Осыдан оншақты жыл бұрын аталған округтің тұрғындарын алаңдатқан мәселелер аз болмайтын. Ауыл балалары мектепке көктем, күздің лайсаң күндерінде белуардан батпақ кешіп баратын. Сонда ата-аналар: «Шіркін, ауыл көшелеріне асфальт түссе, балаларымыз үсті-басын былғамай сабаққа барып келсе», деп армандайтын. Міне, аталған округке Нұрсұлу Дүзеева әкім болып барғалы талай тірліктің тамырына қан жүгірді. Округтегі 7 көшеге тегіс асфальт төселді. Бұған ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар дән риза. Себебі, мектепке барып қайту жеңілдеді. Одан бөлек Шоқай ауылының кіреберісінен жаңа мектепке барар жол, Бірлесу- Еңбек ауылының Жапарбеков, Сәтбаев, Абай көшелері толық жарақтандырылғаны да – игі іс.
Округ бойынша 103 шаруа қожалығы тіркелген. Егістік жердің көлемі – 4094, жайылымдық жердің көлемі – 3044 гектар. Биыл 2753 гектар суармалы алқапқа түрлі дақылдар егілсе, бидайдың көлемі 111 гектарды құраған. Дәндік жүгері – 100, қызылша – 437, картоп – 7, бақша – 56, мақсары 9 гектарды қамтыпты. Мал азығы округтің өз алқабынан дайындалып жатқанда, мал басында да өсім бар. Атап айтқанда, жылқы – 4500, мүйізді ірі қара – 1800, қой мен ешкі 7 900 басқа жетіп отыр. Үй құстарының саны 3 мыңға жуықтайды.
Округ аумағында 14 нысан қызмет жасауда. Екі орта мектеп, 50 орындық балалар бақшасы, 25 орындық шағын орталық – білім мен тәрбиенің алтын қазығы.
– Бізде жалпы 382 аула, 2216 тұрғын бар. 32-і өзге ұлт өкілдері. 380 аула көгілдір отынмен қамтылған. Ауылдағы екі клубта да би, қолөнер, домбыра, күрес үйірмелері жұмыс істейді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Бірлесу-Еңбек ауылдық кітапханасының жанынан ақпараттық орталық ашылған. Ел болашағы – жастармен тікелей жұмыс істейміз. Ауылымызда 241 жас нақты жұмыс атқарып жүрсе, 137 жас өздерін өздері жұмыспен қамтыған. 12 жас азамат кәсіпкерлікті жолға қойып, өзгелерге үлгі болып отыр. Округ бойынша «Алтын алқа» иегерлері – 29, «Күміс алқа» иегерлері – 37. Балаларды бақытына балаған мұндай аналарға үнемі қолдау көрсетіп отырамыз. Менің алдыма түрлі мәселемен келген ауыл тұрғындарының өтінішін жауапсыз қалдырмауға, жұмыстарын оңынан шешуге бар мүмкіндігімізді жұмсап отырмыз. Округтегі игі істердің баршасы аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатыр, – дейді аталған округ әкімі Нұрсұлу Дүзеева.
Ауыл ақсақалы Бекзатхан Қожабеков округте қариялардың басын қосып, жастар тәрбиесіне қатысты іс-шаралар жиі өтіп жатқанын, оған ауылдық округ әкімі ерекше ықпал етіп жүргенін айтты.
Нұрсұлу Лутфуллақызының айтуынша, округ іргесіндегі «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінде Бірлесу-Еңбек ауылынан – 113, Шоқай ауылынан 8 адам еңбек етеді. Мұнан бөлек аталған зауыттың ауыл тұрғындарына жасап жатқан жанашырлықтары аз емес. Ертеректе «Қазфосфат» ЖШС басшылығының демеушілігімен Шоқай ауылындағы ескі мешітке жаңарту жұмыстары жүргізіліп, екі үлкен көшенің бұрылыстарына шағал төселіпті. Қазіргі таңда да қолдаудан кенде емес. Зауыттың қазіргі басшыларының қолдауымен Бірлесу-Еңбек ауылындағы үлкен футбол алаңының сырты қоршалып, кіреберіске арка тұрғызылып, Жапарбеков, Есімов көшелеріне шағал төселгені де – игі іс. Сонымен қатар, «КнауфГипсТараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан округке қарасты екі ауылға да кіші футбол алаңы салынып, мешіт жанынан асхана құрылысы жүргізілген. Екі елді мекендегі 100 отбасыға қарайласқан «Кнауф Гипс Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тұрғындар дән риза. «Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп түлектері де ауылға жиі атбасын бұрып, көмектерін көрсетіп тұрады.
Көгілдір отыны бар, орналасқан жері қолайлы Ақбастау ауылдық округі мал басын көбейтуді, егістік пен бау-бақша өнімдерін өсіру арқылы мол табысқа жетуді көздейді. Оған округте барлық мүмкіндіктер бар.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мал саны жағынан көш бастап келеміз
- 31 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді