«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қолайлы мүмкіндіктердің нәтижесінде қоныстой көбейді

Қолайлы мүмкіндіктердің нәтижесінде қоныстой көбейді
Ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхбаты ел аумағында кеңінен талқыланып, барша көпшіліктің көңіліндегі мәселелер көтерілді. Мұнда нақты жоспарлар мен айқын мақсаттар да айтылған. Соның ішінде халықты тұрғын үймен қамту мәселесі өте өзекті. Себебі, қазақта: «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекер айтылмайды.

Президент жыл басындағы сұхбатында:

«Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын одан әрі дамыту, баспаналарды қолжетімді ете түсу үшін шаралар қабылдайды. Мен жақында тұрғын үй саясатына қатысты түзетулер енгізілген заңға қол қойдым. «Отбасы банкі» баспанаға мұқтаж адамдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тізімге алумен және оларға баспана бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады», – деп атап өтті.

Осы орайда «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтановты сөзге тартқан едік. Нұрлан Темірбекұлы:

«Президенттің біздің «Отбасы банкіне» сенім білдіргені қуантады. Біз осы уақытқа дейін де өз міндетімізді сапалы атқарып келген болатынбыз. Енді жауапкершілікті сезіне түсетін боламыз. Мәселен, құжаттары дұрыс рәсімделген азаматтар «Отбасы банкі» арқылы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы, «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «5-10-20» тұжырымдамалары, «Өз үйім», «Жаңа баспана», «Өңірлік бағдарламалар», «Жалдамалы тұрғын үй», «Жас ғалымдар» жобалары бойынша пайызы төмен несиеге қол жеткізе алады. Яғни, пайызы төмен несиемен қаражат алу – баспана алуға мүмкіндік туды деген сөз. Біз 2023 жылы осындай қолайлы жолмен 2061 азаматтың үйлі болуына мүмкіндік бердік. Ал, 2024 жылы 2104 отбасы қоныс тойын тойлады. Алдағы жылдары бұл бағыттар бойынша жұмыстар жалғасып, қолайлы тұрғын үйге қол жеткізушілер саны арта түсетініне сенімдімін. Олардың құжаттарын реттеуге, заң аясында басқа да көмектер беруге біздің филиалдың қызметкерлері қашанда дайын», – дейді.

Бір айта кетерлігі, 2022 жылдан бастап біздің өңір республика бойынша екінші болып, пилоттық жоба негізінде облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске асыра бастады. Бұл – жас мамандардың баспаналы болуына қолайлы жағдай, нақты мүмкіндік. Сол уақытта өңір басшысынан қолдау тапқан бұл жоба өзінің жемісін беріп жатыр. Аталған жылдың өзінде облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылған. Атап айтар болсақ, денсаулық, білім, ақпарат, спорт, мәдениет салалары бойынша тараздық 35 маман, білім, денсаулық, спорт салалары бойынша Байзақ ауданында – 2, Қордай, Шу, Жамбыл, Талас аудандарында бір- бір маман қоныс тойын тойлады.

Ал, 2023 жылы аталған бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы 2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Яғни, 1 миллиард теңге облыс қазынасынан, 1 миллиард теңге «Отбасы банк» акционерлік қоғамы тарапынан қарастырылған. Барлығы – 144 азаматтың өтініші қабылданып, баспана алды.

Осы орайда байзақтық мәдениет саласының маманы Дидар Басықараев:

«Қазіргі таңда біздің ауданның орталығы Сарыкемер ауылында да көпқабатты зәулім үйлер салына бастады. Мен көпбалалы әке ретінде былтыр сол көпқабатты үйлерден екі бөлмелі пәтерге ие болдым. Бұл жағдай отбасымызға үлкен қуаныш сыйлады. Жеңілдетілген бағдарламалар арқылы тұрғын үй беру мен секілді мыңдаған отбасыға мүмкіндік», – дейді.

Бұл мәселеге жауапты облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бас маманы Қайнар Амантай:

«2024 жылы жобамен 2 миллиард теңгеге 140-тан астам жасты баспанамен қамту жоспарланған. Бұрынғыша 1 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, 1 миллиард теңге «Отбасы банк» акционерлік қоғамы тарапынан бөлінуі тиіс. «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Атап айтқанда, алдыңғы жылдардағыдай салалар бойынша шектеу алынып тасталып, өңірде тұратын жасы 35-жасқа дейінгі (35- жас қоса алғанда) жастардың барлығына бірдей мүмкіндік берілді. «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында былтыр 1-10 қазан аралығында e-jambyl.kz сайты арқылы жалпы 479 өтінім қабылданды. Оның ішінде, 41 өтінім қатысушылар тарапынан кері қайтарылды. Қалған 438 өтінім комиссия қарауына ұсынылып, 134 қатысушыға «Отбасы Банк» АҚ-на жолдама беріліп, 278 өтінім резервтік тізімге алынса, 26 өтінім құжаттары талапқа сай келмеді. Құжаты сай келген жастар жаңа баспанаға қол жеткізді. «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы 2025 жылы да өз жалғасын табады деп жоспарлануда», – дейді.

Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлер салу бойынша біздің өңір белсенді аймақтардың қатарында. Облыс орталығынан бөлек аудан орталықтарында да жылына бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып бітіп жатыр. Оның игілігін бұйырса, жүздеген жас отбасылар, көп балалы аналар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар көретін болады. Тұрғын үйлердің көптеп салынуы – мемлекетіміздің зор мүмкіндігі. Еліміздің әр мүмкіндігі – тұрғындарға жасалған ізгі қадамдар. Баспанаға қолы жеткен жас отбасылар көп бола бергей!

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар