Кәсіпкердің айтуынша, жаңа цехта нан өнімдерінің бірнеше түрі және суши, чикен өнімдері, фастфуд, тағы да басқа қытырлақ тағамдар дайындалады. Нұрбақыт Тілегенов алдағы уақытта цех жұмысының қуатын екі есеге арттырып, өнімін ел нарығынан бөлек Ресейге шығаруды жоспарлап отыр.
– Президентіміз халыққа арнаған Жолдауларында елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға елеулі көңіл бөліп келеді. Біз ауылдық елді мекенде тұрып та отандық өндіріс ошағын ашып жұмыс істеуге болатындығын дәлелдедік. Жалпы, бизнеспен айналысқан алты-жеті жылдың көлемінде ауылда сүт өндірісін жолға қойдым. Сүттен дайындалатын өнімнің ондаған түрі шығарылады. Өндірген өнімдерімізге сұраныс та, өткеру көздері де бар. Ал, 2023 жылы қолға алған нан ұнтағынан дайындалатын өнімдерге сұраныс артып, шетелге экспорттау әлеуетіне ие болдық. Бұл кәсіпті бастауға Ресейден жапон тағамдарына қажетті өнімдерді тасымалдаумен айналысуым бастамашы болды. Оның ішінде, нан үгіндісінің бағасы тым қымбат. Себебі, өнім Ресейге Малайзиядан тасымалданады. Сонымен, ойлана келіп елімізге шетелден тасымалданатын өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында бастапқыда Алматы қаласынан цех ашпақ ниетім болды. Есептеп көрсем, ірі қалада өндіріс орнына инфрақұрылым тарту тым қымбатқа түседі екен әрі жұмыс күші де қымбат. Сол себептен бұл кәсіпті де ауылдан ашуды дұрыс көрдім. Жер алып, ғимарат салып, цехқа қажетті арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтап, ауыл азаматтарын жұмысқа тарттым. Сөйтіп бұл кәсіп те алдыңғыларындай тасы өрге домалай жөнелді, – дейді кәсіпкер.
Бір атап өтерлігі, Нұрбақыт техника ғылымдарының кандидаты. Техника саласын жақсы меңгерген ол барлық құрал-жабдықты өзінің дәнекерлеу цехында жасатады. Сүт цехындағы барлық құрал-жабдықтың эскизін өзі сызып, дәнекерлеушілермен бірге жүзеге асырады. Бұл цехтағы иленген қамырды қоятын арба, ванна, қалыптар, сөрелер, өнім пісіретін пеш, уататын станок, бәрі-бәрі өздерінің дәнекерлеу цехында қолдан дайындалған. Тек мұндағы кептіру станогын ғана кәсіпкер Қытайдан тапсырыспен сатып алыпты. «Өңірде нан үгіндісін жасайтын цех ашуыма мүмкіндік берген бір себеп – елімізде газдың, электр энергиясының бағасының қолжетімділігі. Одан бөлек, таза ауыз судың молдығы мен ұнның өзімізде өндірілуі», деп атап өтті Нұрбақыт Тілегенов.
Қандай кәсіп бастасаң да көзін тапқанша қиындықтар болатындығы белгілі. Мұндай кезеңдерді Нұрбақыт та басынан өткерген. Ол цех жұмысын бастағаннан кейінгі алғашқы алты айда өнім сапасы көңіл толарлықтай болмай, шығынға да ұшырапты. Бірақ алған бетінен қайтпай, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуді мақсат еткен ол табандылық пен ізденістің нәтижесінде жұмысын жолға қояды.
– Серіктесім Еламан Пернешов екеуміз цехтың өнім көлемін арттыру мақсатында жуырда Қытай мемлекетіне барып қайттық. Мұндағы себеп – цехтағы нан өнімдерін кептірудің тиімділігін арттыру болды. Сөйтіп, қытайлық әріптестеріміздің технологиясын, жұмыс процесін көріп, арнайы келіссөздерге келдік. Өзімізге қажетті технологиясын алдық. Онда бізге қажетті кептіргіш станоктың бағасы, жолы мен кеден бекетінен өткізу құнын қоса есептегенде 50 миллион теңгеге шығатын болғандықтан аса қажет деген бөлшектерін ғана алып қайттық. Қалғанын өзіміздің дәнекерлеу цехында дайындап жатырмыз. Әзірге бір цех тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Алла қаласа, жобамыздағы станок дәнекерлеу цехында сәтті шығып жатса, алдағы уақытта тәуліктік қуатын 10 тоннаға дейін арттыратын боламыз. Жұмысшы саны да артады. Алдымызға қойып отырған мақсат – үгітілген нан өнімінің көлемін көбейтіп әрі сапасын бүгінгіден де жоғарылату. Осылайша, Ресейге экспортталатын өнім көлемін 200 тоннаға жеткізу, – дейді Нұрбақыт Дүйсенұлы.
Бүгінгі күні бұл цехта айына 60-80 тонна өнім өндіріледі екен. Өндірілген өнімнің айына 20 тоннасы Өзбекстанға экспортталуда. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жұмысшылардың жалақысы 15 күн сайын беріледі.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мал саны жағынан көш бастап келеміз
- 31 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді