«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғылым және жоғары білім вице-министрі өңірге іссапармен келді

Ғылым және жоғары білім вице-министрі өңірге іссапармен келді
Ашық дереккөз
Бүгін Құлан агротехникалық жоғары колледжінің ғимаратында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Т.Рысқұлов ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, аудан әкімі Ернар Есіркепов пен зиялы қауым және түрлі қоғамдық қауымдастық өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.

Кездесуде Талғат Ешенқұлов ғылымға қаржы бөлу, оқытудың жаңа бағдарламалары және ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға баса назар аудару жөнінде атқарылып жатқан жұмыстармен халықты хабардар етті.

Оның сөзінше, кадр  даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл санап артып келеді. 2024-2025 оқу жылына 94,2 мыңнан астам грант бөлінген. Оның ішінде 78,2 мыңнан астамы бакалавриатқа, 13,1 мыңы магистратураға және 2,9 мыңы докторантураға берілген. Сонымен қатар, жаңадан құрылған және халық тығыз қоныстанған облыстардың, батыс өңірлердің жастарына жыл сайын 5 мың нысаналы білім беру гранты бөлінбек

Талғат Ешенқұлов 2024-2025 оқу жылында ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар бөлу бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы» Заң жобасы ҚР Парламенті Сенатының екінші оқылымында мақұлданған. Ендігі ҚР Президентіне қол қоюға жіберілмек.

Министрліктің атқарған жұмысын жергілікті жұртқа кеңінен баяндаған шенеунік ынтымақтастықты дамыту және оқытудың инновациялық технологияларын қолдану мақсатында Coursera, Huawei Technologies Kazakhstan, Binance Kazakhstan сияқты ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылғанын да айтты. Нәтижесінде Huawei сертификатталған курстарын ұсыну үшін 40 ЖОО базасында Huawei ICT Academy құрылған.

Бұдан соң тұрғындар министр орынбасарына көкейіндегі сұрақтарын қойды. Тұрғындарды мазалаған жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу бағыты бойынша жеңілдіктер қарастыру мәселесі екен. Ғылым және жоғары білім вице-министрі бұл мәселені шешу үшін арнайы жоба іске асырылып жатқанын айтты. Мұнан кейін елімізде шетелдік ЖОО филиалдарының ашылуы бойынша бірқатар ой-пікір айтылып, тұрғындар кейбір салардағы кадр тапшылығына алаңдаушылық білдірді.

Шенеунік аталған мәселерді шешу күн тәртібіндегі міндеттің бірі екенін жеткізді.

- Озық кадрлық қамтамасыз ету жүйесін енгізу мақсатында «Мамандығым – болашағым» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 20 өңірде жобаны іске асыру бойынша өңірлік жол карталары бекітілді. 9 өңірде: Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Ақмола облыстары және Жетісу өңірі, Астана және Алматы қалалары бойынша 45 сала бойынша кадрларға сұраныстың өңірлік карталары әзірленді. Қазіргі уақытта 5 өңірде – Алматы, Атырау, Қостанай, Түркістан облыстарында және Ұлытау өңірінде өңірлік картаны әзірлеу жүзеге асырылуда. Жұмысты аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған. Нәтижесінде ЖОО-лар қажеттіліктердің өңірлік карталарын ескере отырып, 900-ден астам білім беру бағдарламасын өзектендірді, оның ішінде еліміздің 50 ЖОО жоба шеңберінде 440 жаңа ББ енгізді,- деді Ешенқұлов.

Жиын соңында Ғылым және жоғары білім вице-министрі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Ұқсас жаңалықтар