бізге Мекемтас ағамызға шәкірт болу бақыты бұйырмады. Тек кейінгі жылдары ара-тұра кездесіп, жақсы әңгімелесіп, сағаттап сұхбаттасудың сәті түсіп жүрді. Соңғы рет туған, тұрған ауылы Майтөбеге отбасымды ала барып, бір күн бірге болған едік. Көп әңгімелер айтылған-ды, ағай өзі де сол жолы риясыз ағытылып, әдебиеттің арғы-бергі тарихынан толғаған болатын. Сол соңғы кездесуіміз екен, артынша көп ұзамай кәрілік иықтап, ауру меңдеп төмендей берді ғой...

Осындайда бір өкініш өзекті өртейді, тың кезінде ағайға арнайы оператор алып барып, әдебиеттегі ақтаңдақтар жайында әлі де айтылмай, жазылмай келе жатқан тақырыптар төңірегінде кең көлемді сұхбат алуды ойлағанбыз. Оны өзіне ескертіп, келісімін де алған едік. Бірақ, қу тірлікпен әне-міне деп жүріп, уақыт өткізіп алдық. Тоқсаннан асып, жасы келгенін біле тұра өлместей көріппіз. Талай қазына өзімен бірге кетті, енді өкінгенмен не пайда?!

 

Бақытжан МАҚАШЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы.

 

 

Ұқсас жаңалықтар