«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аяз ата қайда тұрады?

Аяз ата қайда тұрады?
Ашық дереккөз
Марат ҚҰЛИБАЕВ

– Әке, сізден бір нәрсе сұрасам бола ма? – деді Рамазан шана сүйреп, бөшкемен су әкеле жатқан әкесіне қатарласа бере.

– Сұрай ғой... Құлағым сенде, – деді әкесі.

– Әке, Аяз ата деген өмірде шынымен бар ғой, иә?

Күтпеген сұраққа әкесі не деп жауап берерін білмей тосылып қалды.

– Жоқ, ол ертегілерде ғана болады, – деді осы кезде шананы артынан итеріп келе жатқан Дидар сөзге араласып. Ол Рамазаннан екі сынып жоғары оқитын ағасы. Ал, Рамазан күзде ғана біріншіге барған еді.

– Иә, саған... ол бар. Әке, бар ғой, иә, – деді Рамазан Аяз атаның жоқ болуын қаламайтынын анық байқатып, әкесіне қарап.

– Иә, – деді әкесі басын изеп.

– Алақай! – деді Рамазан мәз болып. – Айттым ғой, Аяз ата бар деп. Ол бар!

Үйге жеткенде бұларды қақпадан әжесі қарсы алды. – Менің ботам неменеге мәз болып келеді? Әкесіне мал қарасуға шыққан ба өзі? – деді таңдана.

– Әже, мен әкеме көмектесіп жүрмін, – деді Рамазан мақтанып.

– Әкелерің жоқта көмектеспеуші едіңдер. Бүгін тәртіпті боп қалыпсыңдар. Қарашы, бұлардың қулығын, – деді әжесі үстілерінен шағымданып.

– Әже, сізге де көмектесіп жүрміз ғой, – деді Дидар бұртиып.

– Әже, мен әнеугүні көмектестім ғой. Ұмытып кеттіңіз бе? – деді Рамазан да.

– Ой, сенің былдырлаған тіліңнен айналдым! Иә, сен әлің жетпесе де ылғи қасымда жүресің. Анау ғой, дардай болғанымен ісі жоқ, кей күндері үйден шықпай қояды, – деді әжесі.

Әкесі Дидарға көзін алартып бір қарап қойды. Ол «көмектесіп жүрміз ғой» деп тағы бір күңк етті.

– Әже, біз бұдан кейін де сізге көмектесеміз, – деген Рамазан әжесінің мойнына асыла кетті.

– Міне, мені өстіп алдап қояды ғой бұлар, – деді әжесі немересін құшағына алып.

Олар шелекпен ұсақ малдарды суғарып болған соң сиырларды жетектеп, арыққа қарай алып жүрді. Соңдарынан Рамазан да ерді.

– Әке, – деді ол сәлден кейін бағана үзіліп қалған әңгімені қайта жалғап. – Аяз ата шынымен бар ғой, иә?! Ол алыста, ну орманның ішінде тұрады ғой? Ол біздің мектепте өтетін жаңа жылдық шырша кешіне келе алмайды. Өйткені оның басқа да жұмысы көп, иә, әке?

Кішкентай болғанмен өзі сөзшең. Аузында тыным жоқ. Әр нәрсені сұрап, білгісі келеді. Сөзінің соңында «иә» деп өз айтқандарын мойындатып қоятынын қайтерсің. Соны білетін әкесі:

– Иә, балам. Аяз ата өте алыс елде, орманда тұрады. Өзің айтқандай, олардың жұмысы тым көп.

– Білем, әке. Мен кеше Аяз атаның қайда тұратынын, не істейтінін теледидардан көрдім. Олардың әдемі бұғылары бар екен.

Ол деректі фильм әкесінің де есінде. Екеуі бірге отырып тамашалаған-ды. Соны сөз етіп тұрғанын біліп, ұлының басынан сипап, бауырына тартты.

– Бірақ, әке... бұғылар ұшпайды ғой, иә?

– Бұғылар ертегілерде ғана ұшады, – деді Дидар.

– Дидар дұрыс айтады. Бұғылар ұшпайды. Оны өзің де біліп тұрсың. Егер жақсы оқысаң, бұдан да көп білесің, – деп әкесі Рамазанға қарап жымиды.

– Иә, әке, мен бұдан кейін бұрынғыдан да жақсы оқимын, – деді Рамазан нық сеніммен.

Ұқсас жаңалықтар