«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құттықтау!

Құттықтау!
Ашық дереккөз
Құрметті жамбылдықтар! Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз!

Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін қарқынды еңбек, үлкен жетістіктер мен толайым табыстарға толы болды. Біз түрлі сынақтар мен қиындықтарды ел болып еңсердік.

Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Қастерлі Отанымызды өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда.

Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөз бар. Биыл жамбылдықтардың бекем бірлігі мен ортақ күш-жігерінің арқасында барлық салада оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Алға қойған мақсат-міндеттеріміз жүйелі түрде орындалды.

Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 814,7 миллиард теңгені құрады.

454,2 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. 29,1 миллион АҚШ долларына 151,3 мың тонна ауыл шаруашылығы тауарлары экспортталды. 464 техника сатып алынып, жаңару деңгейі 8,2 пайызға артты.

225,7 миллиард теңгеге 48 инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл 1 621 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Халықты жұмыспен қамтудың жоспары асыра орындалды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 58,5 мың адам тартылды. Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасына сәйкес 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

2024 жылы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілді. 14 білім беру, 22 денсаулық сақтау, 6 мәдениет, 113 спорт нысаны ашылды.

635,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыс халқын газдандыру деңгейі 91,3 пайызға, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,1 пайызға жетті. Келер жылы газбен қамту көрсеткішін 91,5 пайызға, таза ауыз сумен қамтуды – 100 пайызға жеткізу міндеті тұр.

Құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 710 шақырым жол қамтылды. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99 пайызды құрады. 168 бірлік жаңа қоғамдық көлік сатып алынды.

Жамбыл облысының ілгері дамуы үшін атқарылып жатқан жұмыстың бұл бір парасы ғана.

Құрметті жерлестер!

Жаңа жылға үлкен үмітпен қадам басқалы отырмыз. Алдымызда өте маңызды әрі ауқымды міндеттер тұр!

Президент Жарлығына сәйкес 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланып отыр. Өңірде еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, олардың жетістіктері кеңінен дәріптелетін болады.

Төрімізге қадам басқалы тұрған Жылан жылы барлық берекелі бастамаларыңыз сәтімен орындалсын! Еліміз құлашын кеңге сермеп, жарқын жетістіктер мен жаңа биіктерді еңсере берсін!

Баршаңызға зор денсаулық, қуаныш пен шаттыққа толы тағылымды ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке, ашық аспан, шуақты күндер тілейміз!

Жаңа жыл құтты болсын!

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ,

Жамбыл облысының әкімі.

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар