«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кемелдікке бастайтын жол

Кемелдікке бастайтын жол
Ағаділ Рысмахан
Кешегілердің кемеңгер ойын уақыт кемесіндей бүгінге аманаттаған киелі дүние – кітап. Кітаптың қадірі артқан сайын адамзаттың кемелдене түсетінін ойшылдар ықылым заманнан-ақ тәпсірлеп келеді. Жамбыл жерінде осы пайымның үдесінен шығу жолында жаңа бастама қолға алынып, биыл кітап оқу акциясы басталды. «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніндегі көркемсурет галереясында аталған бастаманың «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты ашылу салтанаты өтіп, оған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев және өңірдің зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар, кітапхана қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.

– Өздеріңіздің қолдауларыңызбен облыста 2025 жылы – «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын ресми түрде жүзеге асыруды бастамақпыз. Сондай-ақ, жобаны іске асыру және кең көлемде насихаттау үшін іс-шаралар жоспары бекітілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп бекер айтпағаны белгілі. Яғни, қай кезеңде болмасын әдебиет ұлтты тәрбиелеуші басты құрал болып қала бермек. Біздің басты міндетіміз – жастарды ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеу. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың маңызы зор деп білеміз. Кітап – адамның зияткерлік дамуының негізгі құрамдас бөлігі. Сондай-ақ, ол басқа ақпарат көздерімен салыстырғанда бәрінен жоғары тұратыны анық. Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деуі осыдан. Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де – кітап болатын. Тамырымызды тауып, қадірімізді арттыратын да кітап болмақ. Ендеше, жас ұрпаққа бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынын жеткізе білейік. Оқырман жастарымыз көбейсін. Еліміздің еңсесін көтерер азаматтарымыз тарихымызды танып, тіліміз бен дінімізді қасиет тұтса екен дейміз. Жан азығын тек кітаптан іздейік! – деді Ербол Шырақпайұлы.

Расында, кітап оқу және оны насихаттаудың салмағы қашанда бұқаралық ақпарат құралдарының иығына түсетін жүк. Ақпарат майданында қандай кітап жиі талқыланса, сол кітаптың оқырманы көп болатынын баспагерлер үнемі айтып келеді. Бұл тұрғыда өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының алдында тұрған міндетті Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Миллионов баяндап берді.

Ол бұл бастаманың жастарға ерекше мотивация болары анық екенін, халықты кітап оқуға ынталандыру мәселесінде бұқаралық ақпарат құралдары қашанда алдыңғы сапта болуы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар, жазушы, «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жеңімпазы Пернебай Дүйсенбин кітап оқу бастамасының орынды екенін, бұл орайда әдеби шығармалардың да насихаты артатынын айтса, жазушы-драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан кітап оқудың ұлтқа да, ұрпаққа да пайдасы бар екенін, сондықтан да Жамбыл облысында қолға алынып отырған кітап оқу бастамасының берер игілігі мол екенін жеткізді.

Жалпы, Әулиеата өңірі көне дәуірден бері ілім мен білімнің, ғылым мен өркениеттің ошағы болғаны тарихтан белгілі. Ертедегі келбетін сақтаған шаһарда кітап насихатына байланысты жүргізіліп жатқан ілкімді істер аз емес. Бұған дейін Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы өңірдегі кітап ордасы ретінде өз оқырмандарымен үнемі кітаби іс-шаралардың аясында жүздесіп, ауқымды жобаларды іске асыруда. Әсіресе, «Ел болып оқимыз» жобасы негізінде жергілікті қаламгерлердің шығармасы кеңінен дәріптелуде. Сонымен қатар кітап насихатын жүргізу мақсатында Таразда 2019 жылы қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бастамасымен жүлде қоры 3 миллион теңге болған «Кітап оқып миллионер бол» байқауы ұйымдастырылып, мектеп оқушылары арасында үздіктер анықталғаны да көптің жадында.

Салтанатты іс-шара барысында жергілікті қаламгерлердің жаңа туындыларының тұсауы кесілді. Олардың қатарында Сәулембай Әбсадықұлының «Бозборан», Шымкентбай Жылмағанбетовтың детектив жанрындағы «Өмір көшінде» мен «Қателіктің құны» шығармалары, облыстық мемлекеттік мұрағат негіздерінде Әділбек Баққараұлы құрастырған жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым!» атты еңбегі бар.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

 

Ұқсас жаңалықтар