Шаруалардың мәселесі оң шешіліп, шағын кәсіпкерлік он мыңға артады
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 06:42
- 74
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, аймағымызда «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2019-2023 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 37 миллиард теңгесіне 252 мың бас мал сатып алынған. Несиемен қамтылған 7890 азамат өз кәсібін осы бағытта құрған. Ал, жаңа құрылған 57 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелерін алуға 3,5 миллиард теңге қаралған. Кооперативтер тарапынан 533 ауыл шаруашылығы техникасы тіркемелерімен бірге лизинг жүйесі арқылы алынып, егіс алқаптарында жұмыс істеуде. Сондай-ақ, кооперативтердің аяғынан тұрып кетуі үшін бастапқы кезде 946,9 миллион теңге айналым қаражаттар берілді. Ал өз кәсібін ашуға ниет танытқан 97 жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан қолдау тауып, оларға 730 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні жоба аясында ашылған кәсіпкерлік нысандар жоспарлы жұмыс істеп тұр.
– Мемлекет басшысы Жолдауында «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба Amanat партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» деп атап өтті. Президент атап өткендей, өңірімізде 2019 жылы басталған қанатқақты жоба былтыр ел бойынша жүзеге асырыла бастады. Меркі ауданында жүзеге асырылған жоба барлық аудандарымызға үлгі ретінде алынып отыр. Бір атап өтерлігі, жоба халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі біршама арттырды. Бүгінгі күні жоба аясында тұрғындардың орташа табысының өскенін байқауға болады. Ең бастысы, жоба кез келген ауыл тұрғынына қолжетімді, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Осындай жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты екі мәселе шешімін тапқан. Оның бірі – төмен пайызбен несие алу, екіншісі – ауылдық елді мекендердегі мүліктердің кепілдікке қабылдануы. Бұл кәсіп бастаған ауыл тұрғындарына үлкен қолдау болғаны анық. Жалпы, 2019 жылдан бері осы жобаға қатысқан 611 жеке кәсіпкер өздеріне тиесілі 1,9 миллиард теңге несиесін толық жауып отыр. Бүгінгі күні өңірде несие қайтарылымы 99,6 пайызды құраған. Жобаны бұдан әрмен қарай жалғастыру үшін 2024-2025 жылдарға бюджеттен 17,3 миллиард теңге сұралды. Бұл қаражатпен екі мыңға жуық адамға несие беру көзделген.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға шегініс жасап қарайтын болсақ, 2019 жылы бюджеттен 8471 миллион теңге 2,5 пайыздық жеңілдікпен бөлінді. Жобаға 11 ауылдық округтен қатысқан 2489 өтініш қаржыландырылды. Бұл қаржыға 45032 бас мал, 189 ауыл шаруашылығы техникасы тіркемелерімен бірге алынды. Сондай-ақ, 28 жеке кәсіпкерлік ашылды. Ал, 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен 1,3 миллиард теңгеге қаралып, жобаға үш ауылдық округ енгізілді. Мұнда 253 жоба қаржыландырылып, 6073 бас мал, 30 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 13 кәсіпкерлік нысан жұмысын бастады. 2022 жылы 7 миллиард теңге бөлініп, жобаға 10 ауылдық округ қатысып, 1210 кәсіпкер несиелендірілді. Бұл жылы 48647 мал сатып алынса, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техника қоры 131 ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарымен толықтырылды. 13 жеке кәсіпкер өз жобаларын жүзеге асыру қолдауына ие болды. 2023 жылы 25,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 10 ауданның 38 округінен 4076 жоба қаржыландырылды. Алынған мал басы 152,2 мыңды құраса, кооперативтер 183 ауыл шаруашылығы техникасын лизинг жүйесімен алды, ал өз кәсібін ашқан кәсіпкерлер саны 43-ті құрады, – дейді Төлебек Құлекеев.
Ал, биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге қаржы сұралған. Жоба аясында 1200 өтінімді несиелендіру арқылы 1672 жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Қаржыландырылатын жобаның 421-і ауыл шаруашылығы, 725-і кәсіпкерлік, 54 жоба ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру бағыттарына бағытталған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл тоқтатылған жоқ. Оған өз қорымызда бар ресурстарды тартуға күш салдық. Мәселен, бүгінгі күні «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының шотында қайтқан қаражат есебінен жиналған 3,2 миллиард теңге бар. Республикалық бюджетке қайтарылатын қаржы көлімдерін ескере отырып, жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге қайта қаржыландыруға мүмкіндік бар.
«Ауыл аманаты» электрондық платформа арқылы несиелеуге «Тараз» ӘКК АҚ-ы 1,2 миллиард теңгеге 322 өтініш қабылданып, жобаларды қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен, қанатқақты жоба аясында 8028 жеке кәсіпкерлік құрылды. Ауылдық елді мекендерде барлығы 37044 жұмыс орындары ашылған. Оның 22838-і тұрақты, 14206-ы уақытша жұмыс орындары. 2020 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда ауылдық елді мекендерде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3392 отбасыға немесе 19 139 адамға азайып, көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 823,3 миллион теңгені құрап отыр. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 78 мың теңгеден 134,8 мың теңгеге, немесе 171 пайызға артқан.
Тағы бір атап өтерлігі, өткен жылы бөлінген 25,5 миллиард теңгеге 10 ауданның 38 округінен 4076 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде, 33 кооперативтерге жергілікті бюджет есебінен 1,4 миллиард теңгеге 183 ауыл шаруашылығы техникасы лизинг жүйесімен берілді. Бұл техниканың 39-ы «ZOOMLION, YTO, Lovol» маркалы техника. «Алда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техника алуы қиындағалы тұр. Яғни, ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде осы жылдың 15 мамырынан бастап ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін импорттық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау мүмкіндігі алынып тасталды. Сол себептен 29 кооператив мемлекеттік қолдау ала алмай қалайын деп тұр», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ақпаратына сәйкес 2024 жылдың 1 қыркүйегіне «Ауыл аманаты» жобасы аясында несиелендірілген жеке кәсіпкерлер тарапынан жалпы 1 миллиард 333,6 миллион теңге бюджеттік төлемдер төленген, оның ішінде: жеке табыс салығы – 186,1 миллион теңге, әлеуметтік салық – 112,7 миллион теңге, жер салығы – 2,7 миллион теңге, зейнетақы төлемдері – 575,1 миллион теңге, әлеуметтік төлемдер – 218,6 миллион теңге, МӘМС төлемдері – 238,4 миллион теңге.
– Алдағы жылға жоспарланған жоба толық іске асырылғанда 10 мыңнан астам жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркеледі; атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 19 мыңнан астам адамға төмендейді, соның салдарынан бюджеттік үнемдеу жылына 1 миллиард теңгені құрайды, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 7 мыңнан астам адамға қысқарады, 300 мыңнан жоғары мал басы сатылып алынады; 231 мың тонна ет және сүт өнімдері өндіріледі, үй іргесіндегі егіс көлемі 109 777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс, бақша дақылдары өндірілетін болады. Осы кезеңде 10 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік ашылады және мультипликативтік әсерінің нәтижесінде тұрғындардың табысын арттыруға, өндірістің, салық көлемін ұлғаюына және басқа да салаларға оң әсерін тигізеді деген сенімдеміз, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Қос нысан пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Таза ауыз сумен қамту 98 пайызға жуықтады
- 31 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді