«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихи Тараз үшін маңызды құжат қабылданды

Тарихи Тараз үшін маңызды құжат қабылданды
Ашық дереккөз
Тараз қаласы әкімі аппаратының мәжіліс залында қалалық мәслихаттың кезектен тыс 24-ші сессиясы өтті. Сессияға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық әкімдік бөлімдерінің және мекемелерінің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия отырысын қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай ашып, жүргізді. Күн тәртібінде қаланы екі ауданға бөлу және жаңа атау беру мәселесі қаралды.

– Біздің қалалық мәслихат депутаттарының жұмыс істеп келе жатқанына бір жыл, сегіз айдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында қаланың даму жоспары мен өркендеп көркеюіне өз үле сімізді қостық. Ендігі кезекте Тараз қаласын екі ауданға бөлу біздің еншімізге тиіп отыр. Бүгінгі күні Тараз қаласымен іргелес жатқан Байзақ пен Жамбыл аудандарынан қалаға 14 елді мекен қосылды. Бүгін біз қабылдайтын шешім Тараз қаласы үшін тарихи сәт деп білемін, – деді Кенжебек Олжабай.

Бұдан кейін, баяндама жасау үшін сөз Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрлан Бекжановқа берілді. Баяндамашы қалаға қосылатын 14 елді мекеннің жер көлемін, тұрғын санын, шекараларын, жаңа құрылатын екі аудан шекараларының аумағымен таныстырып, өз саласына қатысты бұл бағытта атқарылған жұмыс қорытындысын баяндап өтті. Бұдан соң, сөз алған қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева жаңа құрылатын аудандарды Әулиеата және Жібек жолы деп атау туралы ұсыныспен таныстырды. Бұл атаулар депутаттар тарапынан бірауыздан мақұлданды.

Жиын қорытындысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сөз сөйледі.

– Бүгін тарихи, үлкен жауапкершілік артылған маңызды күн болды. Қаланы екі ауданға бөлу туралы мәселе 2022 жылы басталып, екі жыл зерделенді. Шынын айтқанда, бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. 14 елді мекен тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Әрбір елді мекеннің жағдайы жеке- жеке қаралып, арнайы жол картасы әзірленді. Бірде-бір елді мекен назарымыздан қалған жоқ. Бүгінгі күні Тараз қаласында қандай жұмыстар атқарылған болса, ол жұмыстар қалаға жаңа қосылған елді мекендерде де жүргізілетін болады. Сонымен қатар, бүгін болашақты айқындайтын, басқару тиімділігін артыратын маңызды құжат қабылданды, – деген Бақытжан Орынбеков алдағы уақытта атқарылатын жобаларымен бөлісіп, оң шешім қабылдаған қалалық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар