«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ киносының қазіргі ахуалы қандай?

Қазақ киносының қазіргі ахуалы қандай?
Ашық дереккөз
Бүгінгі таңда еліміздегі киноиндустрия саласында серпін байқалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отандық режиссерлер кеңестік комплекстер мен сол кезден қалған синдромдардан құтылу жолын іздеді. Нәтижесінде жеке киностудиялардың көмегінің арқасында бас-аяғы 14 көркем фильм көрермендерге жол тартты. Бұдан кейінгі жылдары киноиндустрия өндірісі мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен өзгелермен терезесі тең күй кешті. Бұл жылдары кино өнеріндегі негізгі тақырыптар тарихи әділеттілік, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі мен егемен ел атанған тұстағы өмірдің өзгерістерін қамтыды.

1997 жылы Орта Азия елдерінде тоқырауға ұшыраған осынау сала жаңа ғасырда қайта жаңғыру кезеңіне қадам басты. Ал, қазір қазақ фильмдері негізгі үш бағытта өрбіп келеді. Атап айтсақ, олардың алғашқысы еntertaіnment бағытындағы – адамның көңіл-күйін көтеретін коммерциялық туындылар. Екінші бағыт – идеологияны насихаттауға бағытталған мемлекеттің арнайы тапсырысымен түсірілген фильмдер. Сондай-ақ, үшінші бағыт – нағыз өнер туындысы есептелетін Art House жанры. Алайда, дәл осы кезеңде киногерлер алғашқы бағытқа айрықша көңіл бөлген соң, тек қана қаражат табуды көздеген қазақ пен орыс тілі аралас туындылар экранға көшіп алды.

Бұл мәселені бірер апта бұрын Парламент Сенатының пленарлық отырысында депутат Руслан Рүстемов те көтеріп, қазақ киносы мен телебағдарламаларда ана тілін шұбарлау, сленг, жаргон сөз қолдануға қарсы бірнеше ұсынысын ортаға салды. Оның айтуынша, қазақ киносы көбейгенімен, сапасы сын көтермей тұр. Әсіресе, кинода аралас тілде сөз қолдану үрдісі белең алып барады. Мұны көрермендердің бір тобы реалистік оқиға деп қабылдаса, екінші топ ана тілінің қолдану аясын тарылту деп ұғып жүр. Осылай деген сенатор аралас тіл қолданыстары қазақ тілінің тазалығын сақтауға зиян тигізіп жатқанын айтты. Депутат осы мәселелерді шешу үшін отандық фильмдердің идеологиялық және әдеби сапасына ерекше назар аудару қажет екеніне тоқталды.

– Қазақ киносы тілінде қалыптасқан әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерді шешу мақсатында бірқатар ұсыныстарды қолдауыңызды сұраймыз. Отандық кино өнімдеріне әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнату мақсатында кино түсіру саласына мемлекеттік лицензиялауды енгізу қажет. Кино мен телеиндустриядағы тілдік мәдениет мәселелерін реттеу мақсатында кино және сахна тілін қадағалау функциясы енгізілгені жөн. Қазақ киносының тілін көркем әдеби стильге негіздеп, мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуын заңнамалық қамтамасыз ету, қазақ тілінде кино түсірушілерге арнайы тілдік курстар өткізу, кенжелеп қалған кино сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірлерін жариялайтын арнайы журналдар шығару қажет. Шетел киносының прокатынан өндірілген салықтың белгілі бір бөлігін ұлттық киноны дамытуға жұмсауды, мемлекеттік тапсырыс аясындағы киноның барлығын тек мемлекеттік тілде түсіруді заңнамалық қамтамасыз етуді және ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптамалық кеңестің қызметін заңнамалық тұрғыда қайта өзектендіруді сұраймын, – деді Руслан Рүстемов.

Естеріңізде болса, 2008 жылы қазақстандық кинематография саласын «Рэкетир» фильмінің премьерасы дүр сілкіндірген еді. Ақан Сатаев режиссерлік еткен бұл фильм көрермен мен кинотанушылар тарапынан да үлкен мадаққа ие болды. Алайда, дәл осы туындының өзінде кәсіби актерлер бейпіл сөздерден бөлек, қазақ тілі мен орыс тілінің араластыра сөйлегені жасырын емес. Осы себепті, уақытында көрермендерге ұнаған кассалық туынды мамандардың сынына ұшырады.

– Бүгінде жарық көрген көптеген кинолардағы кейіпкерлердің бір тобы қазақ тілінде сөйлесе, екінші бөлігі өзара орысша шүлдірлесе беретін болды. Мәселен, «Ағайынды» атты фильмде ауылда тұратын жас қыз бен жігіт өзге тілде сырласады. Баян Алагөзова, Нұртас Адамбай мен Нұрлан Қоянбаев сияқты азаматтардың қолтаңбасы қалған туындыларда да қазақша мен орысша араласып жүр. Әрине, көрермен кинодан шынайылықты талап етеді. Ендеше, кино барынша шынайы шығуы үшін ең әуелі кейіпкердің сөйлеу мәнері шынайы болғаны абзал. Өкінішке қарай, киноөндірісіміз қазақы әуезден ажырап барады. Қазіргі көп актерлерде қалалық акцент басым. Кинотуындыда қазақы ырғақ, үн мен әуез жоғалып бара жатқандай. Рас, кейінгі жылдары жарық көрген «Анаға апарар жол» және «Томирис» фильмдері салмақты дүниелердің бірегейі. Кино өнерімізді кассалы етеміз деп тіліміздің парша-паршасын шығармаймыз десек, дәл осындай фильмдерді түсіруге мықтап қолға алу керек, – дейді кинотанушы әрі киносыншы Дулат Оспанғали.

Қорыта айтқанда, кез келген кино арқылы белгілі бір саясат жүргізіп, түрлі идеологияның басын біріктіруге болады. Нақтылай түссек, көгілдір экран ұлттың санасын жандандырып, тіпті, уландыра да алады. Мұндай сәтте Оралхан Бөкейдің «Атаукере» повесін қайта парақтасаңыз жеткілікті. Дәл осы шығармада автор будандастырылған аралар туралы шебер әңгімелейді. Шығарманың өзегі – Алтай мен Америка араларының «қауіпті буданы». Бұған дейін балын гүлден жиған Алтайдың тегі таза аралары Американың араларымен будандасқаннан кейін қоқыс аралап кетеді. Осылайша, өзінше сүйкімді жаратылған кішкентай ғана жәндіктер тұмса табиғатпен жалғасқан тіршілік желісінен ажырайды. Ең соңында ызыңы да өзгеріп, әлгі қауіпті будан күндердің бір күнінде Ерік есімді бас кейіпкердің анасын шағады. Нәтижесінде бойына тараған уытты удан әжей жан тапсырады. Өкінішке қарай, бұл күні қос тілді шалажан кинолардың салдарынан ана тілімізге осындай зор қауіп төніп тұр.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар