Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңір экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісінің үлесі 19, ал ондағы өңдеу секторы 65,5 пайызды құрады. Жалпы, аймақта 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етеді. Сонымен осы жылдың 11 айында өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 814,7 миллиард теңгені құрап, өсім 101,3 пайызға жетті. Ал, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 105,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде 533,7 миллиард теңге өнім шығарылды.
– Аймақтағы өңдеу өнеркәсібінің драйверлері – химия мен құрылыс салалары. Өңірімізде фосфордың 100, минералды тыңайтқыштардың 81пайызы өндіріледі. Қаңтар-қараша айларында салада 240,2 миллиард теңге өнім өндіріліп, экспорттың 77 пайызын қамтамасыз етті. Енді алдағы уақытта облысымызда инвестициялық бірнеше жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтар болсақ, «Yildirim Holding» компаниясы кальцийлендірілген сода, «Eврохим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – минералды тыңайтқыштар, «Karatau Chemicals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иросульфит натрий өндіретін зауытының құрылысын жүргізуді, ал «TALAS INVESTMENT COMPANY» ЖШС натрий цианидінің өндірісін екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Жалпы, бұл жобалардың құны 710 миллиард теңгені құрайды. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде салада жаңа өнім түрлері өндіріліп, сонымен қатар экспорт көлемі ұлғаятын болады, – дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, құрылыс саласында биыл 53 миллиард теңге өнім өндіріліп, өсім 100,5 пайызды құраған. Құрылысын аяқтаған бірқатар өнеркәсіп нысандары толық қуатына шығу үшін жұмыс істеуде. Мәселен, облыста гипс пен портландцементтің едәуір бөлігін өндіреді. Жылдық қуаты 1,5 миллион тоннаны құрайтын «KORCEM» цемент зауыты іске қосылып, цемент өндірісі көлемін 3 миллион тоннаға жеткізуді межелеп отыр. Құрылыс материалдарына сұраныстың өсуін ескере отырып келесі жылы «Alit Holding» ЖШС-гі құрғақ құрылыс қоспалары өндірісін, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-гі гипсокартон шығаратын зауыт құрылысын бастайды. Жобаларды іске асыру өнім ассортиментін 12 атауға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, олардың қатарында гипсокартон, құрғақ қоспалар, тілім-түйінді тақталар, құрылыс желімдері және тағы басқалар бар. Өткен сегіз айының қорытындысына қарайтын болсақ, облыста өңделген тауарлар экспортының көлемі 178,7 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 139,5 пайызға артқан.
– Биылғы 1 желтоқсанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 104278-ді құрап, осы жылға қойылған меже (85 мың адам) 22,7 пайызға артығымен орындалды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 164607 адамнан асып, қойылған меже (153,3 мың) 7,5 пайызға өсті. Кәсіпкерлер тарапынан 595,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,9 пайызға артқан. Ал, қаржы институттары арқылы 38647 кәсіпкерге 154,5 миллиард теңге үлестірілген. Бұл қаражаттың 72,3 пайызы екінші деңгейлі банктер, 6,5 пайызы «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниялары, 21,2 пайызы микроқаржы ұйымдары арқылы несиелендірілді. Осы арқылы 1766 жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды. Ал, «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 1136 жоба қаржыландырылды. Жалпы бұдан өзге де кәсіпкерлік салада мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясында қаржыландырылған жобалар өте көп, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.
Мемлекет тарапынан қабылданған көптеген жобалар мен бағдарламалар бүгінгі таңда өз жалғасын табуда. Бұл ең алдымен өңірімізде қолға алынған жобалардың табысты жүзеге асуына жол ашқаны белгілі. Мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру болатын. Бағдарлама қаржылық қолдаудан басқа, инфрақұрылымды дамытуға да бағытталған. Осының аясында жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік берді. Мәселен, облыста ұйымдастырылған форумда инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Түркия және басқа да шетелдік алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 80 миллион АҚШ долларын тарту индикаторы бекітілді.
Биылғы IІ тоқсанның қорытындысы бойынша облысқа 21,7 миллион АҚШ доллары тартылған болатын. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға 2,1, өңдеу өнеркәсібіне 5,8, құрылысқа 1,6, басқа да салаларға 6,7 миллион АҚШ доллары тартылған. Бұдан бөлек, ірі шетелдік кәсіпорындармен «Еврохим-Қаратау» – 35, «Qazaq Soda» – 25, «Корцем» – 10, «Шағала майнинг» – 10 және «Қаратау кемикалс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен 10 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған.
Ал, осы жылдың 11 айында облыстың негізгі капиталына 415,3 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның 75 пайызы жеке инвестицияларға, 25 пайызы бюджеттік инвестицияларға тиесілі. Мәселен, өнеркәсіп саласына – 165,5, ауыл шаруашылығы – 14,8, көлік және жинақтау – 48,8, жылжымайтын мүлікпен операцияларына – 76,4 және туризм саласына 14,4 миллиард теңге қаралған. Осы жылдың қорытындысымен 550 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 1,5 пайызды құраған.
– Облысқа жаңа инвесторларды тарту мақсатында отандық және шетелдік кәсіпкерлермен 110 кездесу өткізіліп, 18 келісімшартқа қол қойылды. Нәтижесінде 2024-2028 жылдар аралығында жалпы құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын 80 жоба әзірленді. Бұл жобалар іске асырылған кезде 6 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ал, биыл жобалық құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және 1453 жұмыс орнын құру жоспарланған болса, бүгінгі күні құны 207 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба іске қосылып отыр. Осы жобалардың аясында 674 жаңа жұмыс орындары ашылды. Жыл соңына дейін құны 7 миллиард теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жоспарлануда, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы. Сауда саласында да айтарлықтай жетістік бар. 11 айда сауда көлемі 871 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға артқан. Оның ішінде, бөлшек сауда айналымы 475,5 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылдың 11 айында 3,9 пайызға өсті, ал көтерме тауар айналымы 393,6 миллиард теңгені құрап, 1,5 пайызға жоғарылаған. Сыртқы сауда айналымы осы жылдың 10 айында 681,3 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға төмендеген, оның ішінде экспорт 267,1 миллион АҚШ долларын құрап, 61,7 пайызға артқан, ал, импорт керісінше 24,9 пайызға азайып, 414,2 миллион долларды құрады. 2023 жылмен салыстырғанда есепті кезеңде экспорт көлемінің артуы пияз экспортының – 2,2 есеге, мақсары майының – 27,5, барий сульфатының – 99,4, фосфордың – 100, портландцементтің – 13, ал бейорганикалық химия өнімдерінің 6,5 пайызға ұлғаюы есебінен болған. Жалпы, 10 айда сауда саласына салынған инвестициялар 15,6 миллиард теңгені құрап, ауданы 9557,64 шаршы метр болатын 12 ірі сауда орталығы салынып, 500-ден астам кәсіпкер заманауи форматтағы сауда орындарымен қамтылған. Интернет ресурстары арқылы онлайн саудамен айналысатын заңды тұлғалардың саны 120, жеке кәсіпкерлердің саны 6536-ны құраған. «2023 жылы маркетплейстерді ескере отырып, бөлшек электрондық коммерция (ішкі нарық) нарығының көлемі 21,9 миллион теңгені құрады, оның ішінде өз интернет-ресурсы арқылы қызметтерді сату көлемі 1,9 миллион теңге болды (8,7%). Ал, бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауданың үлесі (ішкі нарық) 2023 жылғы маркетплейстерді ескере отырып 4,6 пайызға жетті. Бұған қоса, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында келесідей жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 4 тоқсанға 200 баға ұсынысы алынып, облыс әкімдігінің қаулысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының шекті мәні бекітілді, ал 2025 жылдың 1 тоқсанына бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Статистика департаментімен бірлесіп, азық-түлік бағасына аптасына 2 күн мониторинг жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылдың басынан ӘМАТ-ның 8 тауар түріне 166,3 тонна және 1340 мың интервенция ұйымдастырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын алдағы мерекеде тұрақтандыру мақсатында қарақұмық, күріш, ұн, картоп, қырыққабат, күнбағыс сұйық майы, сәбіз, жұмыртқа облыстағы көптеген дүкендерге үлестірілді. Мереке күндері ӘМАТ тауарының баға өсімін болдырмау мақсатында ірі сауда желілеріне, дүкендерге қосымша интервенция жүргізіліп, тиісті бақылау күшейтілетін болады», – дейді басқарма басшысы.
Ал, жыл басынан тұрақтандыру қорының 10 комиссиясы және делдалдық комиссияның 96 отырысы өтіп, 15 тауар түрі бойынша 117 құқық бұзушылық фактісі анықталған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемақыны асырмау бойынша биыл сауда желілерімен 1745 меморандум, өндірушілермен 44 меморандум жасалған. Төтенше жағдай кезінде алғашқы азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша 32 меморандум бар. 2024-2025 жылдарға қысқы, көктемгі маусымаралық кезеңге көкөністер бойынша жалпы 7797,1 тоннаға форвардтық келісім-шарт жасалып отыр. Аудан және қала әкімдіктері жыл басынан 1492 сауда дүкеніне азық-түлік бағасы бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіпті.
Соңғы жылдары облыс кәсіпкерлері арасында туризм саласына инвестиция салу белсенділігі артып келеді. Осы жағдайға сәйкес соңғы уақытта (соңғы екі жылда) 6 туристік объект іске қосылып, олар облыс тұрғындары мен қонақтарына табысты қызмет көрсетуде. Оның қатарында Жуалы ауданындағы тау шатқалдарында орналасқан «Көксай», Жамбыл ауданында «Алмалы» демалыс аймақтары, Тараз қаласында ашылған «Zerbulaq» аквапаркі сияқты ірі туристік нысандар бар. Сонымен қатар, аймақта «Grand Way Hotel» қонақ үйі, жол бойындағы «Royal Petrol» сервистік кешендер саны да артқан. Бұдан бөлек, облыс аумағында жалпы жобалық құны 16,4 миллиард тенгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде «Ежелгі бекініс» құрылысын салу, «South Holiday» демалыс орталығы, Меркі ауданында бір, Т.Рысқұлов ауданында төрт, Қордайда бір, Жуалыда бір, Байзақта екі, Жамбылда екі жоба жоспарланған.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында 5 туристік инфрақұрылымдық жобаны іске асыру пысықталуда. Қорытындысында «Көксай resort» (18 километр автожол, 24 километр газ құбырын тарту), «Алмалы» (12,5 километр автожол, 16,3 километр газ құбырын тарту), сонымен бірге бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Таскөл» (2,8 километр автожол) демалыс аймақтарына алып баратын автожолдар салынып, аталған туристік аймақтарды табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерін туризм саласына тарту, оның ішінде сервистік қызмет көрсету орындарын ашу, туристік объектілер жанынан халықаралық стандарттарға сай санитарлық-гигиеналық тораптар орнату, туристерге қызмет көрсету жұмыстарын сапалы жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында биыл 17 кәсіпкерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген.
– Облыстың туристік әлеуетін жарнамалау және туристерді тарту мақсатында биыл 15 ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, оның ішінде «Көктем көркі – қызғалдақ» экспедиция-фестивалі, «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі, ақпараттық турлар, балалар мен жасөспірімдер туризмін қамтитын «Живые уроки» және «City bus» жобалары және тағы басқа іс-шаралар бар. Бұл іс-шараларға 10 мыңға жуық адам қамтылды, оның ішінде 2 мыңнан астамы жастар мен мектеп оқушылары, 2300-ден астамы шетелдіктер, 7 мыңға жуығы облыс тұрғындары. Өткізілген іс-шаралар аясында 30 шеберлік сабақтар, семинарлар, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда әлемнің басқа елдері мен еліміздің басқа өңірлерінен келген эксперттер туризм саласындағы табысты тәжірибесімен алмасты. Бейжің (Қытай), Доха (Катар), Самарқан (Өзбекстан), Астана, Алматы қалаларында өткізілген ірі халықаралық форум, көрмелерде облыстың туристік әлеуетінің таныстырылымдары өткізілді. Бүгінгі күні облысқа қарасты әр аудан аумағында арнайы туристік маршруттар әзірленуде. Әзірленген туристік маршруттар бойынша балалар мен жасөспірімдерге танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Биылғы 3 тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 151110 турист келген. Туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 138 пайызға артқан. Оның ішінде 2471 шетелдік, 148639 еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер бар. Алдағы жылы облысқа келетін туристер санын арттыру мақсатында нақты жоспарлар құрылды. Көзделген мақсат – жаңа туристік нысандар ашу, оның ішінде 2 геопарк құру. Қолөнер саласын дамыту. Өңірдің туристік әлеуеті мен туристік мүмкіндіктерін жарнамалау мақсатында 10 имидждік іс-шаралар өткізу, туристік нысандарды цифрландыру, «Taraz Tour» мобильді қосымшасын өзектендіру. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет басшылары кеңесінің отырысына «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық бағдарламасын іске қосуды ұсынған болатын. Жыл сайын ТМД елдерінің түрлі қалаларында бүкіл Еуразиялық өңірдің қолөнершілері мен шаруаларын шақыра отырып, сауда іс-шараларын өткізуді және алғашқы көрмені Таразда қабылдауды тапсырды. Осыған сәйкес, бізде дайындық жұмыстары басталып кетті. Алдағы жылдың тамыз айында ТМД елдері өкілдерінің қатысуымен Ынтымақтастық жәрмеңкесін ұйымдастырып, өткізу бағытында тиісті шаралар қабылданып, ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.
Ең бастысы – сан тараптан инвестициялар тартылуымен сан салада баламасы жоқ бірегей кәсіпорындар бой көтеруі, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңір жұртшылығының тұрмысы түзеліп, бақуаттана түсуіне өз септігін тигізуде. Жамбыл жерінің бар байлығы ел игілігін еселеуге – кәдеге жаратыла бастауы қуантады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді