Жалпы, Президентіміздің Жолдауларында елде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруға көңіл бөлініп келеді. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңірімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 104 278-ге жеткен. Ал, мұнда жұмыспен қамтылған адамдар саны 164 607-ден асып жығылады.
– Президентіміз «Ana tili» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, өткен жылы мемлекет тарапынан қабылданған көптеген жобалар мен бағдарламалар кәсіпкерлер тарапынан өз жалғасын табуда. Бұл – ең алдымен, өңірімізде қолға алынған жобалардың т абысты жүзеге асуына жол ашқаны белгілі. Мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру. Бағдарлама қаржылық қолдаудан басқа, инфрақұрылымды дамытуға да бағытталған. Осының аясында жүзеге асырылып жатқан индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы – ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, шетелдік инве сторларды көптеп тартуға мүмкіндік беруде. Ең бастысы – сан тараптан инвестициялар тартылуымен сан салада баламасы жоқ бірегей кәсіпорындар бой көтеруі, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңір жұртшылығының тұрмысы түзеліп, бақуаттана түсуіне, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарды көптеп ашуларына өз септігін тигізуде. Жамбыл жерінің бар байлығы ел игілігін еселеу үшін кәдеге жаратыла бастауы қуантады, – дейді ол.
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саланы дамытуда бірқатар кедергілердің барын жеке кәсіпкерлер жоққа шығармайды. Мәселен, жеке кәсіпкер Әсима Ергебекова ірі сауда орталықтарында отандық өнімге қарағанда шетелдік өнімнің басым екендігін алға тартады.
– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Жолдауында, мақаласы мен сұхбаттарында елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы үнемі айтып, мәселе көтеріп келеді. Мемлекет тарапынан соңғы жылдары қабылданған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығы саласына соны серпін әкелді. Бұл – біздің өңір үшін ғана емес, елімізде қабылданған нәтижелі жобаның бірі. Жоба аясында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып, кәсіпкерлер саны артып отыр. Басқа да жұмыспен қамту бағдарламалары мен жобалардың қолдауын сезінгендер өздерінің шағын кәсіпкерліктерін ашып, жұмыс істеуде. Мен де бұған дейін бірнеше кәсіп түрімен айналысып көрдім. Мәселен, бес гектар алқапқа голландиялық сұрыпты картоп отырғызып, мол өнім жинадым. Қазу жұмысы кезінде картопты алқап басынан 90 теңгеге әзер өткердік. Өйткені, терімшінің, техника мен жалдамалы жұмысшының жалақысын беру керек. Ал, алқап басынан өнімді төмен бағада алған делдал оны сауда орындарында екі есе бағаға өткеріп, еш қиналмай-ақ ортада табыс тауып жүр. Осыдан барып диқанның айлап төккен тері, жұмсаған қаржысы ақталмай қалуда. Сөйтіп, менің есептеуімше диқаның өзінде бар болғаны табысының 30 пайызы ғана қалады екен. Осыдан кейін шаруа картоп та, басқа да дақыл баптауға құлықсыз. Өйткені, өткеруде мәселе бар, артық өнім – артық шығын. Ал, ірі сауда орталықтары әп әдемі картопты көре тұра, «сенің картобың халықаралық талапқа сәйкес келмейді. Арнайы сертификаты жоқ» деген сылтаумен шығарып салады. Сонымен, мен де бұл шаруаны тоқтатып, тиімді кәсіп көзін тауып, ауысып кеттім, – дейді ол.
Шын мәнінде, Президент Жолдауында айтқандай шағын және орта кәсіпкерлікке кедергі келтіретін қаулыларға түзетулер енгізіліп, Мемлекет басшысының пәрменімен құзық бұзушылықтардың 29 түрі бойынша кәсіпкерлерді қамауға алу жазасына тыйым салынуының өзі көп нәрсені аңғартады. Өкінішке қарай елде кәсіпкерлерге болыспайтын, олардың дамуына кедергісін тигізетін себептер азаймай отырғаны белгілі. Жоғарыда айтылған мысал соның бір ғана дәлелі.
Экономикалық сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші кәсіпкерлердің көпшілігі өз өнімін әлі де болса арзан бағаға арадағы делдалдарға беруге мәжбүр. Өңірде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында көп бастамалар қолға алынғанымен, шарапатын қарапайым шаруа көре алмай келеді. Соңғы бес- алты жылда әкімдердің бастамасымен өмірге келген шағын аудандардағы «Жеміс-жидек» павильондары, «Әлеуметтік дүкендер», «Алқаптан сөреге» тағы басқа жобалардың соңы сиырқұйымшақтанып кеткені белгілі.
Ал, аймақ кәсіпкерлерінің қолын байлап тұрғаны, өнімі жақсы болса да оның ірі сауда орталықтарында қабылданбауының басты себебі – құны едәуір жоғары дүниежүзілік сауда ұйымының арнайы сертификатын алу. Ол біз ойлаған 40-50 мың теңгенің төңірегінде шешілетін мәселе емес, құны бұдан он есе жоғары тұратын құжатты өнімін күзде ғана көретін шағын кәсіпкер алуға құлықсыз. Сөйтіп, өндірілген өнімнің бір бөлігі делдалдың қолында кетсе, бір бөлігін апталап базарларға өткеріп жүр кәсіпкер біткен. Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші кәсіпкер отандық өнімді ірі сауда орталықтарына өткізе алмағандықтан базар мен жәрмеңкелерде халыққа ұсынудан басқа амалы жоқ. Аяғынан нық тұрған орта және ірі кәсіпкерлер отандық нарықтан гөрі өнімін табысы мол шет елге экспорттағанды жөн көреді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді