«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қос нысан пайдалануға берілді

Қос нысан пайдалануға берілді
Ашық дереккөз
Жамбыл ауданында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс көп. Президент тапсырған жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның қатарында халықты таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, жайлы инфрақұрылыммен, жарықпен, спорттық және мәдени нысандармен, білім және денсаулық сақтау ғимараттарымен қамту да бар. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл ауданында жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, ауданда мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында атқарылып жатқан жұмыс көп. Атап айтар болсақ, Жаңа жыл қарсаңында ауданға қарасты екі елді мекенде жаңа нысандар пайдалануға берілген. Соның бірі – Қостөбе ауылында ашылып отырған медициналық пункт.

– Ауданда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы мен «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан нысандар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында медицина саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Шынын айту керек, соңғы жылдары медицина саласында жеткен жетістік те, табыс та мол. Аудандағы медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар жаңартылды. Ал заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмаған медициналық нысан жоқтың қасы. Күні кеше Қостөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункті пайдалануға берілді. Жалпы, Қостөбе ауылындағы 79 аулада 500-ге жуық адам тұрады, сондай-ақ аудандық орталық ауруханаға жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді, – дейді аудан басшысы.

Ауданда Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген екінші нысан – Ерназар ауылындағы таза ауыз су жүйесі. Оның ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы елді мекен тұрғындарының қуанышына ортақтасып, құттықтады.

– Елді мекендегі ескірген таза ауызсу құбыры көптен бері елді мезі етті. Бірде су сорғысы істен шықса, енді бірде құбырдан ақау табылды. Бүгінде 25 шақырымға жуық таза ауыз су құбыры жаңартылып, ауызсу мұнарасы қайта салынды. Мұндағы 297 аулада 1643 тұрғын тұрады. Ендігі кезекте ауыл азаматтары Жаңа жылды таза ауыз сумен қарсы алуда. Жалпы биыл Бектөбе, Қызылшарық, Өрнек, Жаңаөткел ауылдарында осындай жұмыстар жүргізілуде. Алдағы жылы ауданымызды 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту жоспарымызда бар, – деді аудан басшысы.

Ерназар ауылындағы таза ауыз су құрылысының жұмысын «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, тапсырып отыр. Сонымен қос елді мекендегі нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі қатысып, сөз сөйлеп, лентасын ауыл ақсақалдарымен бірге қиды. Ауыл тұрғындары да ризашылықтарын білдірді.

– Жасырары жоқ, тіршілік нәрінің адам өміріндегі орны ерекше. Ескірген су жүйелері берекемізді алды. Енді міне, сапалы ауыз суға қол жеткіздік, – деді ауыл тұрғыны Төрехан Қырқымбаев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар