«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ойға ой қосып, орынды іс істейік...

Ойға ой қосып, орынды іс істейік...
Ашық дереккөз
Қазіргі уақытта тойға қатысты қоғамда алуан пікірлер айтылып, облыс әкімдігі тарапынан той өткізуді белгілі бір тәртіпке келтіру қолға алынуда. Бұл өте құптарлық мәселе. Оның қоғамды алаңдатудағы басты себебінің бірі экономикалық-әлеуметтік мәселелерге тірелсе, екіншісі мәдени-рухани құндылықтарға қатысы болып отыр. Заман жаңарды, қоғамдық көзқарас өзгерді. Сондықтан да той өткізуге байланысты пікірлер де өзгеруде.

Бізде бүгінде тойдың түрі көп болғандықтан, аптаның барлық жеті күнінде тойханаларда той өтеді. Ал, тойға шақырылатындардың арасындағы мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндер сол тойға бару үшін жұмыстан сұранады, болмаса басқа бір амалын қарастырады. Әйтеуір тойдан қалмай, амал жоқ барады. Ал, жеке кәсіппен айналысатындары жоспарлы жұмысын тоқтатып, олар да тойға асығады. Нәтижесінде көптеген жоспарлы жұмыстар уақтылы атқарылмай, кешіктіріледі. Бұрынғы кеңес өкіметі кезінде ауыл шаруашылығының науқанды жұмыстары кезінде үйлену тойдың өзін жасауға рұқсат берілмей, кейінге қалдырғанын көзбен көрдік. Сондай-ақ, тойдың жиілігінен кейбіреулердің алған айлық табыстарын, отбасылық қаржыны жоспарлы түрде жұмсауға, шаруашылығын дамытуға жоспарлау мүмкіндігі жоқ. Себебі, ешкім той жасайтынын сенімен ақылдасып, алдын ала айтпайды. Шақырады, барасың. Бармасаң, ұят болады дейміз.

Менің ұсынысым, тойханаларда өтетін қуаныш шаралары аптаның жұма-жексенбі аралығына ғана белгіленсе және тойдың аяқталу уақытын түнгі 22:00-ден аспайтын шектеу енгізілсе. Сонда экономикалық белсенді халықтың уақытын тиімді пайдаланып, экономикалық дамуға бағытталған жоспарларын уақтылы іске асыруына мүмкіндік артар еді. Белді буып жұмыс істейтін уақыттарында жастарымыз 4-5 сағаттап тойда отырады. Сондықтан тойдың басталу уақытына қарамастан, тойханалар сағат 22:00-де жұмысын тоқтатуы тиіс. Сонда қуаныш иелері өздері үшін тойды ерте бастауға немесе күндіз жасауға көшетін болады. Той ерте аяқталатын болса, қоғамдық қауіпсіздік шаралары да қалыпқа келер еді. Өйткені, жол-көлік оқиғалары, құқықбұзушылықтар негізінен түнгі уақытта жиі орын алады.

Сонымен бірге, тойдың жүргізілуін өзгертіп, топырлатып тілек айтқызудың орнына, қонақтардың тойға арнап келген өлең-жырларын айтқызуға, басқа да халық сүйсінетін өнерлерін танытуына басымдық берілсе дейміз. Тілек бұрышын ашып, жүректен шыққан ақ тілегін арнайы альбомға жазып қалдыруды ұйымдастыру керек. Сонда ақ тілек альбомы қуаныш иелері үшін қымбат естелік болып, өмір бойы сақталып тұрады және сөз сөйлеушілерге кететін уақыт азаяды.

«Ойды ой қозғайды» дегендей, менің ұсынысым біреудің ойынан шықпаса да, біреуге ой салары анық. «Той – қазақтың қазынасы» деп айтылып жүр. Сол қазынамыз біреудің қабырғасына батпауы үшін көп болып ой қосып, той мәдениетін, тәртібін қалыпқа келтіргеніміз абзал.

 

Манарбек КӨШКІМБАЕВ,

Amanat партиясы Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар