– Мемлекет басшысы ел спортының өркендеп, әлемдік аренада қазақ спортшыларының биік дәрежеде өнер көрсетуіне айрықша қамқорлық жасап отыр. Жалпы, өтіп бара жатқан жыл жамбылдық спортшылар үшін жарқын сәттермен есте қаларлық, табысты жыл болды деп есептейміз. Жамбылдық спортшылар республикалық және халықаралық спорттық ойындарда облысымыздың спортшылары 1 800-ге жуық медальға ие болды. Оның ішінде, Парижде өткен 33-ші жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Елдос Сметовты, паралимпиаданың күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалиды айрықша атап өтуге болады. Қасиетті Жамбыл топырағынан көптеген атақты спортшылардың шыққаны төрткүл дүниеге белгілі. Олардың алдыңғы қатарында Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев, Болат Жұмаділов, Евгений Яровенко, Ақжүрек Таңатаров, Ислам Байрамуков пен Зульфия Габидулина сияқты көптеген даңқты спортшыларымыз бар. Жуырда елордамыз Астана қаласында өткен республикалық үздік спортшыларды марапаттау шарасында Елдос Сметов «Жылдың үздік спортшысы», ал чемпионның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев «Жылдың үздік жаттықтырушысы» атанды. Сондай-ақ, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үздік спорттық өңір» номинациясын иеленді, – деген Ербол Шырақпайұлы келер жылдан бастап Олимпиада ойындарында басымдық берілген бес бағыт бойынша облысымыздың ересектер құрама командасын толықтай спорттық киіммен қамтамасыз ету үшін қаржылай қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бұдан кейін, байрақты бәсекелерде егемен еліміздің абыройын асқақтатып, жоғары нәтижелерімен көзге түскен үздік спортшылар марапатталды. Бұл күні құрыш білекті палуандар мен шойын жұдырықты боксшыларға және жүйрік желаяқтарға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Юсуф Ашрапов (грек-рим), Аяна Иса (олимпиадалық емес спорт түрі), Құрманбек Тұрғанбек (ұлттық спорт) пен Жұмағали Нұрдәулет (паралимпиадалық спорт түрі) «Үздік жас спортшы» номинациясына лайық деп танылды. Ал, Ғалымжан Жылгелдиев (дзюдо), Мұхтар Бердімбетов (бокс), Асылжан Байзақов (грек-рим), Ғани Назымбеков (еркін күрес), Ерлан Сембеков (олимпиадалық емес спорт түрі), Еркебұлан Абдиров (ұлттық спорт) және Саттар Бейсембаев (паралимпиадалық спорт түрі) үздік жаттықтырушы атанды. Сондай-ақ, шара барысында бокстан Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында жүлдегер атанған спортшылардың жеке бапкерлері Нұрлан Ақүрпеков пен Ермек Ертаевқа арнайы сертификат табысталды.
Айта кету керек, бүгінде 885 жерлес спортшы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командалар сапында өнер көрсетуде. Олар ел намысын абыройлы қорғап, Әлем, Азия чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Бұл ретте Марат Жахитов, Дамир Буданбеков, Нұрлан Ақүрпеков пен Ахмет Жұмағұлов сынды білікті бапкерлер өлшеусіз еңбек сіңіруде. Еске салсақ, қыркүйек айында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 17 спортшымыз қатысып, 18 медальға ие болған еді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді