Бұл өзі талай жылдардан бері айтылып, жазылып келе жатқан дүние. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бұл мәселе қозғалғалы талай мәрте қар еріп, жылғалардан су ақты. Бірақ, әлі де өзгелермен жарысып, таласып, бәсекелесіп жатқанымыз. Қазіргі таңда барша зиялылардың да, көпті көрген ақсақалдардың да, жалпы көзі ашық көпшіліктің де алаңдап отырғаны – осы той мен ас мәселесі. Елдің көңілінде ендігі жерде қалың елім қазағым жоқшылықтан емес, тоқшылықтан зардап шегіп қалмаса екен деген қауіп бар. Себебі, осыншалық ысырапшылдық пен шектен шыққан даңғойлықтың, қамсыздықтың бір залалы болмай қоймайтыны ақиқат.
Қазір несиеге той жасау деген жаңалық болмай қалды. Ол үшін қарызданып, жалаңаш қалуға бейім. Бір қорқыныш осы. Басында тұрақты баспанасы болмай жүріп, алысқа сауын айтып, ағыл-тегіл той жасайтындар азаймай отыр. Нақтысын айтқанда, көрпесіне қарамай көсілетіндер көбейді.
Асты да ауылдық жерде даңғарадай жер үйі бола тұра, қаланың мейрамханаларына жасайтындар аз емес. Жылдан-жылға мейрамхана, тойханалардың бағасы да аспандап барады.
Тағы бір айтатын мәселе – тойдағы жағымсыз іс-әрекеттер. Көп адам шақырылған тойда елдің алдына шығып, ерсі қылық жасайтындар, әурет жерін көрсетіп немесе жалаңаш билейтіндер азаймай келеді. Оған той жүргізуші кейбір асабаның арзан сөздерін, құрғақ қалжыңдарын, әдепсіздіктерін қосыңыз. Жап-жас асаба сексен жастағы бата берген ақсақалды тоқтатып қойып: «Ата, енді мен сізге бір бата берейін» деп сарнай жөнеледі. Осы дұрыс па? Жалаңаш биден ойсыздық, әдепсіздік көрініп тұр емес пе? Осы жалаңаш биді, әдепсіз қылықтарды ұялы телефонға түсіріп алып, әлеуметтік желіде айдай әлемге жариялайтындар шықты. Бұл қаншалықты дұрыс. Ас өткізуге қатысты да мәселелер көп. Біз осы орайда мешіттерде қызмет етіп жүрген дін өкілдерімен хабарласып, пікірлерін білген едік.
Байзақ аудандық мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл: «Біреудің айыбын ашу дұрыс емес. Өте әдепсіз іс. Бұл туралы Құранда: «Сендер біреудің айыбын жасырсаңдар, мен сендердің айыптарыңды жасырамын» деген. Сонда біреудің айыбын ашқанның жазасы ауыр екені белгілі болып тұр. Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың танымал сахабаларының бірі өзінің бұл дүниеде қандай жақсы, жаман істер жасағанын сезген. Фәниден өткен соң, оның амал дәптерінде бірқатар жаман істері өшірілгені белгілі болады. Ол оның себебін сұрағанда, Жаратушының періштелері: «Сен талай адамның айыбын жасыра білдің. Талай адамды кешірдің. Сондықтан, Жаратушы сенің де кейбір күнәларыңды өшіріп қойды деген» деп жауап берсе, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев:
«Жәбир Иби Абдулладан жеткен хадисте: «Егер адам бір сөз айтып, кейін жан- жағына бұрылатын болса, ол – аманат» деген. Яғни, «Сен менің айыбымды ашпа» демей-ақ, біреу сізге сыбырлап ғана сөйлесе, соны басқаға таратпау – сізге міндет, аманат. Ал, тойдағы әдепсіздікті әлеуметтік желіге салудың қаншалықты жөнсіз, жағымсыз әрекет екенін өзіңіз шамалай беріңіз. Астың дастарқаны тойдікіндей жайнап тұруы да ойланатын жағдай. Шамасы келетін кісі бар, шамасы келмейтін кісі бар. Бұл да ойланатын мәселелер», – деді. Ал, Жамбыл аудандық мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев: «Бұл жерде тойдағы ұятсыз істерді, әдепсіздікті адамдар неге әлеуметтік желіге салды деп даурыққаннан гөрі, сол әрекеттің алдын алған абзал. Мәселен, бұл ұятсыздықтың бастауы – ішімдік. Осы ішімдікті азайтып, ішімдіксіз той өткізуді көбейткен жөн. Әдепсіздік неге жайылып жатыр дегенше, әдепсіздікке апаратын жағдайларды болдырмаған жөн. Сонда жас ұрпақтарға үлгі бере аламыз. Әдепсіздік жасау өз алдына, оны әлеуметтік желіде жариялау да – одан өткен әдепсіздік. Ол әдепсіздіктің насихатталуына ықпал ету деген сөз. Жақсы нәрсе емес», – деді.
Бұл жағдай өңірімізге белгілі ақсақалдар мен зиялы қауымды да ойландырмай жүрген жоқ екен. Мәселен, Тараз қаласының Құрметті азаматы Жетпісбай Медеуов ақсақал: «Бұл бұрыннан қозғалып жүрсе де, өзекті тақырып. Бір-бірімен жарысып даңғазасы көп той жасай бергеннен қазаққа құт қонбайды. Осындай мәнсіз-мағынасыз той тойлай берген соң заманында Рим патшалығы құлап тынған. Оның беті аулақ. Көпке үлгі болсын деп бір мысал айтайын. Ұмытпасам, 1997 жылы болуы керек, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров 75 жылдық мерейтойын өткізді. Сол қуанышқа 600 адам жиналды.
Той соңында Асқаров барша қонаққа рахмет айтып, «Сіздердің іштеріңізде 40 пайыздарыңыз шын ниетпен келген болсаңыздар, мен ризамын» деді. Кейіннен бұл сөздің мәнісін сұрағанымда:
«Жетпісбай қарағым, әлі балалық таза көңілмен жүр екенсің. Сол 600 адамның бәрі менің тойыма шын ниетпен келді дейсің бе? Біреуі «жаман жерден» қалай шықты екен деп келді, біреуі дастарқанымды сынап келді. Менің үстімнен арыз жазған 12 адамның жұптарын жазбай тойыма келгенін көрдім» дегені бар. Сол кісі айтпақшы, қазіргі 400-500 адамдық тойларға да бәрі қуанып бармайды. Өтісі бар болған соң, амал жоқ барады. Ел амал жоқ баратын тойлар көбейіп кетті қазір. Тағы бір мәселені айта кетейін. Біздің ішкі саясат қызметкерлері бір жағдайды ескермей жүр. Тараз қаласында сенбі, жексенбі күндері шамамен 25 мың адам тойда отырады екен. Бұл – жиналған дайын аудитория. Міне, осы аудиторияға арнайы жоспары жасалып, руханиятымызды көтеретін жобаларды кіргізуге болады. Жұрт тойдан рухтанып, жақсы әсер алып шығуы тиіс. Ішкі саясат өкілдері той асабаларын қадағалап, тәртіп пен тәрбиеге шақыратын уақыт жетті. Тойдың уақтылы басталуын, уақтылы бітуін қадағалау да қажет», – деді.
Той туралы әлеуметтік саланың ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Күләш Назарбекованың да айтар ойы аз емес екен.
«Қазақ халқы тойды жақсылыққа балап, жөнімен, әдебімен, жоралғысымен жасаған. Мәселен, ең қажетті адамдарды шақырып жасаса, шілдехана, бесікке салу, үйлену той, қыз ұзатуға менің қарсылығым жоқ. Ал, түрлі мерейтойларды жасауға қарсымын. Өз үйіңде 50- 55 адамға арнап өткізіп жатса жөн. 600,1000 адам шақырып той жасаушыларды мүлдем түсіне алмаймын. Ондай тойға барған қонақтың сыйы болады деп айта алмаймын. Ондай тойға барған кей адам той иесін көрместен (жолыға алмай), тойханасын арнайы адамға тапсырып, дәм ауыз тиіп қайтып жатыр. Оның несі той? Әнші, әртіс шақырып, дүние шашып жасаған тойлардың да тағылымынан гөрі шығыны, зияны көп деп ойлаймын. Бір атақты әншіні миллиондаған ақшаға жалдап, төрт сағат қуанып, сол шығынды он жыл бойы төлеп жүрген отбасылар бар. Несие алып төрт сағат даңғаза той жасап, өздері үйсіз пәтер жалдап жүрген отбасылар аз емес. Бәрі мақтаншылықтың кесірі. Өзбек, татар, түріктер де балаларын үйлендіріп той беріп жатыр. Олар мұндай даңғазаға барып жатқан жоқ. Менің әкем Айтбай ұзақ жыл үлкен ауданның бірінші хатшысы болды. Соған қарамастан, мұндай даңғазалыққа жол берген емес. Қарапайым мінезі, қарапайым дастарханнан өзгерген емес. Бізге де сондай тәрбие берді. Ал, енді ас мәселесіне келейік. Мен бұл тұрғыда облыс имамдары мен ақсақалдары бір жылдары көтерген қарапайым ас мәзірін қолдаймын. Онан соң, кісі қайтқан үй қайғыдан есін жия алмай жатады. Қаралы үйден қазан көтерілмеу керек, мұндайда көрші үйлерге дастарқан жайылуы керек. Мен кісі қайтқан жерде көршілерінің қонақ күтуі деген мәселені құптаймын. Көршімен тату тұру, көршінің бағасы деген осындайда көрінеді. Тағы бір мәселе. Астарға барып жүрміз. Көпшілік қазір Құран оқылмай жатып, дастарқаннан дәм тата беретін болды. Бата беріліп, Құран оқылған соң да асты жеп үлгеруге болады. Бұл жерде тәртіп, әдеп өте қажет. Сосын астың, тойдың дастарқанын салып әкету, дым қалдырмай әкету белең алып барады. Ұяттың үлкені осы. Сол апарғаныңыз қанша күнге жетеді. Рас, үйде немере, шөбере бар. Оларға аздап тәтті алуға болады. Бірақ, дастарқанды түгел сыпырып әкету деген өте ұят. Мені осы жағы алаңдатады», – деді.
Біз той, ас өткізетін асабаларды да сөзге тарттық. Көбінесе ішімдіксіз той, астарды басқаратын Нұғман Сүлетай өз пікірін білдірді,
«Тойдың тағылымы жөнінде көп айтылып жатыр. Мақтаншылдық пен даңғазалықтың азайғанын құптаймын. Мен тойларды мақал-мәтел жарысы, спорт жарысы, интелектуалды ойындармен қыздырамын. Ас туралы айтқым келеді. Асты жүргізудің мәні – насихат айту. Кешегі жыраулар айтқан, Абай, Махамбет аталарымыз жеткізген өнегелі сөздер аз емес. Асаба ізденуі қажет. Осы жұрттың той, ас туралы даурығып кеткенінің бір себебі – асаба, той, ас жүргізушілердің ізденісті азайтуынан екенін мойындауымыз қажет», десе, тойханалары ерекше көп Шу ауданының асабасы Нұрлан Жұмабеков: «Той туралы айтылар сөз көп. Бақуатты кісілер де, басқасы да миллиондаған теңгеге белгілі әншілерді жалдайды. Олар 10- 15 минут фонограммамен елді алдайды. Сонша ақшаны санап алған әншілердің тірі дауыста ән айтқанын көрмедік. Кейде миллиондарды азсынып кететін әншілер де бар. Сондай кезеңге тап келдік. Асабалардың ізденісінің аздығы көп байқалуда. Бірінің сөзін бірі қайталаған той жүргізушілері көбейді. Соның бәрі той қызығының құнын түсірді», – дейді.
Әрине, бұл талайдан айтылып, қозғалып жүрген мәселе. Тамыры тереңге жайылып кеткен тақырып. Елді аузына қаратқан ақсақалдар да, алтын құрсақты аналар да тоқтам сөздерін айтып жатыр. Бірақ, тыйылып жатқан той жоқ. Қазіргі таңда тойда болсын, ауылдағы үйлерде өтетін ас, жиында болсын, дастарқанды тегіс сыпырып салып алу белең алды. Өте – әдепсіздік. Міне, бір жөнсіздікті тия алмай жатқанда, екіншісі, үшіншісі келіп қосылып жатыр. Соңғы уақытта аймақ басшысы да той тәртібін ерекше назарға алған секілді. Әрине, біреудің жеке қуанышына әкімшілік, құқықтық тараптың араласуы орынсыз. Дегенмен, шектен шыққан жағдайларға тыйым салу да – тәртіп. Алдағы уақытта тойымыз түзеліп, астарымыз астамшылықтан ада болады деген ойдамыз. Қазақ қай кезде де тәубесін, қанағатын жоғалтпаған ел. Ата-бабаларымыз ұстанған әдеп, жөнімен өтетін той-жиын, қарапайым дастарқан, ізгі істер – бізге де міндет. Алдағы уақыттан тек жақсылық, оң өзгеріс күтеміз.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Сот жүйесінде татуласу тәртібі қалай реттеледі?
- 14 қаңтар, 2025
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді